Мәдениет

Шын жүйрік пен шын мықты анықталды

Астанадағы «Қазанат» атшабарында Республика күні және ҚР мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спорты фестивалі аясында бәйге мен көкпардан жарыс өтіп, жеңімпаздар анықталды.

Ең әуелі 11 қазан күні көкпармен басталған жарыста Солтүстік өңірден жиналған 7 команда топтық кезең арқылы жартылай финалдың жолдамасын сарап­қа салды. Ал турнирдің қорытындысы бойынша, Қостанай облысы финалда Астана қаласын жеңіп, чемпион атанса, Қарағанды қаласының спортшылары Қарағанды облысынан басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.

Осылайша аты мен тақымы мықты жігіттердің тартысының жеңімпазына – 5 млн, 2-орынға – 3 млн, 3-орынға – 2 млн, 4-орынға – 800 мың, 5 пен 6-орындарға 600 мың теңге сыйақы табысталды.

Сондай-ақ фестиваль аясында көкпар бәсекесінен кейін, ипподромға жиналған көрермен жорға жарыс, құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйгені тамашалап тұлпарлардың жүгірісін көзден кешірді.

Ал «Азаннан салса кешке озған, ылдидан салса төске озған» жүйріктердің арасынан жүйткіп келіп 21 ат қосылған 25 шақырымдық бәйгеде бірінші болып мәре сызығын астаналық Дулат Нұрмұханбеттің «Гауһар қыз» есімді жүйрігі кесіп өтіп, қанжығасына 4 000 000 теңгені байласа, онымен құйысқан тістесіп, екінші орынның 2 500 000 теңгесін Әлібек Нұрғазының «Маржан» деген жүйрігі ұтты. Үшінші орын Абай облысынан келген Нұрсәулет Ерболов­тың «Салпанқұлақ» атты жүйрігіне бұйырса, Қуанышбек Төлендиновтің «Моли» есімді арғымағы төртінші келді. Бесінші келген Қарағанды облысының жүйрігі Дүйсенбек Бақдәулеттің аты «Көкшоқай» болды.

Топ бәйгеге 13 ат қосылып, бірінші орынды Алматы облысының «Айторғаны», екінші орынды Астана қаласының «Салауаты», үшінші орынды «Түйеторысы» алса, 9 шақырымдық жорға бәйгеге 13 шабандоз қатысып, бірінші орын Абай облысының су төгілмесі «Профессор» атты жорғаға, екінші орын астаналық «Триумфға», үшінші орын тағы да Абай облысының «Яро Син» атты жорғасына бұйырды.

Құнан бәйге бойынша 9 шақырымдық жарысқа 18 құнан қосылып, бірінші орынды Темірлан Застенконың «Сарма» деген құнаны, екінші орынды Әмір Серіктің «Қызылжары», үшінші орынды Қуанышбек Төлендиновтың  «Шыңғыстау» атты құнаны алып көпшілікті шабысына тәнті етті.

Осылайша тайында құнаннан, құнанында құланнан озған кіл жүйріктермен шын жүйріктердің жарысы жанкүйерлерінің айызын қандырып, жердің апшысын қуырып, ауыздан ауызға аңыз болып айтылып таралатындай дәрежеде аяқтады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button