Айтпайын-ақ деп едім!

Сіз кімсіз, аяз ата?

Жаңа жылдың басты кейіпкерлері: еуропалық – Санта Клаус, польшаның – Қасиетті Сильвестрі, колумбиялық – Папа Паскуале, француз – Пер Ноэль, финляндиялық – Йелоупукки, орыстың – Дед Морозы.

[smartslider3 slider=1587]

Ел тәуелсіздігі мерекесі басталмай жатып, үй-үйді, кеңселердің есігіне жаңа жылдың белгілерін, жалтырауық қағаздарын жапсырып үлгерді. Біздің кеңсенің кең дәлізінде де табалдырықтан бастап Аяз атаны мұрнына тізіп іліп қойды. Мүмкін аз айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген журналистердің мерекелік көңіл-күйін көтергісі келген болар. Рахмет. Бірақ, осы бейнелер көбімізге жылулық сыйламайтын, алыстап кеткен бөтен бейнедей.  Тіпті, қажеті жоқ қисынсыз көрінеді. Өйткені мысқылдап болса да өзіміздің болмысымызға оралып жатырмыз, бүгінде баланы да, шағаны да көрші елдің Атасымен алдай алмаймыз. Жақсылықты одан емес, Жаратушыдан тілейміз. Екі беті нарттай жанып, мұрны арақ ішіп алғандай қызара бөртіп тұрған бейнеден кінәрат та іздейміз…

Ендеше, Жаңа жылдың символын ойлап таппасақ та, жылдың басында басқа атаны неге тықпалай береміз?

Рас, кез келген халық үшін Жаңа жыл – адамдар өмір сүрген 365 күнге қарап, өз өмірлеріне баға беріп, болашаққа жоспарларын құрып, асыл мұратын белгілейді. Адам үмітті пенде ғой, келер күн, жаңа жыл өзіне және жақындарына жақсылық пен мейірімділік әкеледі деп күтеді. Әр адам қиыншылықтар мен қиындықтарды артқа тастап, болашаққа сеніммен  қарағысы келеді. 31 желтоқсанда біз ескі жылды шығарып саламыз, түн ортасында біз үшін жаңа жыл басталады. Бар болғаны сол ғана.

Барлық еуропа елдері Жаңа жылды римдіктерден алынған дәстүр бойынша 1 қаңтарда тойлайды. Бірақ әрқашан олай болған жоқ қой. Әр халық  әр мезгілде жаңа жылын атап өтті. Біз үшін Наурыз да – жаңа жылдың белгісі. Оны да қарсы алудың өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар. Мәні мен мағынасы да бөлек. Дәл осылай, бір жылды артқа салған 1 қаңтардың мағынасы адам үшін нысаналы.

Ел тәуелсіздігіне тақала басталатын жаңа жылды қазақ халқы қалай қарсы алу керек деген сұрақ туындамасы анық. Барша ғаламның адамдарындай әркім өзі біледі. Ал жаңа жылға дайындық, мерекеге әзірлену, қала берді ресми шыршаларды безендіру ортақ талапқа сай болғаны жөн. Бұрынғы дәстүрлі жылтырақ ойыншық пен жарқылдаған түрлі-түсті шамдарды, басқа да атрибуттарын жоққа шығару күлкілі де болар. Алайда осы қызылды-жасылды дүниенің ортасында өз еліміздің белгісіндей, әрі мерекелік шараларға шақтап жасалған көк туымызбен, басқа да елордасының, ірі қалаларымыздың маңызды нысандарымен көмкерілген жалаушалармен безендіруге болмай ма?

Бұлай жасау үшін қыруар қаражат керек болмас. Есесіне, ел егемендігімен ілесе келетін жаңа жылға тосырқай қарамаймыз, көк туымыз жүрегімізді жылытып, келер жылдың ақ жарылқап жақсылығына дайын болып, жарқырай қарсы аламыз!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button