Жаңалықтар

ШЫҒЫСТЫҢ ШЫРАЙЫН ТАНЫТҚАН ШАРА

Наурыз мерекесіне арналған мерекелік шараға шығысқазақстандық делегация ерекше дайындықпен келгенге ұқсайды. Алаңның қақ ортасына тігілген ақшаңқан үй өзге өңірлердікінен өзгешелеу көрінді.

Еңсесі биік үйдің табалдырығынан көппен бірге біз де аттадық. «Өр Алтайдың ауылы» атты бұл шаңыраққа шығыстан шыққан өнердің кіл қаймақтары жиналыпты. Алты қанат ақ боз үйдің іші ән-жырмен көмкеріліп, ұлттық үрдістер көрсетілді. «Айша бибі» әжелер ансамблі шырқаған халық әндері әуелеп, тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырды.

Ең қызығы, ақ боз үйдің іші сонау Абай заманындағы заттармен жабдықталыпты. Тіпті, арасында Құнанбайдың, Абайдың тұтынған бұйымдары да бар. Мәселен, орыс көпесінің ақынға тарту еткен ер тоқымы, Құнанбайдың құманы, Шәкәрімнің нарқобызы секілді құнды дүниелерді халық көзімен көріп, қолымен ұстауға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар мұражайда сақталып келген бұл заттарды елорда жұртшылығы көрсін, таныссын деген ниетпен арнайы алып келгендіктерін айтады.

Бұдан өзге шығыстан келген қолөнер, ауылшаруашылық өнімдері де халық игілігіне ұсынылды.

Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button