Басты ақпаратМәдениет

Шынардай мықты Шынар

Әдетте кәсіби мерекеміз немесе белгілі мерейтойда журналистер жайлы жазып жатамыз. Ал мерзімді басылымдарды баспаға дайындауда еңбегі журналистерден бір мысқал да кем емес техникалық қызметкерлер – дизайнер-беттеу­шілер, корректорлар көбінесе сырт қалып жатады. Бірақ журналис­терге қарағанда солар жұмысқа тұрақты болып келеді. Мәселен, «Астана ақшамы» газетіне осы күнге дейін талай тілші келіп кетті. Ал корректор Шынар Жақыпованың басылымымызға қабылданғанына биыл ширек ғасыр болып отыр.

Осы жылы Астана қаласы 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола шаһарына Астана атауы берілді. Шынар одан сәл ертерек, сәуір айында сол кездегі «Ақмола ақшамы» газетінің табалдырығынан аттады. Қазіргідей техника жоқ заманда машинка басушы қызметіне қабылданды. Қала атауы өзгергенде, газет атауы да өзгерді. Ал Шынар содан бері «Астана ақшамына» адалдығынан айнымай келе жатыр. Корректор болып істеп келе жатқанына да он бес жылдың жүзі болды.

Бұл – өте жауапты жұмыс. Газет қыз­меткерлері біледі, журналист мақала жазып, тапсырады. Оқырманның қолына тигенше ол бірнеше өңдеуден өтеді. Бас редактор, корректор, кезекші редактор оқыған соң ғана баспаға кетеді. Осы жерде корректордың жауапкершілік жүгі зор. Әріп қатесін түзейді, тәжірибелі қатегер тіпті стилистиканы, мақаладағы орашолақ сөйлемдерді жөндеп жібереді.

Шынар жайлы осыны айта аламыз. Ширек ғасыр бойы «Астана ақшамында» жұмыс істеп келе жатқан ол алдына келген мақаланы мұқият оқиды. Қателерін қағып жіберіп, түсініксіз құрылған сөйлемдерді жөндей салады. Бір сөзбен айтқанда, тәжірибесі толысқан маман. Оның дәлелі – былтыр алған жоғары марапат – Президент алғысы.

Ал адами болмысына келгенде, әріптесіміз – жайдары, қолы ашық, мейірімді жан. Жалпы, адамның азан шақырылып қойылған аты оның өміріне, тағдырына әсер етеді деп жатады. Шынарға қарап соның шындығына сенесің. Шынар ағашы, әдетте, тауда өседі. Биік, мықты болып келеді. Шынардың бойы сұңғақ, діңі де осал емес.

Келін болып түскенде, қазақ отбасындағы тәрбиені көріп, келіндік ­институттан өтті. Бір айта кетерлігі, қайын атасы Әбілда Жақыпов журналист еді. Талай жыл «Арқа ажары», «Қазақстан теміржолшысы» газеттерінде еңбектенді. Сүйікті келініне де оның жолы жұғысты болды. Айтқанымыздай, Шынар, міне, бір басылымда ширек ғасыр бойы жұмыс істеп келе жатыр. Арада тек Целиноград аудандық «Призыв – Ұран» газетіне қайырылды, өмірі «Астана ақшамымен» бірге жалғасып жатыр. Қызын ұзатып, өзі енді ене болып отыр.

Корректор жауапты жұмыс екенін айттық. «Мұртты көсем» заманында басылымдағы өрескел қате үшін басы кеткен күндер де болған. Қазір заман басқа. Десек те Шынардың қырағы көзі ондай қателерді өткізбейді. Кейбіреулер ойлайтындай, бұл жеңіл де жұмыс емес. Аптасына бірнеше рет шығатын 8 немесе 12 беттік бүкіл газетті оқып шыққанда қаншама көз майын тауысады…

Вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың «Шынарым» деген әні бар. Көкшелік ақын Еркеш Ибраһим мәтінін жазған бұл ән «Даланың гүлдері шешек жарған» деп басталады. Шынар тура осындай кезде, Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында дүниеге келді. Осы мерекелі күндері мерейтойын да атап өтті. Әріптесімізді құттықтай отырып, көктемдей шуақты өмір тілейміз!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button