Басты ақпарат

Сібір картасында Сығанақ көрсетілген

Санкт-Петербургтен қазақ тарихына қатысты құнды құжаттар табылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бір топ ғылыми ­қызметкері «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы архивтері мен кітапханаларынан тарихымызға қатысты тың мәліметтерді айқындап, жинастыру мақсатымен сол шаһарға іссапармен барып қайтты. Ресей Ұлттық кітапханасы, Ресей Ғылым академиясы кітапханасы, Санкт-Петербургтағы «Орыс географиялық қоғамы» мен Ресей Мемлекеттік тарих архиві және Мемлекеттік әдебиет және өнер архивінің қорларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

[smartslider3 slider=3731]

Басты мақсат – өткен дәуірлердегі бабаларымыздың еліміздің тарихында алар орнын, олардың алыс-жақын елдермен қарым-қатынастағы саяси ұстанымдарын және мәдениетіміз бен өнерімізге қосқан үлесін бағамдап, ғылыми негізделген тарихи еңбектердің жазылуына өзіндік үлес қосу.

Іссапар барысы тарихы терең Ресей мемлекеттік кітапханасынан басталды. Кітапхана тарихы 1795 жылдан бастау алады. Еуропа, Азия мемлекеттері жалпы дүние жүзі мемлекеттерінің бірнеше тілдеріндегі 4,5 млн-нан аса құнды қолжазбалар мен құжаттар сақталған. Кітапхана қорындағы әлемдік деңгейдегі шығыстанушы, түркітанушы, тарихшы-этнолог ғалым Самойловичтің жеке қорымен және де 1400-ге жуық сипаттамасы берілген XIX-XXғ.ғ қатысты парсы-тәжік қолжазбалар каталогымен жұмыс жасалды.

Экспедицияның ізденіс жұмыстары Бүкілресейлік қоғамдық ұйым «Орыс географиялық қоғамында» өз жалғасын тапты. Дүние жүзі бойынша ең алғаш құрылған географиялық қоғамдар катарынан табылатын «Орыс ­географиялық қоғамы» 1845 жылы құрылған. «Орыс географиялық қоғамының» экспедициялары Ресейдің Еуропалық бөлігін, Орал, Сібір, Қиыр Шығыс, Орталық Азия, Қазақстан аумақтарының географиялық жағдайларын зерттеуде маңызды мәліметтерге бай. Архив қорында әлем халықтарының мәдениеті мен Орта Азияға қатысты фото мен құжаттар сақталған, 500 мыңға жуық кітапхана қоры бар. Іссапар тобы аталмыш ғылыми мекеме бойынша «Орыс географиялық қоғамы» мүшелерінің ­этнографияға қатысты еңбектер тізбесімен, Орта Азия, Ақмола, Семей, Торғай облыстарына ­қатысты құжаттармен ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізді.

Белгілі орыс саяхатшылары И.В. Мушкетовтың, Г.Н. Потаниннің, П.П. Семенов Тян-Шанскийдің, Н.М. Пржевальскийдің жеке қорлары бойынша Орта Азия мен Қазақстанға қатысты ұйымдастырылған экспедиция қызметінің мәліметтері мен жазба кітапшалары, есептері, күнделіктері, карталары мен этнография саласына қатысты ғылыми еңбектерін анықтады. «Орыс географиялық қоғамы» бойынша  зерттеу жұмыстары нәтижесінде шығыстың жарық жұлдызы, ағартушы, көрнекті ғалым, этнограф, шығыстанушы Ш.Уәлихановтың  1858-1859 жылдары жазылған Орта Азия деректері атты қолжазбасының көшірмесі әкелінді. Бұл қолжазба мәліметтері бүгінгі күнге дейін өз маңыздылығын жоймаған Орталық Азияның кең байтақ территориясын мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетіне қатысты аса құнды деректер береді.

«Орыс география қоғамы» картография бөлімі бойынша жасалған ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Ремезовтың Қытай шекарасын қамтыған Сібір картасының (1698ж) көшірмесі әкелінді. Карта І Петрдің бұйрығымен жасалған. Семен Ульянович Ремезов (1642-1721ж) –  Сібір зерттеушісі, картограф, тарихшы. 1695 жылы Мәскеуге жіберілген карталар негізінде Сібір бөлігіне байланысты бірнеше сызбалар жасап, осы аудандарда жүргізілген ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде Сібір картасы жасалады. Картада XVII ғасырдың аяғындағы Қазақ хандығы территориясындағы географиялық топонимдер мен қалаларға қатысты маңызды  мәліметтер келтірілген. Атап айтар болсақ, ұзақ уақыт бойы Қазақ хандығының рухани-саяси орталығы болған Сығанақ қаласы көрсетілген. Ремезовтың Сібір картасы Қазақстан үшін құнды тарихи дереккөз болып табылады.

Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды жинақтау барысында іссапар тобы өз жұмысын Ресей Ғылым Академиясы кітапханасында жалғастырды.

Бұл кітапхана 1714 жылы І Петрдің жарлығымен ашылған қоғамдық пайдалануға арналған алғашқы мемлекеттік ғылыми кітапхана. Аталмыш ғылыми кітапхананың ашылуы Ресей мәдениеті мен ғылымының гүлдену кезеңінің бастауы болды. Кітапхана қорының 40 пайызы шетелдік авторлардың монографиялары мен әртүрлі тарихи кезеңдерді қамтитын құжаттар қорынан тұрады, 15 мыңға жуық қолжазбалар қоры арнайы бөлімде сақталған.

Кітапхана қорының  картография бөлімі бойынша еліміздің тарихына қатысты тарихи ­зерттеулер де маңызды деп саналатын 1745 жылғы Ресей Империясының бас картасы, 1793 жылғы Ресей Империясының тарихи картасы, 1593 жылғы жаңа деректерге қатысты Ресей Империясының бас картасы, Carte de Tartarie Macne Tartaria Tabula, I empire Russe en Europe et en Asia, 1951жылғы Иран ғылым академиясының Сурату-л-Арди Ли-ш-Шартфи-л-Идрисий-л-Мутаваффа Саната, Дүниежүзі карталарының көшірмелері әкелінді. Ерекше назар аудартатыны – кейінгі ортағасырлық дәуірде жасалған «Тартария» атты карта. Бұл картада Сібірде қоныстанған халықтардың елді мекендерімен қатар Орталық Азияны қоныстанған халықтардың жері көрініс тапқан.

Экспедиция жоспарының негізгі бағыттарының бірі – Ресей Федерациясының (Санкт-Петербург) архив қорларында ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізу болғандықтан, іссапар тобының жұмысы Санкт-Петербург қаласының Орталық Мемлекеттік Әдебиет және Өнер архивінде жалғасты.

Архив қорында 343000 құжат сақталған. 1005-ке жуық қордың 650-і – жеке қорлар. Архив қорларындағы құжаттардың хронологиялық шеңбері 1918 жылдан басталып, бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Театр, шығармашылық одақтар, түрлі басылымдар мен музейлер тарихына қатысты құжаттар сақталған. Сонымен қатар жеке қорларды жазушылар мен кино-өнер қайраткерлерінің, белгілі суретшілердің өнеріне байланысты жазба құжаттары, хаттары сақталған. Іссапар тобы қазақ әдебиеті мен өнеріне қатысты қорлар бойынша ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізіп, көркемсөз шебері, қазақ және кеңес ­поэзиясын ілгері дамытуға өз үлесін қосқан айтулы ақын, жауынгер, «Мен қазақпын» поэмасының авторы Жұбан Молдағалиевтің хаттары мен жеке құжаттарын анықтады. Сонымен қатар Ленинградтың Қазақстандағы әдебиет және өнер күндерінің өткізілуіне қатысты құжаттар мен фотосуреттер, Жазушылар одағының құжаттары және т.б. Қазақстан өнері мен мәдениетіне байланысты құжаттар анықталып, әкелінді.

Ресей Мемлекеттік әдебиет пен өнер архивімен қатар Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері Ресей Мемлекеттік тарих архивінен де Қазақстан тарихына қатысты маңызды құжаттардың көшірмелерін алуды іске асырды. Аталмыш архив бойынша «Орынбор-Ташкент темір жолының солтүстік және оңтүстік бөлігін салу жөніндегі басқарма ісі», «Жер мәселесі жөніндегі ісқағаздар», «Жер мәселесі департаменті», «Телеграф және байланыс Мемлекеттік басқармасы» атты қорлардан 1024 парақтан тұратын құжаттардың түпнұсқалық көшірмелері алынды.

Ресей мемлекеттік тарих архивінен жинастырған құжаттар Қазақстан тарихының мазмұндылығын арттыруға қызмет етеді және тарихшылардың ­шынайылыққа негізделген ғылыми туындыларды дүниеге әкелуіне серпін береді деген сенімдеміз.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері тарихымызға қатысты деректік маңызы бар мәліметтерді жинастыруда елімізде бұдан бұрын жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шетелдерден  алынған материалдарға мұқият көңіл бөлді. Бұл материалдар жаңа Қазақстанның жаңа тарихын жазуға септеседі деп ойлаймын.

Гүлсім БИСЕНОВА,

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button