Басты ақпарат

Шығыс еуропадағы шиеленіс немен тынады?

Шығыс Еуропадағы шиеленістің шешілетін түрі жоқ. Керісінше, жағдай күн өткен сайын күрделеніп, өңірде оқ-дәрінің иісі мүңкіп тұр. Керек десеңіз, Ресей барыс жылы Украинаға басып кіріп, 2008 жылғы Грузиядағы жағдай қайталануы да ғажап емес. Өйткені Ресей Украина мен Грузияның НАТО-ға мүше болуына түбегейлі қарсы.

[smartslider3 slider=1574]

Өңірдегі жағдайдың ушығуына Ресейдің Украин шекарасына 100 мыңға жуық әскерін орналастыруы мұрындық болды. Осыдан кейін «Ресей келер жылы қаңтар, ақпан айларында Украинаға басып кіруі мүмкін» деп болжам жасаған Украин билігі елдің шығысына 125 мың сайлауыт сарбазын шоғырландырды. Украинаның секем алуы да бекер емес секілді, осы айдың басында АҚШ барлаушылары да Ресей Украинаға үш бағыт арқылы басып кіруді көздеп отыр деп мәлімдеді. Осыдан кейін АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия елдері ортақ мәлімдеме жасап, Ресейді шекарадағы жағдайды ушықтырмауға шақырды. Ал Мәскеу болса мұның бәрін жоққа шығарып, Украина мен АҚШ-ты жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты, Украина шығысында шабуыл жасауға дайындық жасады деп Киевтің өзін айыптаған. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаны Минск келісімдерін орындаудан бас тартты деп мәлімдеді.

АҚШ-та алаңдап отыр

Өткен айдың соңында АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйде Ресей басшысы Владимир Путиннің Украинаға қарсы қандай да бір әрекет жасауына кедергі келтіретін кешенді бастамаларды әзірлейтінін жеткізген еді. АҚШ Мемлекеттік департаменті де Ресей Украинамен дипломатиялық арналар арқылы мәселені шешуге дайын болмаса, онда Америка Құрама Штаттары «бұрын-соңды болмаған» шараларды қабылдауға дайын екенін, АҚШ сенаторлары Ресей Украинаны басып алуға ұрынса, онда АҚШ Ресейдің тұтастай қаржылық мүмкіндігін кесіп тастаудың жоспар, жолдарын ақылдасып жатқанын мәлімдеді.

7 желтоқсан күні АҚШ президенті Байден мен Ресей басшысы Путин онлайн-кеңес өткізді. Көшбасшылар АҚШ-Ресей қарым-қатынасындағы кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде стратегиялық тұрақтылық, кибершабуыл және аймақтық мәселелерді талқылады. Президент Байден талқыда Ресейдің Украина шекарасындағы әскери әрекеттеріне қатысты АҚШ-тың алаңдаушылығын да жеткізіп, Украина егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдайтынын айтты. Ал Путин болса Ресейдің Украинаға ешқандай қатер төндірмегенін, керісінше, НАТО-ның өңірлік жағдайды ушықтырып отырғанын айтып, Байденнің сөзіне тойтарыс жасады.

Ресейдің мемлекет БАҚ-тарының хабарлауынша, екі сағатқа жуық онлайн кездесуден кейін Ақ үй жасаған мәлімдемеде Байден Путинге Ресей Украинаға қарата қандай да бір арандату әрекетіне барса, «Қатал экономикалық санкциялардың садағына ілінетінін, бұл Ресей экономикасына үлкен соққы болатынын» ашық айтқан. Екі ел басшысының сөйлесуінен кейін Пентагонның өкілі Джон Кирби Америка Құрама Штаттары өзін қорғау үшін Украинаны қолдауды жалғас­тыра беретінін, Вашингтон Киевтің өзін-өзі қорғау қуатын арттыру үшін қажетті қару-жарақпен қамтамасыз етуді жалғастыратынын жеткізді. Биыл наурыздың ортасында АҚШ сенаторлары АҚШ-тың Украинамен қауіпсіздік саласындағы серіктестік туралы заң жобасын ұсынды. АҚШ конгресі сенатының халықаралық істер жөніндегі комитетінің қарауына енгізілген бұл құжатта Киевке жылына 300 млн доллар әскери көмек және украин әскери офицерлерін даярлауға жылына 4 млн доллар болу қарастырылған. Бірақ Ресей де АҚШ-тың айбарынан жасқанып отырған жоқ. Керісінше, Байден мен Путиннің кездесуінен кейін Ресей «Ал қайтесің?» дегендей, Украина шекарасындағы әскери дайындықты одан әрі күшейте түскен. Дегенмен Ресей Украинаға соғыс ашса, АҚШ-тың тікелей соғысқа араласуы екіталай. Бұған АҚШ президенті Джо Байденнің «Ресей басқыншылық жасаған жағдайда Америка Украинаға әскер жібермейді, себебі бұл ел НАТО-ға мүше мемлекет емес» деген мәлімдемесі айғақ. Осыған қарағанда, Украина да Грузия сияқты АҚШ-қа сенем деп арандап қалуы әбден мүмкін.

