Швед тәжірибесімен денсаулық сақтау саласын дамытады
Астанада Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Оспановтың қатысуымен «Медициналық деректердің негізінде денсаулық сақтауды трансформациялау. Швеция мен Қазақстанның болашағы: Қоғамдық денсаулық сақтаудағы зерттеулердегі, инновациялардағы медициналық деректер мен медициналық тіркелімдердің рөлі» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» барысында швед тәжірибесін тарту және денсаулық сақтаудағы цифрлық технологиялар саласында консультациялық-сараптамалық көмек көрсету мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында меншік нысанына қарамастан, барлық денсаулық сақтау ұйымдары үшін деректердің түпкілікті бақылауы мен объективтілігін қамтамасыз етуге тиіс бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құру міндетін қойды. Осыған байланысты Министрлік ресурстарды басқарудың ақпараттық жүйесін жаңғыртуды, медициналық ақпараттық жүйелерді жетілдіруді, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін толық интеграциялауды, медициналық деректердің бірыңғай қоймасын енгізуді қоса алғанда, 6 негізгі жобаны іске асыруда», – деп атап өтті форумға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Оспанов.
Сонымен қатар, ведомство цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, бұл МАЖ-ды оңтайландыру арқылы медициналық персоналға жүктемені азайтуға, дәрігер мен пациент үшін медициналық қызмет көрсетуді неғұрлым ыңғайлы және тиімді етуге мүмкіндік береді. Пилоттық жобада медициналық қызметтердің тіркелуін болдырмауға бағытталған пациенттерді цифрлық сәйкестендіру енгізілді, сондай-ақ “әлеуметтік әмиян”сервисі арқылы тегін дәрілік заттарды беру табысты ілгерілеуде.
«Соңғы бірнеше жылдың ішінде біз Қазақстанмен әріптестігіміздің өскенін байқап отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігі, оның бейінді ведомстволары, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, жетекші қазақстандық университеттердің медицина факультеттері соңғы жылдары біздің семинарлар мен мастер-кластарға белсенді қатысты. Біз мұны алға жасалған маңызды қадам деп санаймыз. Қазақстандық және швед биліктерімен, сондай-ақ Швеция Үкіметімен бірлесіп, Business Sweden және Швеция елшілігі арқылы біз осы салалардың барлығында әріптестігімізді дамытуға ұмтыламыз. Қазақстанда және Швецияда пациенттерге медициналық қызмет көрсетуді жақсарту үшін жасанды интеллект және денсаулық туралы деректерді жинау тақырыбына ерекше назар аударылады», — деді Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ева Пулано.
Дөңгелек үстелге қатысушылар денсаулық сақтауды цифрландыруды дамыту саласындағы ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілерін, азаматтарымыз үшін заманауи емдеу әдістеріне қол жеткізуді, фармацияны дамытуды, тәжірибе алмасуды, МСАК-ты күшейтуді және медициналық көмектің сапасын жақсартуды талқылады.
Іс-шараның қорытындысы бойынша қазақстандық тарап швед тәжірибесін тартуға және денсаулық сақтаудағы цифрлық технологиялар саласында консультациялық-сараптамалық көмек көрсетуге қызығушылық білдірді.