Басты ақпаратМәдениет

«ШЫҒЫС РАПСОДИЯСЫ» – АҚ ТҮНДЕР ҚАЛАСЫНДА

Мамыр айының 17-18 жұлдызында өтетін Астананың Санкт-Петербургтегі мәдени күндері аясында Михайлов театрында «Astana Ballet» шығармашылық ұжымы өнер көрсетеді.

Әсіресе би мен музыканы шебер шен­дес­тірген бекзат өнер – опера­ мен балетке келгенде ерекше ынты­зар петерборлықтардың театрға да, талғамға да бай шаһар екені рас. Револю­цияға дейін бір орталықтан, импера­тор­лық театр дирекциясы арқылы басқа­рыл­ған атақты Мария, Александр театр­ла­ры­ның қатарына кенже қосылған Михай­лов­каның тарихының өзі әріден тартып сөйлейді. Алғашқы кездері өз труппасы болмаса да, I Павел патшаның ұлы князь Михайлдың атымен қалған сахнада сол замандарда француз, неміс оперетталары жиі қойылатын. Ол жерге Иоганн Штраус, Жак Оффенбах сынды композиторлардың табаны тиді, Матильда Кшесинская, Федор Шаляпин сияқты сырбаздар мен сұңғақтар «паһ!» дегізіп таңдай қақтырды.

Осынау қасиетті сахнаға елорда­мыздың жас өнер ұжымы «Astana Ballet» әдепкіден алабөтен концерт бағдарламасынан «базарлық» алып бара жатыр. «Шығыс Рапсодиясы». Қазақ халқының ұлттық биін, арасында әлем халықтарының дәстүрлі және заманауи би үлгілерін, орыс классикасын таныстыратын хореографиялық миниатюралар арқылы біздің өнерпаздар мәдени аралас-құраластығы бар, бүкіл әлеммен тамыр бүлкілі бір жайдары елдің өкілдері екенін Петербор жұртына паш етпек. Қазақстаннан, Астанадан ат терлетіп келетін өнерпаздардың афишасын күні бұрын аңдатпалап қойған Михайлов театрының сайтына бізде ерінбей-жалықпай кіріп шықтық. Шынтуайтында, хореографиялық нөмірлер жұмбаққа толы шығыс дүниесін әр қырынан танытатындай-ақ. Брусиловскийдің «Қазақ вальсі», Карл Дженкинстің «Қарлығашы», үндінің сарисвати, қытайдың тао йао, жапонның майко биі, «Chemirani», «Тұран» сынды этно-фольклорлық топтардың музыкасына қойылған көз сүйсіндірерлік композициялар бұйыртса сүттей аппақ түндер қаласын сұлу сазымен әлдилейді.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button