Басты ақпаратСаясат

Сириядағы соғыстың соңы

Жеті жарым жыл лапылдаған оттың ошағына айналып келген Сирия соғысының сүрені де өзінің ақыр­ғы соқпағына қадам басып келе жатқан сияқты. Батыс әлемі АҚШ президенті Дональд Трамптың әрбір оқыс қимыл-әрекетіне қарап, айтқан сөздеріне құлақ төсеп отырғанда, Таяу Шығыстағы соғыс картасына елеулі өзгерістер түскенін аңғармай қалды. Ал Сирия жанжалы, шынында, өзінің арқауы ширатылып шыға келетін шағына жақын қалды. Сонымен бірге, ол Башар Асадтың бұл соғыста жеңіске жеткенін айғақтап бергелі тұр.

АҚШ-тың «The Independent» газетінің саяси шолушысы Роберт Фиск өзінің кезекті мақаласында осындай тұжырымға қазық байлайды. Автор Сирия әскерлерінің Алеппоны «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы содырларынан толық босатып, енді Дейр-эз-Зорды азат ету жолында табысты соғыс қимылдарын жүргізіп жатқанына тоқталады. «Шамасы, бұрын ойға келмеген жағдаят орын алайын деп жатқан секілді: Башар Асадтың әскерлері бұл соғыста жеңіске жететінге ұқсайды. Жоқ, «ұқсайды» емес, оның жеңетіні анық» деген тоқтамға келеді шолушы.
Журналист сосын британия­лықтардың қазір «ишараны тү­сініп», өзінің әскери нұсқаушыларын бұл елден алып кетіп жатқанына назар аударады. Ал мұнда жіберілгенде оларға «Асад үкіметін құлату» үшін кө­­терілісшілерді соғысқа да­йындау тапсырылған еді. «Сирия әскерінің соңғы кездері жеңістен жеңіске жетуі оның аймақтағы ең күшті, «ұрыста шыңдалған» армия екенін көрсетеді. Оның жауынгерлері бастарын өлімге тігіп шайқасты, қазір бұл армияда тұрақты өзара байланыс қалыптасқан, сондай-ақ барлау қызметі де күшті, басқару бір орталықтан жүргізіледі» деп атап өтеді автор.
Сирия үкіметінің жеңіске жет­кенін қазір әлем елдерінің көпшілігі мойындап үлгерді. Соның әсері шығар, Башар Асадтың орнынан кетуін талап етушілер сап тыйылды. Бұрын басты талабы осы болған АҚШ қазір бұл тақырыпта әңгіме қозғай қоймайды. Түркия Ресеймен жақындасқалы бері оны ұмытты. Мұның үстіне, ұзаққа созылған бұл соғыс Сирияның өз халқын ғана емес, оны сырттай бақылап жүрген және мұндағы қимылдарға қатысы бар елдерді де әбден жалықтырып біткенге ұқсайды.

Сондықтан 27 қазан күні Ыстанбұлда Түркияның бастамашы болуымен тақырыпты талқылауға арналған төрт мемлекет басшыларының қатысуымен саммит өтуіне ешкім қарсылық таныта қойған жоқ. Онда мәселені Түркия, Ресей, Франция және Германия лидерлері талқыға салды. Сирия соғысы басталғалы бері мұндай формат болған емес. Оған бірінші рет АҚШ пен Иран бас өкілдері шақырылған жоқ. Келіссөздер қорытындысында оған қатысушылар Сирия соғысына біржола нүкте қойылуы керек деген шешімге келді. Мұнда төртжақты келіссөзден бөлек, екіжақты форматты қысқа кездесулер де өтті. Бірақ сарапшылар бұл форматтағы жұмыстардың алдына қойған мақсаттарын толық орындап шыға алатынына оншалықты сенімді де емес. Бұл әрекеттен, мысалы, АҚШ өзін Ресей ығыстырып шығарып тастады деп есептеп отыр.
