Шығынға батқан шаруаны кім ойлайды?

Қазақстандағы суармалы жерлердің 35 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Барлығы 552 мың га суармалы жерлердің бойында 520 елді мекен және 1 миллионға жуық ауыл тұрғындары тіршілік етіп отыр.
Өнімдерін ортақ нарыққа шығарып, еліміздің өңірлерін көкөніспен, жеміс-жидекпен, бақша өнімдерімен, мал азығымен қамтамасыз етіп отырғандар да сол өңірдің азаматтары. Өкініштісі, соңғы жылдары облыстың шаруаларын ағын сумен қамтамасыз ету де, су шаруашылығы нысандарының жағдайы да күрмеуі шешілмейтін проблемаға айналып отыр. Түркістан облысындағы Отырар, Сауран, Ордабасы, Бәйдібек, Жетісай, Шардара аудандары және Түркістан мен Арыс қалаларының айналасындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі күрделі күйінде қалуда.
Жыл бойы егін егіп шығындалған шаруалар шілде-тамыз айларында егістерін суаруға су жеткізе алмай қыруар шығынға батуда және бұл – жыл сайын қайталанатын жайт. Ең маңыздысы, осы мәселені шешу үшін жасалған жобалар толық іске асырылмаған, олардың кейбіреулеріне бөлінген қаражат тоқтап қалған. Мысалы, толық іске аспаған жобаларға Отырар ауданындағы Шәуілдір бассейнінің ішкі коллекторлық-дренаждық желілерін қайта жаңғырту, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандарының және Түркістан қаласының ауыл шаруашылығы жерлерін кепілді сумен қамтамасыз ету үшін «Боралдай» су қоймасын салу, Отырар ауданындағы сорғы станциясының құрылысы мен Шәуілдір қоректендіру каналын қайта жаңғырту, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандарына және Түркістан қаласына су беретін өте маңызды стратегиялық ірі Бөген су қоймасын вегетация кезінде сумен толықтыратын Бәйдібек ата су қоймасын салу, Жетісай ауданы аймағында 2012 жылы шаруашылықаралық К-30 каналының гидроқұрылғыларын қайта құру жатады.
Шәуілдір бассейнінің ішкі коллекторлық-дренаждық желілерін қайта жаңғырту жобасының құны – 4405 млн теңге. Келісімшартқа сәйкес, 2020 жылы 881,0 млн теңге көлемінде аванс төленіп, бірақ қаржы игерілмеген. Жобаға сәйкес, 29,7 шақырым канал бетонмен қапталып, су тастау каналының 6,8 шақырымын механикалық тазалаудан өткізу қажет болатын. Жоба толық іске асқан жағдайда, «Д.Алтынбеков», «Көкмардан» каналдарына суару маусымында кепілді ағын су жеткізіліп, 12 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі тиіс еді. Өкінішке қарай, ол жобаның да тоқтап қалғанына екі жылдың жүзі болды.
Жетісайдағы каналға қатысты 2019 жылдан бері құрылыс жұмысы тоқтап тұр. Каналдың жалпы ұзындығы – 30,6 шақырым. Соның ішінде 25 шақырымы бетондалу керек болса, оның 14 шақырымы ғана және ішкі тармақтарының 175 шақырымының 52 шақырымы ғана бетондалған. Жоспарланған 4 насос станциясының бірде-біреуі қойылмаған. Жетісай ауданындағы Қызылқұм, Ш.Ділдәбеков, Мақталы, Ж.Ералиев, Абай, Ынтымақ ауылдық округтерінде тік дренажды ұңғымалар жарамсыз күйде. Аталған жағдай егістік жерлердің мелиоративтік жағдайының нашарлауына әкеп соғуда. Сондай-ақ күзгі-көктемгі жауын-шашын, егістік алқаптарының сор шаю жұмыстары кезінде жерасты суларының деңгейі көтеріліп, жоғарыда аталған ауылдық округтердегі елді мекендерді су басып қалу жағдайлары орын алуда. Арыс қаласының Байырқұм, Жиделі ауылдық округтерінде жалпы 5 шаруашылық каналдары бар. Қазіргі таңда 4 каналға ЖСҚ дайындалу үстінде (топосъемка жұмысы жүргізілді). 3-К-1 каналының құрылысын қаржыландыру жобасы Үкімет тарапынан қолдау таппады. Жоғарыда аталған жобалардың барлығы дер кезінде іске қосылған жағдайда, облыс аудандарындағы 200 мың га-ға жуық жерлерге кепілді су беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет» деп Үкіметке тапсырма бергені мәлім. Үкімет басшысы Ә.Смайыловтан шығынға батқан шаруалардың жағдайына жедел назар аударып, ең өзекті мәселенің оң шешілуіне жәрдемдесуін сұраймын!
Мұрат ҚАДЫРБЕК,
Сенат депутаты