Шу шықпаса шешілмей ме?

Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз» деп қақсағалы 5-6 жылдан асты. Бірақ мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасын арттырып, халық пен билікті жақындастыра түседі деген мақсатта айтылған бұл үндеу мемлекеттік мекемелердің шынайы әрекет өлшемі болудан гөрі ауыз жүзінде ғана айтылатын, «естімейтін» Үкіметтің елді алдаусырататын ескі сөзіне айналып кеткендей. Ақтөбе олысындағы мектеп оқушыларының Қытай тағамдарынан улануы бізге осындай ой салды.
ОҚУШЫЛАР УЛАНҒАН ОҚЫС ОҚИҒА
18 ақпанда Ақтөбе облысы Қобда орта мектебінің бірнеше оқушысы аудандық ауруханаға улану белгісімен түскен. Белгілі болғандай, оқушылардың бірі мектепке сырттан сатып алған белгісіз өнімді әкелген. Сыртында асшаянның суреті салынған бұл өнімді сыныптағы жеті бала жеген. Жетеуі де сол сәтте жайсызданып, қалған балалардың өткір иістен басы айналған. Көбі өздерін әлсіз сезініп, денесінде бөртпе пайда болған. Дәрігерлер сыныптағы 23 баланың барлығын ауруханаға жатқызып, тексерген. Зиянды тағамды жеген жеті баладан бөлек, тағы екі балаға улану диагнозы қойылған. Осы жағдайдан кейін атқа қонған Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялықэпидемиологиялық бақылау комитеті еліміз бойынша мың жарым дүкенге мониторинг жүргізген. Мамандар 14 түрлі өнімді сатып алып, әрқайсысының құрамын егжей-тегжейлі тексерген. Зерттеу нәтижесі бойынша аталған өнімдердің құрамында дәм күшейткіштер (тағамдық қоспалар) мен натрий глутаматы (Е621), натрий гуанилаты (Е627), натрий инозинаты (Е631) сынды ауыр металдардың бар екені анықталды. Оларды өндірісте қолдану техрегламенттерінің талаптары да белгіленбеген. Сондай-ақ тағамдарды таңбалауда өнімнің атауы, сандық құрамы, тағамдық және энергетикалық құндылығы, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушының, импорттаушы ұйымның орналасқан жері, ГМО бар екені туралы ақпарат берілмеген. Өнімнің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалауды растайтын сәйкестік туралы декларация да жоқ болып шықты. Қысқасы, зерттеу нәтижесі Қытайдан әкелінген тіскебасарлардың құрамында адам ағзасына аса зиянды дәм күшейткіш қоспалар бар екенін айғақтады. Оны тұтынудың соңы семіздікке, аллергия ауруларына және ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкеліп соғатындықтан, елімізге аталған снектерді әкелуге және сатуға толық тыйым салынды.
БІР ЖЫЛДАН БЕРІ АЙ ҚАРАП ОТЫР МА?
«Астана ақшамы» газеті өткен жылдың басында «Тамақтан төнген қауіп» (№4, 11.01.2024, Қ.Үсемханұлы) деген тақырыппен мақала жариялап, Қытайдан әкелінген, балалар денсаулығына қауіп төндіретін зиянды тағамдардан сақтану туралы Қазақстанда алғаш рет дабыл қақты. Мақалада Қытайдан әкелінген арзан, бірақ сапасы күмәнді «қоқыс» тағамдардың адам денсаулығына аса зиян екені, оның қаптамасында мемлекеттік тілде жазылған түсіндірмесі де жоқ, «Тіл туралы» заңды белден басып жатқаны айтылып, оның жолын кесудің жолдары да көрсетілген болатын.
Ұлтымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты бұл өзекті мәселеге сенатор Бибігүл Жексенбай бірден үн қосып, Сенаттың пленарлық отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, «қоқыс» тағамдардан еліміздің нарығын, балалардың денсаулығын қорғау бағытында нақты ұсыныстарын жеткізді.
«Соңғы кезде Қазақстан нарығында шығу тегі белгісіз зиянды тағамдар қаптап кетті. Алыс-жақын елдерден «қоқыс» тағам-тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы, «қоқыс» тағамдардың көбін көшелер мен жертөлелерде жасайды. Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиянды екені дәлелденіп, сайттарында «қоқыс» тағамдары деп көрсеткен. Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен күресіп жатса да, «қоқыс» тағамдар қорғалмаған шетел нарығын жаулап жатыр. Міне, бізге де жетті. Халқымызды зиянды тағамдардан қорғау, аталған мәселеде дұрыс бағыт көрсету шаралары мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс» деп бастама көтерген Б.Жексенбай мәселені шешудің нақты 7 ұсынысын ортаға салған.
УӘДЕ УАҚЫТЫНДА ОРЫНДАЛҒАНДА…
Көп ұзамай Үкімет аталған мәселе бойынша қолға алынған және атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
«ЕАЭО кеңістігінде «сұр сертификаттардың» басымдылығының өткір проблемасы бар. Сәйкестікті растау құжаттары көбінесе рәсімдерді бұзумен немесе сынақсыз беріледі, бұл контрафактілік өнімдердің көбеюіне және адам денсаулығына теріс әсер етуіне алғышарт жасайды. 2023 жылы 300 «сұр сертификат» жойылды. 2023 жылы азық-түлік тауарларының 3194 партиясы қаралып-тексерілді, 120 тоннадан астам тамақ өнімін әкелу тоқтатылды» деп сендірген Бектенов Үкіметі шетелден келетін күмәнді тағамдарға шектеу қоямыз деп уәде еткен. Бірақ біз көтерген мәселе де, депутаттың талабы да аяқсыз қалды. Қытайдан келетін залалды азық-түліктер сатылымнан тоқтатылудың орнына, керісінше, көбейе түскен. Денсаулық сақтау министрлігіндегі қатысты азаматтарға хат та жазып, күмәнді тағамдарды өз ақшамызға сатып әкеліп беріп, «құрамын тексеріп көріңіздер» деген ұсыныс та айттық. Бәрі жауапсыз, аяқсыз қалған еді. Міне, Ақтөбеде оқушылар уланған кезде барып ДСМ мәселені енді ғана байқағандай апыл-ғұпыл атқа қонды. Соған қарағанда, елімізде «адам өлмей, қоғамда шу шықпай, мәселе шешілмейді» деген сөз рас екен-ау деген ойға қаласың…
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