Sport

«Шығыс барысы» топ жарды

«Шығыс барысы» деген лақап атымен танымал семейлік балуан Айбек Нұғымаров биыл үшінші жыл қа­тарынан өткізіліп отырған «Қазақстан барысы» тур­нирінің жеңімпазы атанды. Ол ақтық сында қараған­дылық Ержан Шынкеевтің (лақап аты – Көкбөрі Керней) жауырынын жерге тигізіп, таза жеңіске қол жеткізді.

Былтырғы жылдың «барысы» атанған жамбылдық балуан Бейбіт Ыстыбаев жартылай финалда сүрінді. Ержан Шынкеевпен бел­дескен ол тартысты белдесу­де қарсыласына жол берді. Дегенмен, төрешілер алға­шында Бейбітті жеңімпаз деп тапқан болатын. Кейін өзара ақылдаса келе, шешімін өзгертіп, Шын­кеевті ақтық сынға шығар­ды. Оқиғаны тарқата айт­сақ, әуелі Ержан Ыстыбаевты алып ұрған болатын. Сырт көзге солай көрін­генімен, Бейбіттің жауы­рыны түгіл, жамбасы да жер иіскемепті. Құлап бара жатып, «барыс» қол тіреп үлгерген екен. Қазақ күре­сінің ережесі бойынша, мұндай жағдайда әдіс толық жасалмады деп, еш ұпай бер­меуі керек. Басында солай болды да! Бірақ, Шын­кеев төрешілердің бұл шеші­міне ашық на­разылық таныт­ты. Көрер­мендер де, Ержан­ның жанкүйерлері де тұс-тұстан қиқулап, шулап қоя бер­генде төрешілер «екеуі белдессін» деген үкім айтқан. Атан жілікті Ысты­баевтың дүлей күші шыдат­сын ба, Шынкеев тегеурін таныта алмай, боз кілем­нен шығып қалды. Бұл Бейбіт жеңді деген сөз еді. Бірақ, мұны да Ержан мойын­­дамады, әлгі ұпайын қай­та даулады. Осы тұста боз­кі­лемге қамшы лақ­тырып, бап­кері «датын» айтса да жа­расар ма еді? Ержан­ның қазылар алқа­сына бір өзі дау айт­­қаны әбестеу көрінді. Ақы­­ры, жеңіс Шынкеевке «бұйырды».

Жартылай финалда жең­ген екеу бірінші орын­ға, жеңілген екеу қолаға та­ла­сатыны бел­гілі. Бірер сәт­тен кейін Бей­біт үшін­ші орын үшін болатын бел­десуге шығады деп күт­кен­біз. Бірақ, өзгерген шешім «барыстың» шамына тиді ме, ол бозкілемге шық­пады. Сөйтіп, қола жүлде шым­кенттік Назар Ер­сұл­та­новтың еншісіне тиді.

«Қазақстан барысы-2013» атағын жеңіп алған Ай­­бек Нұғымаровқа 150 мың АҚШ доллары мен «Алтын белбеу», «Тай­тұйяқ» және авто­­көлік сыйға тартылса, кү­­міс жүлдені иеленген Ержан Шын­кеевке 30 мың, ал қоланы қанағат тұтқан Н.Ер­сұл­тановқа 10 мың АҚШ доллары сыйға берілді.

Ербол ЖАНАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button