Мәдениет

Сирек сайыс – «Сөз шебері»

Елордада «Сөз шебері» жүргізушілер байқауы мәресіне жетті. Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы­ның концерт залында байқау­дың финалдық кезеңі өтті. 

Байқау қорытындысы бойынша 7 жүлделі орын мен арнайы номинациялар тағайындалды. 15-18 жас аралығындағы оқушылар мен студенттердің өнеріне газет, телеарна, радио, өнер саласында қызмет етіп жүрген майталман мамандар баға берді. Оның ішінде «Астана ақшамы» газетінің тілшісі де бар.

Байқаудың басты мақсаты – жас таланттардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін ашу, сөйлеу әдебі мен мәнерін қалыптастыру, мерекелік іс-шараларды жүргізу шеберлігін шыңдау.

Байқаудың гран-приін №81 Astana English School халықаралық мамандандырылған гимназияның оқушысы Самира Иманғалиева талассыз жеңіп алса, 1-орынға Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның оқушысы Мықтыбек Ілияс лайықты деп танылды. Марапатты «Жібек жолы» телеарнасы бағдарламалар бөлімінің бас редакторы Гүлжайнар Сүлейменова табыс етті. Екі 2-орынды бөліскен Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицей оқушысы Альбина Айдарова мен №26 мектеп-гимназия оқушысы ғажайып мәнерімен, жарқыраған өнерімен көзге түскен Айгюн ­Ковтун иеленді. 3-орынды алған үш дарынды оқушы: Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей оқушысы Әліби Рамазанның ерекше дауыс тембрі бәрімізге қатты ұнады, Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназияның оқушысы Болат Медина болашағынан үміт күттіретін жас екенін байқадық, Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназияның оқушысы Әбдусейт Нұрбекұлы талантты оқушы ретінде танылды. Жеңімпаздарға осы жолдардың авторы марапаттар тапсырды.

Жалпы байқауға қатысқан барлық 14 жас өзінің талантын барынша көрсетуге тырысты. Негізі, жастар арасында креативті, өнерлі, сегіз қырлы, бір сырлы дарындардың барына қуандық.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button