Жаңалықтар

«ШҰҒЫЛА» ШЫН ҰСТАЗДЫ БАҒАЛАЙДЫ

 ERA_3935

Кеше Астана қаласы Білім басқарма­сы­ның «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-прак­ти­калық орталығының ұйымдас­тыруы­мен
№62 мектеп-лицейде ұстаздар қауымына арналған «Шұғыла» фестивалі өтті.

Шараның мақсаты – елордалық білім беру мекемелерінде тер төгіп жатқан ұстаздар еңбегін жұртшылыққа көрсету, инемен құдық қазған мұғалімдердің имиджін көтеру, лайықты бағасын беру еді.

Осындай құрметке ие болып отырған білім мекемелері қатарында қалалық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми, интеллектуалдық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарды иеленген, Лондон қаласында өткен білім сайысында үздік жетістіктері үшін «Алтын тәж» иегері атанған №38 мектеп-лицейі, «Ұрпаққа ұлағат» бағдарламасы бойынша сан салада көш бастаған №40 орта мектеп, ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейлері, дарынды балаларға арналған «Зерде» мектептері бар.

Фестивальді өткізуге ұйытқы болған «Астана дарыны» орталығы директорының орынбасары Гүлмира Мырзалиева «Жарқын болашағымыздың мұрагері жастар десек, жастарға дұрыс білім мен тәрбие беру – мұғалімдерге жүктелген ауыр міндет. Осы себепті бұл фестиваль елордалық білім мекемелерінің үздік деген 408 жоғары санатты педагогінің құрметіне өткізілуде» деп, ұстаздар қауымын құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Ал, №63 орта мектептің мұғалімі Алма Мүкинова еңбектерінің еленіп, салтанатты түрде құрмет көрсетіліп жатқанына шын ризашылығын білдіріп, жеткен жетістік­терінен алда алар асуларының көп екенін айтты. Ұстаздық қызметке 30 жылын сарп еткен, өзі қазақ күресі мен дзюдодан спорт шебері М.Мусин: «Азия чемпионатында 2012 жылы қола жүлдесін алған шәкіртім Н.Адамбек – дзюдодан еліміздің 4 дүркін чемпионы» деп, шәкірттерінің Астана абыройына өзіндік үлес қосып жатқанын әңгімеледі.

Осылайша ұстаздарды ұлықтауға арналған «Шұғыла» фестивалі салтанатты құттықтау, ізгі тілектер мен балғын жеткіншектердің ән шашуына ұласты.

Жайық НАҒЫМАШ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button