НАТО мен ЕО-да Ресейдің ұйқысын қашырды

Ресей тектен-текке Украин шекарасына әскер топтап жатқан жоқ. Атап айтқанда, Мәскеудің жанталаса әскери дайындық жасауына НАТО-ның Шығыс Еуропадағы елдерді шырғалай бастағаны басты себеп болды. Украинаның ел іші ала тайдай бүлініп, оның соңы Қырымнан айырылуға, Донбасс пен Лугансктің «дербестік» жариялауына апарып соққан да Батыс пен Ресей текетіресінің нәтижесі болатын. Осыдан кейін Ресейден әбден көңілі қалған Украина НАТО ұйымына мүше болуға қадамын тіпті тездете түсті. НАТО-ға мүше болмай, Ресейден біржола құтыла алмаймыз деп есептейтін Украина басшылары қандай бодау берсе де, НАТО-дан бас тартатын түрі жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский НАТО-ның бас хатшысы Иенс Столтенбергке жазған бір хатында «НАТО-ға кіру – Донбасстағы (шығыс Украина) соғысты тоқтатудың жалғыз жолы, бұл аумақты соңғы жылдары сепаратистер басқарып келеді, сондықтан НАТО Украинаны әскери одаққа қабылдау қадамын тездету керек» деп жазғаны – соның айғағы. Алайда НАТО Украинаны қолдағанмен, оны мүшелікке қабылдауға асығар емес. Тек кеңейтілген өкілеті бар әріптес мәртебесін ғана берді. Кеңейтілген өкілеті бар мәртебе – одаққа мүше елдер мен Солтүстік Атлант келісімі бойынша операцияларға елеулі үлес қосқан әріптестер арасында қарулы күштер үйлесімділігін дамытуды көздейтін НАТО бастамасы. Осы орайды пайдаланған Украина
НАТО-мен бірлескен әскери оқу жаттығуды көбейтті. НАТО-дан сырт, Ресейдің Қырымды жаулап алғанына наразылық танытқан Еуропа Одағы Ресейді санкцияның астынан алып, Грузия, Молдова мен Украинаның қорғаныс саласына көмек беру тебінін күшейтті. Бұл жағдай Ресейді алаңдатуда. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «НАТО Ресейдің ұлттық мүддесін ескерусіз қайырып қойып, Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастырып отыр. Украина мәселесі толассыз шиеленіске кетіп жатыр, альянстың әскери кешендері Ресейге жақындай түсті. Румыния мен Польшада зымыранға қарсы жүйелер орнатыла бастады. Америкалық орта қашықтыққа атылатын зымырандар Еуропада пайда болуы ықтимал. Ресей бұған қарап отыра алмайды» деп мәлімдеме жасағаны – соның айғағы.

Ресей талабы орындала ма?

17 желтоқсан күні Ресей Сыртқы істер министрлігі НАТО елдерімен екіжақты қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған келісім жобасын жариялады. Жобада «Әскери одақтың шығысқа қарай кеңеюінен бас тартуы, сондай-ақ НАТО Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінде кез келген әскери әрекетін тоқтатуы шарт. Оған сәйкес, 2008 жылы Бухаресттегі саммитте Украина мен Грузияны одағына алу шешімінің күшін жоюы керек» деген талап айтылған. Алайда НАТО Ресейдің бұл ұсынысын қабылдайтын түрі жоқ. Ұйымның бас хатшысы Иенс Столтенберг «НАТО-ның өзге елдермен қарым-қатынас мәселесін бөтен жақ шешпейді» деп мәлімдеді. Жалпы НАТО-ның бұл шартқа көнбейтінін Ресей де біліп отырғаны анық. Бұл тек сылтау ғана. Яғни АҚШ сенаты халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі Джим Риштың сөзімен айтсақ, Украина шекарасының түбінде Ресей әскерінің шоғырлануына алаңдаған Батысқа Мәскеудің жауап ретінде қауіпсіздік кепілдігін сұрауы – соғысқа сылтау іздегендік.

Келісімге келмесе, салдары ауыр

«Дағдарыстың бір ғана тиімді жолы – дипломатия. Ресей Минск келісімін орындап, Украина шекарасына жақын маңдағы қарулы күштерін шығарып кетуі керек. Құрама штаттар Донбасстағы қарулы қақтығысты келіссөзбен шешуге қатысуға дайын. Ашығын айтар болсақ, егер Ресей тіресуді жалғастыра беретін болса, мұның соңы ауыр апатқа алып келеді» деп АҚШ Мемлекеттік хатшысы Блинкен айтқандай, қазір АҚШ-та, Еуроодақ та мәселені келіссөзбен шешуді қолдап отыр. Ресейді райынан қайтару үшін АҚШ Украинаға ресейлік жікшілдер қолдаған бірқатар аймақтарға белгілі бір деңгейде «автономия» беру талабын да ашық айтты. Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, Украина Донбасс аймағының тіл және мәдени өзгешеліктерін есепке алуға дайын. Бірақ олардың жалпыұлттық шешімдерді қабыл алуда вето қою құқығына ие болуына қарсы.

Егер Ресей Украинаға шабуыл жасаса, онда Батыс елдері «солтүстік ағын-2» құбырының жобасын дереу тоқтатып, Ресейдің ең ірі банкіне санкция салады. Сонымен қатар Вашингтон мен оның еуропалық одақтастары Ресейдің тікелей инвестицилық қорларына санкциялар енгізу және Ресейдің рубльді АҚШ долларына және басқа да шетел валюталарына айырбастау мүмкіндігін шектеу туралы мәселені қарастыруы да мүмкін.

Жақыннан бері Қытай мен ­Ресейдің одақтастық мәселесі де жұрт назарын аудара бастады. Өйткені Ресей Украинаға шабуыл жасаса, Қытай Тайванға қару сілтеуі мүмкін деген болжам да жоқ емес. Оны да уақыт көрсетеді. Дегенмен Ресей райынан қайтпай, мәселе бейбіт жолмен шешіле қоймайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button