Мәдениет

Шығармашылық шырағы

Ұлттық академиялық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, журналист-ғалым Сайраш Әбішқызының 80 жылдық мерейтойына арналған «Ғибратқа толы ғұмыр» атты рухани іс-шара өтті.

Зиялы қауым жиналған іс-шараның басында Сайраш Әбішқызының «Шығармашылық шырағым – бақ жұлдызым» атты кітабының тұсауы кесілді. Журналистика мен білім беру саласында ұшан-теңіз еңбек сіңірген мерейтой иегерін мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірзақ Озғанбаев, Оразгүл Асанғазы мен Дархан Мыңбай құттықтап, Сайраш Әбішқызының өмір жолы, қайраткерлігі мен қаламгерлігі туралы әңгімеледі. «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы мерейгердің журналистика саласындағы орасан еңбегіне тоқталып, мекеме атынан сый-сияпат ұсынды. Журналист-ғалымның мерейтойына туған жерінен арнайы келген жақындары мен әріптестері де жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Саналы ғұмырын журналис­тика саласына арнаған, оның ішінде «Қазақстан мектебі» журналын ширек ғасырдай басқарған, «Құрмет» орденінің иегері Сайраш Әбішқызы іс-шара соңында «Бүкіл саналы өмірімді шығармашылыққа арнаған адам ретінде өзімді бақытты санаймын. Қолымнан келгенше ұлтыма, халқыма еңбек сіңірдім. Осындай мерейлі шағымда еңбегімді бағалап, жылы лебізін білдіріп жатқан барша жұртқа алғысым шексіз» деп жүрекжарды тілегін айтты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button