Ел тынысы

Шынайы өзгеріс шыңға шығарады

Референдум өтті. Эйфория жоқ. Болмағаны дұрыс. Кез келген ірі саяси шарадан кейін 1-2 ай бөркімізді аспанға атып, қайта қағып ала алмай қалған заманға да куә болдық қой. Осындайда көлбеңдеп ерекше көзге түсетін кезекші шешендердің кезекті одаларынан көз сүрінетін. Ең бастысы, 70 пайызға жуық отандасымыз өз таңдауын жасады. Солардың 80 пайызға жуығы өзгерістерді қолдады, бұл – үлкен күш, үлкен сенім, үлкен үміт. Дегенмен 18 пайыздан астам сайлаушы қарсы дауыс бергенін де ескеру керек.

[smartslider3 slider=3193]

Ал енді сайлау учаскесіне бас сұқпаған 30 пайыздай тұрғынды өз таңдауын анықтамаған, әрі-сәрі күйдегі күмәндәнушілер, немқұрайлылар қатарына қосуға болатын да шығар?! Жалпы халық «Жаңа Қазақстан» деп үкілеген үмітті күмән жеңіп кетпеуі үшін біздің билік енді нәтижеге жететіндей шұғыл әрекет ету керек. Оған негіз бар instant 300 dollar loan . Ата Заңымызға айтарлықтай өзгерістер енгізілді, «Жаңа Қазақстанға» қадам басатын алғышарт жасалды. Референдум қарсаңында айтылған әңгіме, уәде, мақсат-жоспарлар мінбер айналасы мен қағазда ғана қалып қоймаса екен. Кешегі референдумнан кейінгі халыққа арнаған үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны ерекше атап көрсетіпті: «Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын» деді Мемлекет басшысы.

Жасыратын несі бар, кешегі Қазақстанда болашағымызды белгілеген мінсіз стратегиялық құжаттар аз болған жоқ. Қаншама ұлттық жобалар, бағдарламалар қабылданды, қыруар қаржы бөлінді. 2030, тіпті 2050 жылға дейінгі жолымызды тасқа таңба салғандай айқындап, дамыған отыз елдің қатарына да қосылуға шақ қалғанбыз. Ал енді не болды?! Сол отыз ел қайда, біз қайдамыз? Неге жете алмадық сол межеге? Жалаулатқан тұсаукесерлер мен құмға сіңген миллиардтардың сұрауы кімнен?

Сөз бен істің алшақтығы, нәтижеге апарар жолдың көмескілігі, заңдар мен тетіктердің жетілдірілмеуі бізді жаңа белестерге жеткізбейді. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаев өз үндеуінде «Ата Заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысы емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз» деуі тегін емес. Билік буындары арасында нақты нәтижеге жеткізетін үйлесім керек. Онсыз жаңа бастамалар жанданбайды.

Ел басшысы осы үндеуінде билік тізгінін ұстағандардың барлығы қағида етіп кабинетінің төріне жазып қоюға тұратын пікір білдірді. «Мемлекеттік қызмет дегеніміз жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз».

Ел үндеуге құлақ түріп жатқанда, әлеуметтік желілер бір жағымсыз хабар таратты: 6 маусым күні Екібастұз қалалық соты шаһар әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметов пен оның қарамағындағыларды 6-8 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жөнінде шешім шығарғаны жарияланды. Олар атқарылған жұмыстар актісіне көз жұма қарап, қол қою үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған. Өкінішке қарай, мұндай оқиға Екібастұзбен шектелмейді, алып еліміздің ірілі-ұсақты мемлекеттік мекемелерінде күн сайын қайталанып жататын көрініс. Жемқорлық қылмысы бойынша өткен жылы елімізде 900-ге жуық мемлекеттік қызметкер құрықталған екен. Соның 200-ден астамы – ішкі істер органдары саласынан, 150-і – әкімдіктер мен оның құрылымдары қызметкерлері, өзгелері – министрлік, құқық қорғау органдары өкілдері, тіпті бұрынғы әкімдер мен министрлер бар. Олардың 70 пайызға жуығы пара алғаны үшін жаза арқалады. Сыбайлас жемқорлықпен күресетін басты органға халық сенімі 2019 жылы – 3,8, ал 2020 жылы 6,2 пайызды ғана құраған екен. Яғни жұртшылық жемқорлықпен күрес тиімділігіне сеніп отырған жоқ.

Еліміз сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша әлемдегі 180 елдің ішінде 2019 жылы 113-орынға табан тіресе, 2020 жылы шамалы жылжып, 94-орынға жайғасыппыз. Өкінішке қарай, 2021 жылы тағы да төмендеп, 102-орынға сырғыдық.

Былтыр менің жас әріптестерім министрлер мен әкімдердің соңынан қуып жүріп «жалақыңыз қанша?» деген сауал жолдау «хитке» айналғанда, «Астана ақшамында» «Айдың арғы беті» деген мақала жазып, көрініп тұрған заңды жалақыда нелерің бар деп ренжіген едік. Айдың арғы бетіндегі сияқты көрінбей тұрған көлденең табыс, күмәнді жобалар, көлеңкелі тұстар қаншама. Осындай көлбеңдеген көлеңкелер біздің мемлекеттік жүйеге күн сәулесін түсіруге кедергі, тұсау болатын сияқты. Мұны жоюдың бір жолын былтыр күзде Мемлекет басшысы өзі айқындап берген еді. «Жемқорларды құрықтаумен қатар, пара мен үлес алуға жол ашатын басқару ісіндегі бюрократиялық кедергі-кемшіліктерді жоспарлы түрде жою керек. Шешім қабылдайтын шенеунік пен оның айналасындағыларға «өз қалтасын» толтыратын ешқандай мүмкіндік қалдырмау керек» дегенді меңзепті Қасым-Жомарт Тоқаев. Енді осы бағыттағы жұмыстарды нәтижелі ететін кезең туды. Әйтпесе лауазымы жоғарылаған сайын басшы қызметкердің көпшілігінің жалақысы ғана емес, көлденең табысы да еселеп өсе беретінін, жақын-жұрағатының дүние-мүлкі де күн сайын көбейе беретінін жұртшылық көріп-біліп отыр. Бұл құбылыс асқына берсе, барша билікке деген сенімге селкеу түседі.

Өткеннен қалған бір жаман әдет бар: елді алға сүйрейді-ау, өзгертеді-ау деген тағдыршешті, үлкен шараларды ерекше бір қарқынмен, жалаулатып, алаулатып, ұрандатып бастаймыз да, көп ұзамай саябырсый береміз, бәсеңдей түсеміз, нәтижеге жетпей-ақ шаршап-шалдығамыз. Осыны дәл аңғарған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кешегі үндеуінде «Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады» деп кесіп айтқан екен. Ендеше «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген қоғамның ниеті де, қадамы да нәтижелі, жемісті болсын деп тілейік!

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button