Қала мен СалаМәдениет

СИҚЫРШЫЛАР АСТАНАЛЫҚТАРҒА ҰНАЙТЫНЫНА СЕНІМДІ

wel3

Бала күнімізде сиқыршылардың көзді арбайтын сиқырлы таяғы мен сан түрлі әрекеттеріне көз алмай қарап, олардың қас-қабағы мен көз қиығын ерекше қадағалап отыратынымыз бәріміздің есімізде. Таңғажайып әлемге сәби жүрекпен тамсанатынбыз. Біз ғана емес, үлкендер жағы да оп-оңай алданып қалып, арқа-жарқа мәз болып, сонау алыста қалған балалық дәурендеріне бір саяхат жасап қайтатын. Сол ғажайыптар әлеміне қайта оралғыңыз келсе, 5-6 шілде күндері өтетін бірінші халықаралық «Magic Astana» – «Сиқырлы Астана» иллюзионистер фестиваліне келіңіз.

«Сиқырлы Астана» – елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған бірегей жоба. Бұрын-соңды өтпеген фестивальді ұйымдастырушылар шараны енді жыл сайын жүзеге асырмақ.

Елорда төріне әлемнің түкпір-түкпірінен сиқыр өнерінің саңлақ­тары келетін болады. Екі күндік шоу барысында магия өнерінің майын ішкен майталмандар Бейбіт­шілік және келісім сарайында жинал­ған­дарға естен кетпес шоу ұсынады. Бағдарламаның ауқымы кең. Көзді ашып-жұмғанша талай қызық­тың куәсі боласыз. Өз ісінің шеберлері бұрын-соңды болмаған керемет­терді көрсетуге уәде етіп отыр.

Фестиваль қонақтарының ара­сын­да «отқа түссе жанбайтын» ағайын­ды Сафроновтар бар. Олар­ға әлемде тең келер өнер­паз аз. Ресей, Жапония, Америка мем­ле­­кет­­­терінің мамандары жұмыс істейтін эксклюзивті бағдар­ла­ма­ла­рын өздері дайындаған. 2012 жылы «Адамды тірідей өртеу» иллюзия­сымен талайды таң қалдыр­ған. Бұл сиқыр түрін осы уақыт­қа дейін телеарнадан немесе ғалам­тор бет­те­рі­нен көріп жүрген астана­лық­тар енді бетпе-бет тамашалай алады.
Ресейде фокус өнерімен айналысатын жалғыз қыз Александра­ Скачкова да – тікелей эфир арқылы танылғандардың бірі. Ол фокус­шы­лардың «Удиви меня» теле­жо­ба­сы­ның ақтық сынында топ жарған. Александра залдағы халықпен тікелей жұмыс істегенді ұнатады.

«Удиви меня» шоуының 3-мау­сымдағы тағы бір жеңім­пазы – Антон Абрашеков. Ол фокусшы-манипулятор ретінде ұшқан құс, жүгірген аңды қыбыр еткізбейді. Он жылдық тәжірибесі бар тағы бір талант елімізге қуана-қуана қадам басатынын жеткізіпті. «Удиви меня», «Уличная магия» жобаларының қатысушысы Александр Муратаев төрде отырған қалыңдықты той үстінде тығып қоятын өнерімен ерекшеленеді.

Он жылға жуық ертегі әлемі­не жетелеп жүрген талантты әртіс Павел Карахтанов та құр келмейді. Көрермендер бұл өнер иесімен Ресей арналары арқылы жақсы таныс. Әр жолы бағдарлама жүргізушілері оның қимыл-әрекетін оператор­лар түсіріп үлгере алмай­тын­дық­тарын айтып, бас шайқаған.

«Феномен», «Таңғажайып адамдар» шоуының жеңімпазы, сондай-ақ «Украинаның бірінші феномені» атанған Артем Тихевич Бейбітшілік және келісім сарайын дүр сілкіндіретініне сенімді. Ол өз өнерін ерекше бағалайды. Психологиялық, магиялық қасиеттер мен ішкі түйсігі арқылы жұмыс істейді. Мәселен, бала кезінде Артем мультфильм көргісі келсе, әкесі тамашалап отырған футбол арнасын оп-оңай ауыстырып жіберетін көрінеді.

Қырғыз елінің жоғары санатты сиқыршысы, IBM мүшесі, американдық SAM бауырластық клубының мүшесі, Еуропада өткен «Битвы магов» және басқа байқаулардың жүлдегері Ильдар Ягофаровтың қолына түскен дүние сол сәтте ғайып болады. Басқа біреудің қалтасынан табылуы мүмкін не аспанға ұшып жоғалады. Ауада қалықтап, күлге айналады. Қырық бөлінген қағаз ақша қайта қалпына келеді. Адамдар «ұшып», қасық-шанышқылар қол тигізбесеңіз де өздері қимылдап, аузыңызға ас салады. Қысқасы, мұның бәрін көрген де, көрмеген де арманда.

Голландық иллюзио­нис­тердің «Magic Unlimited» тобы әріптестерін мың орайтын ойлары бар. Құрамында карташылар мен жорамал жасаушылар, адамдық кейіптен шығып, басқа бейнеге оп-оңай айналып кететіндер, жоғалып-табылатындар, «өліп-тірілетіндер» толып жатыр.

Қорыта айтқанда, асқақ Аста­на­ның мерейлі күндері «Magic Astana» – «Сиқырлы Астана» иллюзионистер фести­валі естен кетпес естеліктер қалдырмақ.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button