Оқырманнан он сұрақ

Шұғыла САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: ҚАЗАҚТЫҢ БИI – БОЙТҰМАРЫМ

шугула 2 (2)

– Ұлтымыздың нағыз би өнерінің құдіретін барша дүние жүзіне таныттыңыз. Қазақ биін шетелде қалай қабылдайды?

Ғазиза, ЕҰУ студенті

– Өте жақсы. Қазақ биінің өзіне тән ерекшелігіне тамсанып, құрметтейді. Бірақ қазақтың би өнеріне өзгелер қызыға қарағанымен, өзіміз мән бере алмай жатамыз. Қазақ биі үшін жаны күйіп, шыр-пыр болып жүргендер санаулы-ақ. Сенесіз бе, Қазақстанда қазақ биін билейтін, оны үйрететін мамандар тапшы. Биші көп. Бірақ қазақтың шынайы, өзіндік биін билейтіндер аз.

 

– Сіздің сахнаға алып шыққан «Бөртенің биі» мен «Патша құс» биіне таңданбай,  тамсанбай қарау мүмкін емес. Сондай-ақ, кеселермен де билейтін едіңіз. Мұндай ерекше биді қанша жасыңызда және кімнен үйрендіңіз?

Динара, психолог

– Мұның еш қиындығы жоқ. Бұл – өз кәсібін сүйген, дұрыс жаттыққан адамның бәрінің қолынан келетін іс. Бар құпиясы «1 пайызы – талант, 99 пайызы – еңбек» деген қағидаға саяды. Сосын Пекинде би факультетінде сабақ берген мықты ұстаздарымның еңбегі деп білемін.

 

– Қай елдің биін билегенді ұнатасыз? Қанша ұлттың би қимылдарын білесіз?

Шынар, медбике

– Бишілер де өз ішінде сан салаға бөлінеді. Біреулері ұстаз-биші, екіншілері режиссер-биші, үшіншілері сахналық орындаушы-биші. Орындаушы бишінің басқалардан ерекшелігі – би талғамауында. Оларды әу бас­тан әмбебап болуға тәрбиелейді әрі биді тез қабылдап алуға дағдыландырады. Сондықтан әр ұлттың биін билей береміз. Әрине, үйренуге қиынға соғатын қимыл-әрекеттер болады. Тіптен, жылдап меңгеретін тәсілдер де кездеседі. Бірақ кәсіби биші болғаннан кейін біз бәріне дайынбыз. Бірақ, қай елдің сахнасында өнер көрсетсем де, ең алдымен қазақ биін билеймін. Қазақтың биі – бойтұмарым.

 

– Көптеген бишілер кәсібінің денсаулығына тигізетін зияны туралы айтып жатады. Сіздің денсаулығыңыз қалай?

 Мақсат, оқырман

– Біз спортшылар секілдіміз. Би де спорт сияқты денсаулыққа өте пайдалы. Бірақ кәсіби түрде айналысатындарға өзіндік зиянын да тигізбей қоймайды. Қол-аяқтың сіңірлерін ары-бері созып, жаттығып жүрген жастық шақта ештеңе білінбейді. Ал, адамның жасы ұлғайған сайын бұрынғы жастық пәрмені азайып, бойынан күш-қайраты кетіп, жаттығуды да бәсеңдете бастайды. Әр буын мен сүйекке түскен салмақ сыр береді. Жаттығу кезінде, тіпті, кейде сахнада да бишілер жарақат алып жатады.

– Сіздің жарақат алған кезіңіз болды ма?

–  Әрине, онсыз бола ма?! Талай рет жарақаттанғанмын. Бірақ айтарлықтай ауыр емес.

 

– Қазіргі қазақ биінің дамуына көңіліңіз тола ма?

Самал, қала тұрғыны

– Біздің би өнеріміз дамып келе жатыр. Қазақ биінің өзіндік ерекшелігі мол. Қазақтың биі де ұлттық салт-дәстүріміз бен тұрмыс-тіршілігімізден туындаған. Өмірден алған әсеріңізден, күйініш-сүйінішіңізден ән немесе өлең-жыр тумай ма?! Би де сол сияқты. Бірақ бұндағы ішкі сезімдерді бейнелеу құралы – қимыл-қозғалыс. Әрине, ойды тілмен емес, қимылмен жеткізу – қиын нәрсе. Мысалға, өзбек биі дегенде, иық қозғалыстарынан-ақ біз оларды бірден ажыратамыз. Сол сияқты үнді биі болса, оны да бірден танимыз. Міне, сондай ұлттық нақышты бейнелейтін, басқа ұлттарға өзін таныстыратын би элементтері бізде де бар. Заман ағымына қарай біз ұлттық бейнені сақтай отырып, қазақ биін одан әрі дамытуымыз керек. Мысалға, мен білім алған оқу ордасында барлық ұлттардың биін үйретті. Бұнда бір халықтың биін үйретпес бұрын сол елдің тарихы, салт-дәстүрі, табиғаты, өзіндік ерекшелігі мен философиясы оқытылады. Сол халықтың болмысын ұққаннан кейін оның биін түсіну қиын емес.

