Шырша тойына дайынбыз
Гүлнар ҚҰЛЫШЕВА, «Астана қаласының мамандандырылған сәбилер үйі» ММ бас дәрігері
– Жыл сайын елімізде дәстүрлі түрде Президент шыршасы аталып өтеді. Сәбилер үйінде бұл шараға дайындық барысы қалай?
– Әр бала үшін жаңа жыл мейрамының орны бөлек. Мұнда тәрбиеленіп жатқан сәбилер де бұл қуанышты асыға күтеді. Жасына жас қосқан сайын балалар өздерінің сыйлық алатынын сезініп, шыршаға ерекше ықыласпен дайындалады. Президент шыршасын
асыға күтеді.
25 желтоқсан күні мекемеде шырша тойын тойлаймыз. Оған қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл күні қайырымдылық танытып, балаларға өз сый-сияпатын әкелушілер көп. Олардың қатарында елшілік қызметкерлері, қалалық әкімдік өкілдері, Астана қаласының қаржы полициясы, «Астана» журналы және жеке азаматтар да қамқорлық танытуды жылдағы дәстүрге айналдырып келеді. Ал қуыршақ театрының әртістері мен цирк ұжымы балаларды арнайы құттықтауды еш ұмытпайды.
– Мекемеде қанша бала тәрбиеленіп жатыр?
– Бізде жаңа туған сәбиден бастап, төрт жасқа дейінгі 72 бүлдіршін бар.
– Елбасының биылғы Жолдауында жетім балалардың тағдыры назардан тыс қалмады. Тастанды сәбилердің қатарын азайту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында жетім балалардың қоғамда көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сондықтан, ең алдымен, бала асырап алудың жолын қарастыруымыз керек.
Бүгінде біздің мекемеде бала асырап алуға ниет білдіргендер саны – жүз адам. Қайырымдылық бөлімінде уақытша қалдырылған 13 бала болса, «Үміт» үйінде 22 бала анасымен бірге қамқорлыққа алынды. Бұлардың көбі – түрлі жағдайларға байланысты сәбиінен бас тартқысы келгендер. Біз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, әр баланың анасының құшағында өсуін құлаққа құйып келеміз. Мүмкіндігінше екеуін ажыратпауға, баласын тастап кетпеуге ықпал етеміз. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, 2010 жылы 11 бала туған анасымен қауышса, былтыр 23 бала өз шешесімен бірге болу бақытына бөленді. Жыл басынан бері, жалпы саны 35 ана өз сәбиін қамқорлыққа алды.
Айта кетерлігі, мұндағы сәбилер үшін ең үлкен сыйлық «Ана» деп айтар едім. Тілі шыққан бөбектердің бәрі «Менің мамам қашан келеді?» деп сұрағанда, не деп жауап берерімді білмеймін. Сондықтан жүрегінде жылуы, тәрбиелеуге мүмкіндігі бар азаматтар жетім балалардың санын азайтуға үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Рахмет!
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