Қала мен Сала

«СИҚЫРЛЫ» ҚАЗАН

getImage

Қазақтың дастарханы бауырсақсыз болмайды. Бауырсақ – берекенің бір белгісі тәрізді. Қарбалас шақта қонақ келсе, дүкеннен бауырсақ іздеп сабылатынымыз сондықтан.
Алайда, біз он шақты бауырсақты 200-300 теңгеге алып, «алданып» жүр екенбіз. Техника ғылымдарының докторы, өнертапқыш ғалым Қалтай Школұлының жаңа құрылғысын пайдалансақ, бауырсаққа тиімді бағада қол жеткізуге болады.

Нақтырақ айтсақ, бүгінде Астанада тұрып жатқан ғалым бір жолы 800 килограмм бауырсақ пісіретін жаңа техника ойлап тапқан.
Моңғолияның Баян-Өлгей айма­ғында туып, мектептен кейін сондағы политехникалық колледжде, одан соң Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде оқыған Қалтай Школұлы 22 өнертабысына патент алған. Моңғолияда ғылымға 10 жаңа­лық қосып, патент алған тұлғаға «Моңғолияның үздік өнертапқышы» деген атақ, алтын медаль беріледі екен. Бұл дәрежеге біздің кейіпкеріміз Моңғолияның сегізінші азаматы болып қол жеткізген.
Ғалымның қолданбалы ғылымға әкелген жаңалықтары, негізінен, ұн өндірісінің технологиясы, көмір өндірісі, қатты заттарды ұнтақтау әдісі, бауырсақ өндірісінің технологиясы, көліктердің іштен жанатын қозғалтқыштарын газбен жұ­­мыс істететін жүйе, үйлерді газбен жылытудың тиімді тәсілі, көмір, ағаш сияқты жанғыш қатты заттарды газға айналдыру тәсілдері секілді түрлі салаға арналған. Бүгінге дейін ашқан жаңалығының 50-60 пайызы Ұланбатырда қолданысқа енгізіліп, тіршілікті жеңілдетуге жұмыс істеп отыр екен.
Бірден 800 килограмм бауырсақ дайындайтын техникалық құрылғыны ғалым 1986 жылы ойлап тапқан. Жиырма жылдан бері бұл құрылғы Ұланбатыр өндірісінде қолданылып келеді.
«Бауырсақты қазақтар ғана жейді десек, қателесеміз. Оны моңғол, орыс, қытай, француз қатарлы көптеген ұлттардың ас мәзірінен де көруге болады. Ендеше, бауырсақты жалпы жұрттың тағамына айналдыру үшін, базарға көптеп шығаратын өндіріс қажет деп білдім. Сондықтан, жаңа технологияның тұтас желісін жасап шығардым. Әдетте нанды құрғақ ауада жылумен пісіретін болса, ал бауырсақты қыздырылған майға қуырып пісіреді ғой. Оның қиындығы да сонда» дейді ғалым.
Сонымен, Қалтай Школұлы жасаған техника бір жолда 800 килограмм бауырсақ өндіреді. Ресейде осы іспетті құрылғы бұрыннан бар екен. Алайда, оның мүмкіндігі бір сағатта 36 килограмм бауырсақ дайындауға ғана жетеді.
Бүгінгі күні Қазақстандағы, соның ішінде Астанамыздағы техника сататын дүкендерде де Ресейдің бауырсақ пісіргіш аппараты сатылуда.
Ал 1986 жылы-ақ патент алынған, бір дестен 800 килограмм бауырсақ дайындайтын Қалтай Школұлының сиқырлы қазанынан көпшілік әлі бейхабар. Оған, әрине, ғалымның тарихи отанына бертінде келгені де себеп еді.
Қалтай Школұлы Астанаға Ұлан­батырдан төрт жыл бұрын ғана қоныс аударыпты. Бүгінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде сабақ береді. Бір сүйі­нерлігі, ол өзінің ғылыми тапқырлығын қазақстандық өндірістің дамуына жұмсау қажеттігін мақсат етіп қойыпты. Бүгінде университет ғалымның екі өнертабысына патент берген. Ал, бұрынғы ұнтақтау процесіне арналған жаңалығы бойынша «Астана-2» электростансасымен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Сонымен бірге, тез әрі аз шығынмен бауырсақ жасауға мүмкіндік беретін құрылғысы да 2016 жылы өндіріске жаратылуы мүмкін екен.
Бұл орайда: «Қазір ол құрылғының суреті дайындалып жатыр. Алдағы жылы техниканың алғашқы экземпляры жасалып шығады деп үміттеніп отырмыз. Бұл жұмыстар енді қолға алынып отыр» дейді ғалым.
Жаңалық иесінің айтуынша, құрыл­ғының алғашқы бір данасын жасауға шамамен 3-4 миллион теңге кетеді екен. Ал оны неғұрлым көп шығарған сайын құны арзандай береді. Бұл астаналықтарды сапасы да қалыпты, бағасы да арзан бауырсақпен қам­тамасыз етуге мүмкіндік туғызады.
Нан өндірісіндегі кәсіпкерлер та­ра­пынан сұраныс болса, бұл өнер­табыстың біршама пайда әкелетіні, қазақ қоғамына да бұл жаңалық өз жемісін беретіні даусыз.

Ғалымды мазалайтын мәселелер:

* Менің байқауымша, Астанада техника ғылымына қатысты кітаптар аз. Талапты жастарды қолдау үшін бұл саладағы еңбектерді көп тарату қажет.

* Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаражаттың 85 пайызын математика, физика сияқты іргелі ғылымға, қалған 15 пайызын ғана қолданбалы ғылымға бөледі. Мысалы, әлемде шығарылмаған, шешімін таппаған 10 есеп қалса, техника ғылымдарында 10 мыңдаған шешілмеген түйткіл бар. Бұл біздің және әлемнің өркендеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан, қолданбалы ғылымға барынша көңіл бөлуіміз керек.

* Елбасы «Назарбаев Университеті» студенттері алдында сөйлеген бір сөзінде «Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес» деген болатын. Бұл жерде қазақ жастарының басқаға жалтақтамай, тың бастамаларымен, жаңаша көзқараспен еңбектенуін айтып отыр. Бұл технология саласына да байланысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button