 

– Әдемілігіңіздің сыры неде? Бишілер қауымы дене пішімдерін қалыпты, әдемі сақтау үшін жаттығумен қатар, қатаң диета да ұстанып жатады. Сіз қандай диета түрін ұсынасыз?

Мөлдір, косметолог

– Өз басым мүлде диета ұстамаймын. Өйткені, өзім дәмді тамақ жегенді жақсы көретін адаммын. Дене пішімімді ешқашан уайымдаған емеспін. Себебі, артық-кемді жаттығу арқылы-ақ қалыпқа келтіріп аламын. Мен билейтін билердің бәрінің техникасы өте ауыр. Оларды орындау үшін маған кәдімгідей күш керек. Ал бойымда күш болу үшін жақсы тамақтануым қажет қой. «Ас – адамның арқауы» демей ме?! Бетіме күтімді уақытымен жасаймын. Әйел болып жаратылғаннан кейін бұл – міндетті нәрсе. Оның үстіне халық ең алдымен сыртқы кескін-келбетімізге қарайды. Өзін құрметтеген адамды ел де қадірлейді. Өз басым сұлулықты ерекше бағалаймын.

 

– Өзіңіз биші болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба?

Айару, оқушы

– Әрине, бірақ биші болуыма ешкім ықпал еткен емес. Жалпы, отбасымызда менен басқа өнер адамы жоқ. Алла менің өмірімді бимен байланыстырды. Мен мұны маңдайыма жазылған тағдыр деп түсінемін. Баста­уыш сыныпта оқып жүргенімде би үйірмесіне бала қабылданып жатқандығын кездейсоқ естіп, елден қалмай мен де сол жерге бардым. Қателеспесем, тоғыз жас­та болатынмын. Бәрі ойламаған жерден басталып кетті. Ол кезде үлкен биші болуды емес, тек сыныптастарымның арасындағы ең үздігі болуды ғана ойлайтынмын. Бәрінен биік секіруді, өзгелердің қолынан келмеген іс-қимылдарды жасауды, жалпы, өте жақсы билеуді мақсат ететінмін. Осы талпыныспен оқыдым. Есейе келе балалық қызығушылығым кәсіби, білікті биші болу туралы арманға жалғасты. Бейжiңдегi Ұлттар университетiне түскеннен кейін биік шыңды бағындырған танымал биші болсам дедім. Бұл – Қытайдағы жоғары бiлiмдi бишiлер даярлайтын ең беделді оқу ордасы. Сол жерде би өнерінің қыр-сырын терең меңгерген бiлiктi мамандардан дәріс алдым. Негізі, арман мен дұрыс қойылған мақсаттың адамды биіктерге жетелейтіні рас. Бәрі осылай бас­талды. Оқуды бітіргеннен кейін Қытайдағы мемлекеттік теа­трда жұмыс істедім. Сонда жүріп талай мәртебелі халықаралық байқаулардың жеңімпазы болдым

 

– Жеке шығармашылық кешіңізді өткізбегелі  біраз жылдар өтті. Халық сізді сағынып қалды. Кешіңізді қашан өткізесіз?

 Мәрия, зейнеткер

– Кеш өткізуден, елге тамаша көңіл-күй сыйлаудан қашқан емеспін.  Құдай қаласа, мамыр айында Астана мен Алматы қалаларында өтеді.

 

– Қытай елінде туып, білім алып, бой жеттіңіз. Ол жақта наурыз мерекесін қалай тойлау­шы еді?

Дастан, оқырман

– Ешқандай ерекшелік жоқ. Ол жақта әр отбасы өз үйінде атап өтеді. Наурызкөже жасап, бір-бірін қонаққа шақырады. Ал, бізде наурыз тойын тойлауға жұрт тайлы-тұяғы қалмай мерекелік шеруге шығады. Жиылған жұрт ақын-жыршылардың, танымал әншілердің өнерін тамашалайды. Өз басым үшін Наурыз мейрамының орны ерекше. Күн жылынып, жерге көк шығып, тіршіліктің жанданатын кезі қатты ұнайды.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button