Мәдениет

ШЫНАЙЫ ӨМІРДЕГІ ШЫҒАРМА

Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Сәуле Досжановамен кездесу өтті.

85eaadb12c96831e2dd8e8d0ba75e08b_xl

Шара барысында аталған оқу ордасындағы ғылыми кітапхананың директоры Бақытжан Оразалиев қаламгердің шығармашылығы туралы қысқаша сөз қозғады. Одан кейін жиналғандарға жазу­шының өмірі мен өнері жайында дайындалған слайд көрсетілді. Бүгінге дейін Сәуле Досжанова жұртшылықа ақындығымен жақсы танылған. Сондай-ақ, ол кісінің проза саласында да өнімді қалам тартып жүргендігін білеміз. Әсіресе, оқырмандар оның соңғы жылдары жазылған «Өгей жүрек» атты хикаятын жылы қабылдаған еді. Шығарма шынайы өмірден алынған. Хикаятта елімізде алғаш рет жүзеге асқан жүрек трансплантациясы туралы айтылады. Көркем туындыдағы суреттелген кейіпкерлердің барлығы өмірде бар. Солар да әдеби кешке қатысып, жазушыға деген ізгі лебіздерін білдірді. Реципиент Жәнібек Оспанов: «Осы кітап шыққанда анам мен зайыбым қайта-қайта оқиды және оқыған сайын жылай береді. Өзім де алғаш үлкен әсерден арыла алмай жүрдім. Қазір отбасымның, жақындарымның ортасында бақытты күндерді бас­тан өткеріп жатырмын. Аяулы апайыма жақсылық тілеймін» деді ол. Сонымен бірге, Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының трансплантация бойынша үйлестірушісі Сәуле Шайсұлтанова да өзі еңбек етіп жүрген сала туралы көпшілікке кеңірек баяндап берді.
Кеш соңында қаламгердің өзі де жиналған қауымға алғысын айтып, оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, шығармашылық ойларымен бөлісті.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button