Мәдениет

Симфониялық музыка кеші

Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залында симфониялық музыка концерті өтті. Аталмыш университет колледжінің симфониялық оркестрі (дирижер Асқар Дүйсенбаев) Батыс Еуропа, орыс және қазақ композиторларының шығармаларын орындады. 

Австрияның ұлы композиторы Вольфганг Амадей Моцарттың төрт бөлімнен тұратын № 28 симфониясымен ашылған концертті Сергей Прокофьевтің «классикалық» деп аталатын № 1 симфониясы, Сергей Гонтаренконың «Таңсәріде» пьесасы жалғады.

Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Еркеғали Рахмадиев, Шамғон Қажығалиев, Құбыш Мұхитов сынды музыка майталмандарынан тәлім алған дирижер, композитор Тілеуғазы Бейсембектің балаларға арналған сюитасынан «Алақай, үзіліс», «Ормандағы бал», «Биші қыз» пьесалары орындалды.

Композитор Тілес Қажығалиев қамшының сабындай қысқа ғұмырында көптеген симфониялық шығармалар, әндер мен романстар, спектакль мен кинофильмдерге музыка жазды. Концертте оның «Дала аңызы» аталатын симфониялық поэмасынан «Қыз қуу» биі биленді. Сондай-ақ, көрермендер Серік Әбдінұровтың «Әбдінұр» атты пьесасына қол шапалақтады.

Концертті IV курс студенті Мақсат Тұрсынбай оркестрге қосылып орындаған Томазо Альбинонидің «Адажио» композициясы түйіндеді.

«Концертте орындалған музыка көрермендердің құлақ құрышын қандырып, классиканың аты классика екенін тағы көз жеткізді. Кешті Шырын Ахметжанова деген қарындасымыз да әдемі жүргізіп шықты» дейді көрерменнің арасында болған күйші, композитор, өнер зерттеуші Қайыржан Мақанов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button