Мәслихат

Шығыс Ильинка мәселесі шешіле ме?

Астана қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссия отырысында Шығыс Ильинка тұрғын алабының түйткілдері талқыланды. Аталмыш елді мекен тұрғындары қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісовтің атына өтініш түсірген соң бұл мәселе күн тәртібіне шығарылды.

Депутаттарды Отын-энер­гет­ика кешені және коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов жағдаймен таныс­тырды. Оның айтуынша, тұрғын алаптың инфрақұрылымы бойынша жұмыстар 2011 жылы басталған. Жобаның жалпы кұны – 17 млрд теңге. Соның 9,7 млрд теңгесі игерілген. Құрылыс жұмыстары «Құлагер» компаниясына тапсырылды.
«Қазір елді мекеннің 5,1 ша­қырымды құрайтын су жүйесін, 10,6 шақы­рым­дық кәріз жүйесін және 48 шақы­рымдық электр желілерді, жеті транс­форматорлық қосалқы стансаны, 42,2 шақырымды құрайтын жол салу қалды» деді басқарма басшысы.
Өткен жылы жобаға түзету енгі­зілген. Қазіргі кезде құрылысты созып жіберіп, сапаға да мән бермеген компанияға қатысты сот жүріп жатыр. 5 наурыз күні соттың үшінші отырысы өтеді. «Құлагерді» сотқа берген Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы компаниямен келісім­шартты үзуді, 1 млрд 200 млн теңге көлеміндегі дебиторлық қарызды қайтаруды, жұмысына жүрдім-бардым қарағаны үшін шара қол­дануды талап етіп отыр.
Есіл ауданының әкімі Төлеген Зака­рияновтың пікірінше, Шығыс Ильинкадағы құрылыс жұмыстары өте күрделі мәселеге айналды. Ол бұл мәселемен Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы кезінен таныс. «Тұрғын алап әу бастан дұрыс жерге салынбаған. Жобаның өзінде көп қателіктер орын алған. Жарықтандыру ұмыт қалған. Жобаға қаншама рет түзету енгізілді. Құрылыс жұмыстарының өзі бақылаусыз жүргізілген. Инфрақұрылым салынбай, тұр­ғындарға жер берілді. Ақыры қазіргі проблемаларға тап болдық. Мердігермен келісімшартты үзу керек. Қазір тұрғындармен айына екі рет кездесеміз» деді ол.
Шығыс Ильинка тұрғындары Қарашаш Тәшенова мен Михаил Пашкевич инфрақұрылым құрылысындағы шикіліктерді атады. Олардың сө­зінше, екі жыл қатарынан құрылыс жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Өткен жылы аталмыш тұрғын алабы кіретін №11 сайлау округының депутаты Мирас Шекеновтің араласуымен құрылыс жанданған. Депутаттың өзі де жағдайды баяндады. Отырыс қорытындысында депутаттар сот нәтижесін күтуді, шеткі аймақтар бойынша комиссия құруды ұсынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button