Кездесу алдында түрік лидері Реджеп Тайип Ердоған келіссөздің тиянақты болып жүргізілетініне сенім артатынын жеткізді. «Бүкіл әлем бүгін бізге қарап отыр. Мен келіссөздің шынайы және тиянақты қалыпта өтетініне, оның біздің сенімімізді ақтайтытына үміттенемін» деді ол. Айта кету керек, Анкара ұзақ уақыт бойы Сириядағы содырларға жақтас болып, олардың Башар Асадты билік басынан алып тастайтындарына сенімді болды. Алайда Мәскеудің қуатты қолдау көрсетуі арқасында Сирия президенті өзінің орнын сақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар терроршыларды күйрете жеңетін шекке де жақындап қалды. Өткен айда Ресей мен Түркия Идлибте бейтарап аймақ жасау жөнінде келісті. Сосын оның аумағында ені 20 шақырымды алатын буферлік жолақ жасалады. Сол белдеумен бұл жерден жихадшылар мен ауыр қару-жарақтарды алып шығуға болады. Саммитке қатысушылар кездесуде Сириядағы саяси жағдайды реттеу, Идлибтегі ахуалды дұрыстау, босқындарды елге қайтару мәселелерін бірнеше сағат бойы пысықтады.
Енді Сириядағы соғыстың қалай пайда болғанына да тоқтала кеткен жөн шығар. Ол 2011 жылғы наурыздың ортасында бейбіт тұрғындардың Башар Асад режиміне наразылық білдіруінен қанат жайды. Демонстрация кезінде полицейлердің қару қолданулары салдарынан бейбіт тұрғындар оққа ұшты. Осы жайт бүкіл елдің саналы жұртын орындарынан тік тұрғызып әкетті. Қолға қару алып, билікке қарсы шығу содан кейін басталып кетті.
Сол кездің оқиғаларына тереңірек тоқталып өтсек, 15 наурызда Сирияның барлық қалаларында «Ашу күні» деп аталатын акция өткізілген еді. Көшеге шыққан шерушілер үкіметке қарсы граффити үшін құлып астына алынған 15 жасөспірімді босатуды талап етті. Жас толқын үйлер қабырғаларына «Сіздің кезегіңіз келді, доктор» деп жазып қойды. Бұл мамандығы бойынша дәрігер-офтальмолог болып табылатын президентке орнынан кетуді меңзеу болатын. Шерушілер де осыны ұран етіп алып, жарыса айғайға басты.
Сол жылдың басында Тунис пен Египетті түгел қамтыған қар­сылық толқыны күллі әлемді дүр сілкіндірген еді. Әлем саясаткер­­лері арасында «араб көктемі» деген ат алған сол қозғалыс Сирия­дағы шерушілерге де дем берді. Арада үш күн өткесін Дераа қаласында шерушілерді қуып тарату кезінде полиция топ­қа қарай бората оқ жаудырды. Нәтижесінде, кейін мәлім болғанындай, қарудан қағас төрт адам қаза тапты. Бұл қасақана кісі өлтіру оқиғасы ұзаққа созылатын азамат соғысына негіз қалады.
Оппозиция серкелері дем берген көтерілісшілер мен үкімет әскерлері арасында өтіп жатқан қарулы қақтығыстар сол уақыттан бері 500 мыңға жуық адамның өмірлерін жұлып кетті. Бұдан бөлек, миллионнан астам адам әртүрлі дене жарақатын алды. Сирия атты ежелгі елдің соғысқа дейінгі 12 млн тұрғынының жартысынан астамы үй-жайларын тастап, шет елдерге қарай босып кетті. Осы жеті жарым жылдың ішінде ежелгі Шам жерінде соғыстан басқа ештеңені көрмеген тұтас бір жаңа ұрпақ өмірге келді.
