SportЖаңалықтар

ШВЕДТЕРГЕ ШЕБІН БҰЗДЫРМАДЫ

AIK

Бұлай деуімізге себеп бар. Өйткені, бізге қарағанда скандинавиялықтар азуы алты қарыс команда саналады…

Осылайша Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің үшінші айналымында Швецияның атынан ат үркетін «АИК» командасын қабылдаған «Астана» өз алаңында 1:1 есебін ұстап қалды.

Ойынның 9-минутында қонақтар сапынан Бауи гол соғып, жергілікті жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгірткен болатын. Алайда, алғашқы тайм түгесілер тұста, яғни 42-минутта Таңат Нөсербаев қарсыластар қақпасын баспен дәл көздеп, таразы басын теңестіріп, бәрімізді бір желпінтіп тастады. Осыдан кейін алма-кезек шабуылдар жиі ұйымдастырылғанмен, нәтиже сол күйі сақталып қалды. Ойын соңына қарай Фокси Кетевоама алаң иелерін алға шығаратын тамаша мүмкіндіктің бірнешеуінен айырылды.

Қарымта ойын 7 тамыз күні Швеция астанасы Стокгольмде Астана уақытымен сағат 23:00-де өтеді. Ол күні астаналықтар қалайда бір гол соғудың қамына кіріседі.
Сондай-ақ, осы лигадағы екінші командамыз қарағандылық «Шахтер» Хорватияның «Хайдук» клубын қабылдап, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Топчагич, Финонченко, Джидич және Жанқылышбай соққан төрт доп алаң иелерін келесі кезеңге алып шығуға тамаша мүмкіндік болып отыр. Енді сырт алаңдағы кездесу 7 тамызда Астана уақытымен 23.00-де өтеді деп күтілуде.

Ал чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жатқан «Ақтөбе» румыниялық «Стяуаны» қабылдап, 2:2 нәтижесіне қол жеткізді. Қарсыластардың қарқынына төтеп бере алған қазақстандық футболшылар плей-офф кезеңіне өту үшін қарымта ойында кем дегенде екі доп соғу міндетін орындау керек. Десек те, Валерий Коробкин мен Роберт Арзуманян соққан қос доп 6 тамыз күні Румынияда өтетін екінші кездесуге үміт сыйлап тұр.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button