Басты ақпаратШартарап

Шығыс еуропадағы шиеленіс: керіс пен келісім

Сауд Арабиясының Жидда қаласында Украина мен АҚШ делегациялары арасында маңызды келіссөз өтті. Келіссөз басталар алдында Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак бұл кездесудің маңыздылығын атап, америкалық серіктестермен тиімді жұмыс істеуге ниетті екенін мәлімдеді. Украина делегациясы құрамында Ермакпен бірге Сыртқы істер министрі Андрей Сибига, Қорғаныс министрі Рустем Умеров және Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Павел Палиса болды. Ал АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц және Трамптың Батыс Азиядағы арнайы елшісі Стив Уиткофф қатысты.

Келісім арасындағы кезең

8 сағатқа жалғасқан келіссөзде Украина тарапы соғысты аяқтаудың бірнеше нұсқасын ұсынды. Осы кездесуден бұрын Financial Times «Украина делегациясы Ресеймен атысты ішінара тоқтату туралы ұсыныс жасамақшы» деп болжам жасаған болатын. Басылымның дерегінше, бұл ұсыныс дрондар мен ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарды қолдануды шектеу және Қара теңіздегі әскери операция­ларды тоқтату мәселесін қамтиды. Сондай-ақ Украина Вашингтонның барлау деректерін бөлісу және әскери көмекті уақытша тоқтату туралы шешімін қайта қарауды да өтінген.

Reuters АҚШ тарапының бұл кездесуді Украина соғысты аяқтау үшін Ресейдің талаптарына қаншалық дайын екенін бағалау үшін пайдаланып отырғанын атап өтті. Келіссөз нәтижесінде Украина АҚШ ұсынған 30 күнге атысты тоқтату туралы шартты қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл мерзім қажеттілікке қарай ұзартылуы мүмкін. Сонымен қатар, АҚШ Украинаға әскери және барлау мәліметтерін қайта бөлісуді жалғастыратынын растады. Келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі – гуманитарлық миссиялардың маңыздылығын талқылау болды. Уақытша атысты тоқтату аясында әскери тұтқындармен алмасу, қамауда отырған бейбіт тұрғындарды қайтару және күштеп қоныс аударылған украин балаларын қайтару мәселелері көтерілді.

Екі делегация да Украинаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін келіссөз жүргізетін топтардың құрамын анықтауға және келіссөздерді дереу бастауға келісті. Америка Құрама Штаттары бұл нақты ұсыныстарды ресейлік өкілдермен талқылауға міндеттенді. Украина делегациясы еуропалық әріптестерінің бітімгершілік процесіне қатысуы керектігін тағы да баса айтты.

АҚШ делегациясының басшысы Марко Рубио кездесуде оң қадам жасалғанын және енді жауапкершіліктің Ресейге жүктелетінін мәлімдеді. «Біз 30 күнге атысты тоқтатуды және келіссөздерді бастауды ұсындық. Украина бұл ұсынысты қабылдады. Енді Ресей қандай шешім қабылдайды, соған байланысты әрекет етеміз» деді Рубио. Майк Уолтц өз кезегінде жуырда ресейлік әріптестерімен кездесетінін және G-7 елдерімен Украинадағы бейбітшілік мәселесін талқылайтынын хабарлады.

Жиддадағы келіссөздер Украина мен АҚШ арасында стратегиялық әріптестіктің нығая түскенін көрсетті. Сонымен қатар, бұл кездесу Украинаға қажетті әскери және гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету, соғысты аяқтауға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылуда. Алдағы уақытта Ресейдің бұл бастамаларға қандай жауап беретінін уақыт көрсетеді.

Президенттер қандай пікірде?

Украина президенті Владимир Зеленский де келіссөздердің негізгі ұстанымдарын қолдады. Ол уақытша атысты тоқтату тек белгілі бір әскери әрекеттерді емес, барлық майдан шебіндегі қақтығыстарды қамтуы керек екенін атап өтті. «Украина бұл ұсынысты қабылдады, бірақ Ресей де оны қабылдау керек. Егер Ресей келіспесе, бұл келісім біржақты орындалмайды» деді Зеленский.

Осыдан кейін Дональд Трамп Украинадағы соғысқа байланысты маңызды мәлімдеме жасады. Ол президент Зеленскийді Ақ үйге қайта шақыруға ниетті екенін білдірді. Сонымен қатар, АҚШ өкілдері алдағы күндері Ресей тарапымен кездесіп, ұсыныстарды талқылайтынын жеткізді. Соғысты жуық арада толық тоқтатуға үмітті екенін білдірген Трамп жақын күндері Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, егер Ресей келісімге көнбесе, жалғыз жол – соғысу. Бұл жағдайда АҚШ Украинаға әскери қолдауды күшейтіп, оны қайта қаруландырады. «Путин біздің ұсынған келісімге қол қойса, Украинадағы дағдарыстың 75%-ы шешілді деп есептейміз» деді Трамп.

