#Жолдау-2022

Шынайы шешім болды

– Бұл жолғы Жолдаудың мән-маңызы мен мазмұны айрықша болды. Бұрын «неге мемлекеттік тілде сөйлемейді?» деген шағымдар көп болатын. Байқасаңыз, осы жолы біздің Президент екі тілде бірдей сөйледі.

[smartslider3 slider=2506]

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғам өмірінің барлық бағытына тоқтала келе, Парламент пен Үкіметтің қоғам алдындағы рөліне және міндетіне қатысты жаңа қағидаттың басшылыққа алынатынын жеткізді. Бұл – өте маңызды мәселе.

«Парламенттің төменгі палатасы біреулерге жасанды преференция бермей, елдің бүкіл электоралды ландшафтын көрсетуі тиіс. Осылайша Мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясының квотасын қысқартамыз. Меніңше, бұл саяси да, заңды да тұрғыдан дұрыс. Бұл квота Сенатқа беріледі және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқарады. Соған орай, Мәжілістегі депутаттық орынның жалпы саны қысқарады» деді Президент.

Үнемі әлеуметтік мәселелермен айналысатындықтан, соңғы уақытта балалар мен әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты күшейтуге, қатайтуға қатысты Мемлекет басшысының нақты тапсырмалар бергенін ерекше атап өткім келеді.

«Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттігін жиі көтеріп жүр. Мен осындай құқық бұзушылықтарды криминализациялаудың орындылығын анықтауға нұсқау берген болатынмын. Бас прокуратураға осы мәселені жан-жақты зерделеп, шешуді тапсырамын» деді Қ.Тоқаев.

Ұлттық құрылтай атауы қандай әдемі! Шынында да, өзіміздің дәстүрімізді дәріптейтін ежелден келе жатқан керемет сөз, мағынасы терең, өте зор, яғни басқаша айтқанда, барлық қоғамдық кеңестердің орталық органын құру маған ерекше ұнады. Себебі бұл әр адамның бойында ­патриотизм сезімін оятады. Президент айтқандай, оған шынымен де халық арасында беделі бар адамдар кіруі керек.

Әсіресе, облыс атауларының қазақшалануы маған қатты ұнады. Бұл анық, халықтың жүрегінен шыққан шынайы шешім болды. Мәселен, Абай облысы. Құлаққа қаншалықты жылы естіледі десеңізші! Жалпы мен семейліктерге үлкен құрметпен қараймын. Өйткені ұлы Абайдың жерінде өскен адамдардың болмысы бөлек. Сондықтан қай жағынан, экономикалық немесе геосаяси тұрғыдан алсақ та, Абай облысын құру өте дұрыс болды.

Ұлытау облысына келсек, өз басым Жезқазған облысында туып-өсіп, сол жерде мектеп бітірдім. Бір кездері экономикалық тұрғыдан дүркіреп тұрған, тау-кен өнеркәсібі ерекше дамыған аймақ қой бұл. Жәйремдегі тау-кен комбинаты күллі республикаға танымал болатын. Енді сол облыстың атауы қайта қайтарылуы, әрине, тұрғындар үшін зор мәртебе деп білемін.

Жетісу облысының Қапшағай қаласына халқына қалтқысыз қызмет еткен Д.Қонаевтың есімін беру де көптің көкейіндегіні дөп тапқан маңызды әрі дұрыс шешім болды.

Үлкен саяси өзгерістерді бастан кешіріп жатқан қазіргідей кезде Мемлекет басшысының шешімдерін, соның ішінде президенттік билікке қатысты пікірді қолдаймын. Расында да, жергілікті жерлердегі әкімдер сияқты Президент те партиядан бос болуы керек. Бұл туралы бұрын көп сөз болғанмен, оны мұндай деңгейде айтуға ешкімнің батылы жетпеген еді.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуға тиіс екенін ескерте отырып, Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым енгізілетінін атап өтті. Сөз жоқ, бұл шешімді де құптаймын.

Қарақат ӘБДЕН, «Қазақ қызы» ҚБ әйелдер мәдени-

адамгершілік тәрбие институтының құрылтайшысы:

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button