Басты ақпаратДенсаулық

Скринингтік тексеру: Оның маңызы қандай?

Адамның денсаулығы – өз қолында деген сөзді жиі естіп жатамыз. Дәрігер Ермек Есімсейіт өзінің осы сөзбен толық келісетінін айтады. «Дұрыс тамақтанып, жағымсыз әдеттерден аулақ болып, мүмкіндігінше спортқа жақын болсаңыз, ағзаңыз ауруға көп шалдықпайды» дейді ол. Оның үстіне қазір дертті алдын ала анықтайтын мүмкіндіктер баршылық. Соның бірі әрі бірегейі – скринингтік тәсіл.

Ауруды асқындырып алмайық

Ол – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Ағзасын тексеру кезінде пациент салалық мамандардың кеңесін тыңдап, зертханалық талдаулардан өткізіледі. Елордадағы №4,5,6,7,8,9,10,11 емханалардың барлығында да скринингтен өткізетін арнаулы кабинет бар.

№6 емхананың  скринингтік тексерістен өткізетін кабинетінде де адамдар жыл сайын жасына қарай дәрігерлердің бақылауынан өтіп тұруы тиіс. Алайда көптеген пациенттер мұнда бірнеше рет ескертіп, қайта-қайта телефон шалғанда ғана әрең-әрең келетін көрінеді.

– Жасыратыны жоқ, жасы бар, жасамысы бар скринингтен өтуге келгенде кейбір адамдар ат-тондарын ала қашып, «уақытым аз еді», «жұмыстан жібермей жатыр» деген сияқты сылтаулар айтып, келмеуге тырысады. Ал шындығында, бұл олардың өздері үшін аса қажет қой, – дейді маман-дәрігер.

– Кез келген сырқатты алғашқы сатысында анықтаса, оны соғұрлым емдеу оңай болады. Сондықтан ағзаның даму үдерісінде кездесетін сырқат қаупінің алдын алу мақсатында 30 бен 70 жастың арасындағы ерлер мен әйелдер төрт жылда бір рет бақылаудан өткізіліп тұрады.

Бұл дәрігермен салауатты өмір салтын қалыптастыру немесе дұрыс тамақтану бағытындағы әңгіме түрінде де өрбуі мүмкін. Осы негізде пациенттің темекі шегу, ішімдік ішу, насыбай ату  сияқты жағымсыз әдеттері бар ма, артық салмағы жоқ па, спортпен айналыса ма деген сауалдар қойылады. Осыған байланысты ол адамға ұсыныстар мен ақыл-кеңестер айтылады. Егер тексеруші дәрігер оның бойынан тез ем алуды қажет ететін науқас белгілерін байқаса, міндетті түрде сол саланың арнайы дәрігер-маманына жолдама береді. Ал осыған бола скринингтен өтуді кейінге қалдырып немесе өзіне хабарласқан медбикенің телефонын алмай, бой тасалау­дың қажеті жоқ.

Жергілікті жерде ағзада кездесетін қауіпті сырқатты алдын ала тексеру 18 жастан 29 жас аралығында екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Ал жүрек-қан тамыры аурулары мен қан диабеті, қан қысымының жоғарылығы, глау­кома 18 бен 39 жас аралығында екі жылда бір рет жүргізіледі. Сондай-ақ асқазан, ішек, бүйрек ауруларына 18 бен 70 жас аралығындағы адамдарды жыл сайын шақыр­тып отырады.

Жалпы тәжірибе дәрігері Гүлбану Ысқақованың айтуынша, гипертониялық артериалды қан қысымын, жүрек талмасын, қант диабетін, көздің глаукома ауруларының алдын алуда скринингтің пайдасы өте зор көрінеді. «Біз бұл сырқаттарға байланысты 40 пен 70 жастың арасындағы адамдарды екі жылда бір рет тексеруден өткізіп тұрамыз. Сонда байқағаным: 2021 жылы 30 адамнан, 2022 жылы 84 адамнан жоғары қан қысымы анықталса, биыл жыл басынан бері 28 жүрек талмасымен, 14 қан диабетімен, 36 көзінің ақауы бар адам скринигтің арқасында анықталып, емделуге жіберілді. Әрі олардың барлығы да бірінші, екінші сатысындағы сырқат болып, тез жазылып кетуге мүмкіндігі болды.

