Мәдениет

Скрипка мен сурет

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басы кітапханасының музейінде Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы тәрбиеленушілерінің дипломдық жұмыстарынан тұратын «Туған өлкем» көрмесі ашылды.

Екібастұз қаласындағы көркемсурет мектебінің негізі 1984 жылы қаланып, 2009 жылы шығармашылық жолында жеткен жетістіктері үшін ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болды.
Көрмеге ұсынылған жұмыстар мектепте оқытылатын бейнелеу өнері техникасының сан алуандылығын көрсетеді. Мұнда дипломдық жұмыс­тардың 60 түрі ұсынылған.
«Скрипка туралы сюжет бұрыннан ойымда жүретін. Әуен мен сурет – мен үшін біртұтас дүние, себебі музыка және бейнелеу өнері мектептерін бітірдім. Бала кезімде сурет салуды ұнатпайтын едім, анашым салдыртатын. Уақыт өте келе скрипкада ойнап тұрғанда композиция көретін болдым және оны анық сурет қылып салғым келетін. Сөйтіп мен сурет салуды да ұнаттым» дейді жас суретшілердің бірі Әдемі Жетпісова.
Мәдени шараның ашылу салтанатында сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева «Туған өлкем» бағдарламасының шеңберіндегі барлық көрмелер Астананың 20 жылдығы мерейтойына арналғандығын айтып, көрменің маңыздылығына тоқталды. «Біз Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында үлкен жобамызды бастадық. Жоба аясында Екібастұз қаласынан көрмеге ұсынылған туындыларға қарап, болашағымыздың жарқын екенін байқауға болады. Өйткені бұл көрмеден тек дарынды жастардың ғана емес, ұстаздар жұмысының жемісін де көре аламыз. Осындай жетістіктер – біздің болашағымыздың үлкен үміті. Сондықтан көрмеге қолдау көрсетіп келіп жатқан атақты суретшілер мен ұстаздарға алғысымды білдіремін» деді ол.
«Туған өлкем» бағдарламасы аясында елорда тұрғындары мен қонақтары республиканың балалар көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің үздік деп танылған дипломдық жұмыстарымен танысып келе жатқанын айта кетейік.
10 желтоқсан күні музейде жыл бойы өткізілген Шымкент, Семей, Павлодар мен Екібастұз қалаларының балалар көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің үздік дипломдық жұмыстар көрмелерінің қорытынды фестивалі өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button