Азамат соғысы жылдары мұнда алуан түрлі деңгейдегі радикалды қозғалыстардың өкілдері бой көтерді. Олар Асадтың билігіне қарсылармен де, оны жақтаушылармен де бірдей соғысты. Осының қалқасында қазіргі заман тарихындағы ең қанқұйлы, ең қатыгез, ең көп санды террорлық қозғалыстардың бірі – «Ислам мемлекеті» пайда болды. ДАИШ-тың қатты қуат алған кезі оның Сирия мен Ирак айтарлықтай басым бөлігін басып алып, оларда халифат құрылғанын жариялаған 2014 жылмен тұспа-тұс келеді.
Сол жылдың күзіне қарай АҚШ бастаған халықаралық коалиция ИМ бақылауына алған аумақты бомбылауға кіріседі. Бірақ олар мұны Сирияның келісімінсіз жасады. Ал бір жылдан кейін Асадтың бұрын білдірген өтінішін еске алған Ресей Сирия жеріндегі әскери интервенциясын бастады. Коалиция қимылдарының бейбіт тұрғындарға әкелген жақсылығынан гөрі зардаптары әлдеқайда көп болды. Бұған қарағанда, Ресей әскерлері нақтырақ жұмыс жасады.
Бұл соғыста Алеппоның шы­ғыс бөлігі үшін болған ұрыс күш­тің арасалмағын Асад жа­ғына қарай аударып берді. Сол шайқаста Сирия үкіметінің әскерлеріне Ресей авиациясы мен Иранның жаяу әскерлері екі жақтап қатты қолдау көрсетті. Соның септемесінде бұл жерден содырлар түгел түре қуылып тасталды. Бірақ қаланың тұтас бір аудандары мен махаллалары қиратылып, күл-талқанға айналған күйі қалды. Қирандыға Алепподан басқа Хомс, Ракке қалалары да ұшырады. Олар әлі сол алқам-салқам қалыптарында айрап-жайрап жатыр. Бұған себеп, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар Сирия билігінің қарауына өткен қалаларды қалпына келтіруге оншалықты бір ықылас танытып отырған жоқ. Сондықтан үйіндіге айналған елді мекендердің тұрғындары бұл жұмыстарды өздерінің қолдарынан келгенінше атқарып бағуда.
Сирия соғысындағы ең қанды ұрыстардың бірі 2018 жылы өтті. Шам шаһарының дәл іргесіндегі Шығыс Гута қалашығы үш апта бойы қарша жауған бомбының астында қалып, мыңнан астам адам жантәсілім етті. Шығыс Гута қарулы оппозицияның азамат соғысы алғаш басталған кезден өз бақылауына алған аудандардың бірі болды. 2013 жылы үкімет әскерлері бұл ауданды толық қоршауға алған еді, бірақ содырларды бұл жерден қуып шыға алмады. Содан бері Шығыс Гута қоршауда тұрып келді. Тап сол жылы қалада зарин мен хлор қолдану арқылы шабуыл жасау қолданылды. Мұны әлем жұрты қазіргі заманғы соғыстағы химиялық қару пайдаланудың өте-мөте келеңсіз көрінісі ретінде батыл айыптады. Химиялық шабуылдың зардабына, әртүрлі мәліметтер бойынша, 300-ден 1700 адамға дейін ұшырады. Алайда содырлар мен үкімет әскерлері бұған қарсыластарын айыптап, қылмысты мойындарына ала қоймады.
Бұрын Таяу Шығыстағы саяси консенсусты осындағы әскери қуаты ең күшті ел өз қолына ұстап тұрушы еді. Сол үрдіс бұдан бірқатар уақыт бұрын бұ­зылып кетті. Ал қазір сол жағ­дайға қайта жақындап келе жат­қан сияқтымыз. Бүгінде сондай басымдық жеті жылдық соғыстан шыңдалып шыққан Сирияға шоғырланып тұрғанға ұқсайды. Енді өзін толық қорғап шыққан Асад билігі мұндағы жағдаят үшін де жауап бере алатын қауқарға жетіп отыр.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button