Жаңалықтар

ШЫҒЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР АСТАНА ТӨРІНДЕ

Бердібек Сапарбаев

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің Тұңғыш Президент залында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада оқитын шығысқазақстандық студенттермен және зиялы­ қауым өкілдерімен кездесті.

Кездесуді университет ректоры, тарих­ ғылым­да­ры­ның докторы, ҚР ҰҒА кор­рес­пондент-мүшесі Ерлан Сыдықов ашты. Содан кейін болашақ жас мамандардың алдында облыс әкімі сөз сөйлеп, шығыс­та­ғы соны серпілістер туралы баян етті. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, ғылым, кәсіпкерлік, білім, денсаулық саласында жас мамандар қажет екені жеткізілді.

Әсіресе, өндіріс, медицина, білім саласы мен көлік құрайтын зауыттар білімді де білікті мамандарға мұқтаж. Осы ретте сөз сөйлегендер ақжол тілеп, өнерлі жастарға ақыл-кеңесін айтты.

Өз кезегінде сөз алған студенттер көңілде жүрген, көкейге түйген сауалдарын әкімге қойып, пікір алмасты. Жастарды аймақтың экономикалық, әлеуметтік әлеуеті, денсаулық, білім беру саласындағы жаңалықтары қызықтырды. Әсіресе, келесі жылдан жүзеге асатын шағын «ЭКСПО» жобасы салиқалы әңгімеге арқау болды.

Аймақтың соны серпілістері туралы әңгімелеп, жастардың сұрақтарына жауап берген соң Бердібек Сапарбаев Астанада білім алып жатқан 30 студентке орташа көлемдегі шәкіртақы – облыс әкімінің сыйақысын табыс етті.

Басқосу соңында шығысқазақстандықтар Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетіне шағын автобус сыйға тартты.

         Базарбек ТҮКІБАЙ

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button