Sport

«ШЫҒЫСТАН» АСТАНА ШЫҚТЫ

Қазақстан бокс федерациясы кубогының ширек финалдық жарыстары басталды.  Шаршы алаңға бірінші болып «Шығыс» дивизионы командалары шықты. Елорда төрінде өткен бәсекеде Алматы облысы, Павлодар облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Астана қаласының құрамалары өзара мықтыны анықтады.

Жарыстың бірінші күні Астана боксшылары Павлодар облысы құрамасын 8: 2 есебімен тізе бүктірді. Алаң иелері қатарынан Азат Хамзин (49 кг), Ілияс Сүлейменов (52 кг), Мейірболат Тойтов (56 кг), Дархан Жұмсақбаев (60 кг), Мейірім Нұрсұлтанов (69 кг), Бақытжан Қожабеков (75 кг), Дәурен Елеусінов (81кг) және Василий Левит (91 кг) өз қарсыластарынан басым түсті. Алматы облысының былғары қолғап шеберлері Шығыс Қазақстан облысы командасын 7:3 есебімен жеңді.

Екінші күні Астана құрамасы Шығыс Қазақстан боксшыларын 9:1 есебімен ұтса, дәл осындай есеппен алматылықтар Павлодар облысы боксшыларын тізе бүктірді. Осылайша, федерация кубогының жартылай финалына шығу үшін Алматы облысы мен Астана құрамаларында бірдей мүмкіндік болды. Осы екі команда арасында өтетін жекпе-жектер нәтижесі жартылай финалға шығатын құраманы анықтайтын болды.

Ал сол шешуші бәсекеде Астана боксшылары 6:4 есебімен жеңіске жетіп, бірінші болып Қазақстан бокс федерациясының жартылай финалына шықты. Шымкент қаласында өтіп жатқан «Оңтүстік» дивизионы бойынша жеңімпаз команда бүгін анықталады. Ақтөбеде өтетін «Батыс» және Қарағандыда өтетін «Солтүстік» дивизиондарының жеңімпаздары 29 шілде күні белгілі болады.

Қазақстан бокс федерациясының жартылай финалдары Астана қаласында 14 желтоқсан күні, ал финалдық жекпе-жектер 15 желтоқсан күні өтеді.

Ербол ЖАНАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button