Ел тынысы

Симуляциялық орталықтың қызметімен танысты

Астана медицина университетіне отандық БАҚ-ның басшылары мен тілшілері келіп, Симуляциялық орталықтың қызметімен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Мың рет естігенше, бір рет көрген артық. Осы қағиданы ұстанған еліміздің бас редакторлары сенбілік демалысты тиімді пайдаланып, бірегей нысанда қолға алынған соны өзгерістерді бағамдап көруді жөн деп тапты.

Бұл еліміздегі жетекші орталықтардың бірі болып саналады. 2023 жылы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мұнда студенттерге нақты клиникалық практикаға ұқсас жағдайда оқуға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар орнатылды.

Болашақтағы қателіктерді алдын алу үшін симорталықта кәсіби дағдыларды үйретуге ерекше назар аударылған. Әсіресе осы мәселеде модельдеу орталығының рөлі зор. Оның артықшылығы сол, бұл студенттерді ғана емес, тұтастай медицинадағы мамандарды да оқытуға мүмкіндік беретін инновациялық кешен.

Симуляциялық орталықты жаңғырту кезінде оқу процесін жеңілдететін озық технологиялар енгізілгенін айта кетейік. Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – нақты және шартты қауіпті жағдайларда жаттығулар өткізуге мүмкіндік береді.

Мұны Қазақстандағы жетекші БАҚ-ның өкілдері де байқап, тіпті жедел жәрдем келгенге дейін қиындыққа ұшыраған адамға алғашқы медициналық көмекті көрсетудің жолдарына қанықты. Университеттің мамандары «алтын сағат» кезінде кез келген жанның өмірін сақтап қалуға көмектесетін аса маңызды әдістерді журналистерге үйретіп, келген қонақтар осы жаттығуларды мүлтіксіз орындап шықты.

Әдетте мұндай жағдайларды іс жүзінде қайталау қиын әрі пациенттердің өмірі мен денсаулығына зиян тию мүмкін. Тың үлгідегі орталық болашақ дәрігерлер мен қызметтегі мамандарға қажетті тәжірибені жинақтап, жаңа дағдыларды меңгеруге таптырмас құрал.

Аталған кешеннің ауданы 440-тан 1794 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, модельдеу кабинеттерінің көлемі 2,5 есеге артты.

Оқу орынның басқарма төрағасы-ректор Камалжан Надыров айтқандай, биыл оған 5 жыл мерзімге дейін аккредиттелген институционалды орталық мәртебесі берілді. Симуляциялық технологиялар арқылы оқу процесіне 248-дей оқытушылар тартылып, қазір университеттегі студенттердің 70%-ы осы жерден білім алып келеді.

Бұл орайда орталық қызметінің жолға қойылуы қазіргі денсаулық сақтау жүйесінде тиімді жұмыс істей алатын білікті медицина мамандарын даярлауда маңызды рөл атқаратынын айта кету қажет.

Сондай-ақ Камалжан Талғатұлы аталған іс-шараға қатысқан барлық редактор мен журналистерге алғыс айтып, бұл өзара тиімді қарым-қатынасты нығайту мен алдағы жемісті әріптестікке оң әсер ететініне сенім білдірді.

Соңында барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды.

Өз кезегінде отандық журналистер заманауи кешеннің қызметін оң бағалады. Тұтастай алғанда, қаламды серік еткен мамандар АстМУ-мен тығыз ынтымақтастық орнатып, осындай шеберлік сағаттары ұдайы өткізіліп тұрса деген ұсыныстарын жеткізді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button