Астана қаласының тұрғыны Рәмзия Сұңғатова өзінің басынан өткен оқиғасын айтып, көпшілікке скринингтің қандай түрінен де еш қысылмай, уақытында өтуге шақырады. «ФГДС-тен  (фиброгастродуо­деноскопия – өңеш, асқазан және он екі елі ішекті шланг жұту арқылы тексеру әдісі) өтуге қатты қобалжып жүрдім. Өйткені алғаш рет он жеті жасымда шланг жұта алмай, қатты қиналғанмын. Бірақ дәрігер мені жеке қабылдап, «бұл өзіңізге жақсы. Еш жүрексінбеңіз, бұл бізге эндоскоптің (камерасы бар икемді түтік) көмегімен компьютер экранында ағзаның жағдайын көруге, қабынуды, эрозияны, жараларды, қатерлі, қатерлі емес түзілімдерді және басқа да дерттерді анықтауға мүмкіндік береді» дегеннен кейін келістім.

Сөйтіп, диагностикалық тексеру нәтижесінде асқазанымнан созылмалы гастрит, ұйқы безінің қабынуы сияқты дерт анықталып, кейін емделіп шықтым» дейді.

Әйелдер үшін әсіресе, скринингте жатыр мойнының қатерлі ісігі мен сүт безінің қатерлі ісігін дер кезінде яғни, бірінші сатысында анықтау аса маңыз­ды. Сондықтан 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер осы негізде скринингтен екі жылда бір рет міндетті түрде өтіп тұруы керек.

Ауылда қалай өтеді?

Скринингтен ауылдық жерлерде де өткізеді. Алайда ол жақта бұл мәселеге сәл басқаша тұрғыдан келеді. Ауыл тұрғындарын мұндай тексеріске жүйе­лі түрде сырқаттар тізімін кеңінен қамтып барып, арнайы ұжым-ұжымда ұйымдастыра өткізеді. Қазір кейінгі кезде, дәлірек айтқанда, 2022 жылдың қазан айынан бастап жаңа жоба қолға алына бастады. Егер бұл қолға алынып отырған бастама өз нәтижесін берсе, онда оны бүкіл еліміз бойынша қолдануға ұсыныс жасалмақ.

Жергілікті жерде ағзада кездесетін қауіпті сырқатты алдын ала тексеру  18 жастан 29 жас аралығында екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Ал жүрек-қан тамыры аурулары мен қан диабеті, қан қысымының жоғарылығы, глаукома 18 бен 39 жас аралығында екі жылда бір рет жүргізіледі. Сондай-ақ асқазан, ішек, бүйрек  ауруларына 18 бен 70 жас аралығындағы адамдарды жыл сайын шақыртып отырады.

Балаларды балабақшада, мектепте, колледжде офтальмолог, лор, невролог, тіс дәрігері көшпелі бригадамен арнайы барып, жыл сайын тексеріп тұруы тиіс.

Ақылы болса да тексерілген жөн

Көптеген пациенттер  «скринингтен өтуге ақы төлеу кедергі келтіреді» деп шағымданып жатады. Рас, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы  жоқ адамдар бар. Денсаулық сақтау министрлігінің «Скринингтік зерттеулерге жататын арнаулы топтарды бекіту туралы» бұйрығында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен (ТМККК) қандай рәсімдерге төленетіні, ал қайсысы МӘМС есебінен төленетіні нақты көрсетілген. Сондықтан профилактикалық тексерулердің бөлігі ретінде барлығына қолжетімді әрі тек сақтанушы алатын манипуляциялар тізімделеді.  Мысалы, артериялық қан қысымын, жүрек қан тамырлары ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтау үшін профилактикалық тексеру медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Кез келген емделуші оның МӘСҚ жүйесінде сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, қан қысымын, қандағы глюкоза деңгейін және дене салмағын анықтау үшін учаскелік дәрігерге немесе медбикеге тегін тексеріле алады. Ал кардиологтың, эндокринологтың, офтальмологтың кеңесі керек болатын болса, оған тек сақтандырылған пациенттер ғана бара алады. Сондықтан қорға алдын ала жарна төлеп қойған дұрыс.

Тағы бір айта кететіні, 2020 жылы Қазақстанның Еңбек кодексіне өзгеріс енгізілді. Енді, егер қажет болса скринингтен өту үшін жұмыс беруші қызметкеріне еңбекақысы сақталатын үш күннен аспайтын демалыс беруге де міндетті. Бұл – оның маңыздылығына мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп отырғанының бір айғағы. Сондықтан өзіңіз тіркелген емханаға барып, екі жылда бір рет скринингтік тексерістен өтуді ұмытпаңыз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button