Мәскеу қарсы болуы ықтимал ма?

Украина үшін бұл қадам қаншалық маңызды деген мәселеге келсек, әрине, бұл келісімнің маңызы өте зор. Қазіргі жағдайда украин сарбаздары Курскіде үш бағыттан қысым көріп, шегінуге мәжбүр. Запорожье мен Донбасста Ресей әскері үлкен шығынға қарамастан шабуылын жалғастыруда. Сондықтан Украи­наға кем дегенде 30 күндік ұрыс қимылдарының тоқтауы қажет. Осы уақыт ішінде жаңа қорғаныс шептерін құрып, АҚШ пен Еуропадан келетін қаруды әскерге жеткізуге мүмкіндік алады.

Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Виктор Соболев Украинадағы ұрыс қимылдарын уақытша тоқтату туралы ұсынысты қабылдауға қарсы шықты. «Бұл тек Украинаға тиімді болмақ, өйткені 30 күн ішінде олар қайта топтасып, әскерін толықтырып үлгереді» деді ол. Путин де бұған дейін ұрысты тоқтату қажет еместігін мәлімдеген болатын.

Майдандағы жағдай да мәз емес

Алдыңғы күні Ресей әскері Курск облысында алға жылжып, Суджа қаласының шығыс бөлігінен қалаға кіргені хабарланды. Ресей Қорғаныс министрлігі Курск облысында 100 шаршы шақырым аумақ пен 12 елді мекенді бақылауға алғанын мәлімдеді. Бұл алға жылжу Украина күштерінің қоршауда қалу қаупін арттырып отыр. Батыстық барлау мәліметтеріне сәйкес, Украина әскері Курскіде шегінуді бастаған. Ресей күштері аймақта 3 тонналық әуе бомбаларын қолданып, шабуылды күшейтуде. Сарапшылардың мөлшерлеуінше, Курск облысында 4-8 мың украин сарбазы қалған. Қазір Украина әскерін қоршауда қалдырмау үшін тиімді позицияларға шегініп, өз аумағына өтуді мақсат етіп отыр.

Өткен жылы Украина бұл өңірде 1300 шаршы шақырым жерді бақылауына алған болатын. Киев мұны Ресеймен келіссөздерде ұстанымын нығайту және Мәскеуді шығыстан әскерін әкетуге мәжбүрлеу үшін жасағанын айтқан еді.

Украина да Ресейге қарсы ауқымды дрон шабуылдарын жалғастырып жатыр. Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Украина Мәскеу облысы мен Мәскеу қаласына бағыттап бір мезетте 400-ге жуық дронмен шабуыл жасаған. Шабуыл салдарынан Мәскеуде екі адам қаза тауып, 18 адам жараланды, бірнеше әуежай уақытша жабылды. Мәскеу мэрі Сергей Собянин бұл шабуылды «соғыс басталғаннан бергі ең ауқымды» деп сипаттады. Бұл шабуыл АҚШ барлауына тыйым салғанына қарамастан, Украина нысаналарды дәл соға алатынын көрсетті. Шабуылдан кейін ресейлік жоғары лауазымды тұлғалар бұл шабуылдарға жауап ретінде «Орешник» гипердыбысты зымыранын қолдану керек деп мәлімдеді. Бұл зымыран өткен жылдың қараша айында Украинаға атылған.

Еуропаның да еңбегі бар

АҚШ пен Украина арасында келіссөздер жүріп жатқан кезде Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта Украинадағы соғыстың ауқымды салдары жайлы айтып, оның қауіпсіздігі Еуропаның қауіпсіздігімен тығыз байланысты екенін мәлімдеді.

Кошта Еуроодақ 2022 жылдан бері Украинаға 135 миллиард еуродан астам көмек көрсеткенін, алдағы уақытта бұл қолдауды одан әрі күшейтуге ниетті екенін, Еуропалық кеңестің қорғаныс пен Украинаға көмек шығындарын арттыру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. «Ең тиімді қауіпсіздік кепілі – Украинаның өзін-өзі қорғау қабілетін күшейту және сенімді еуропалық қорғаныс жүйесін құру» деді ол.

Қысқасы, уақытша бітім Украи­наға жаңа қорғаныс шептерін нығайтуға және қару-жарақпен жабдықталуға мүмкіндік береді. Ал Ресей бұл уақытты қарсыласын күшейту кезеңі ретінде қарастырып, келісімнен бас тартып, шабуылды тіпті үдетуі де мүмкін. Дегенмен жалпы жағдайдың қалай өрбитіні келіссөздерге, тараптардың әскери мүмкіндіктеріне және халықаралық қолдауға тікелей байланысты. Қазір Украина қауіпсіздігін Еуропадан бөлек қарастыруға болмайды деген ұстаным нығая түссе, Ресейдің де бұл соғыстағы стратегиясы да қатаң сипат алғандай. Бұл – ұзаққа созылатын текетірестің белгісі.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button