«Smart Astana» қызметі жаңарды
Астана тұрғындары мен қонақтарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында құрылған «Smart Astana» қосымшасының қызметі жаңара түсті. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында «Астана Innovations» АҚ цифрлық сервистерді ұйымдастыру департаментінің директоры Айдын Еспек мәлімдеді.
– Қаламыз қарқынды дамып келеді және күн сайын цифрландыру өмірдің жаңа салаларын қамтиды. «Smart Astana» пайдаланушыларға мүмкіндіктерді кеңінен ұсына отырып, осы үрдістің көрінісі саналады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап белсенді қолданушылар саны 28000-нан асты. Бұл халық арасында цифрлық сервистердің жоғары қызығушылығы мен сұранысын көрсетеді. Қосымша көлік, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, коммуналдық қызметтер және т. б. қала өмірінің әртүрлі саласын қамтитын 70-тен астам сервиске қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді департамент директоры.
Айтуынша, қосымшада жаңалықтар бөлімі, жақын маңдағы велостанциялар туралы ақпарат, медициналық қызметтерге қол жеткізу қызметтері, референдумда дауыс беру алаңын іздеу бар. Қарапайым және интуитивті функция азаматтың жеке деректерін (ЖСН) енгізу жеткілікті және қосымша сайлау учаскесі туралы қажетті ақпаратты бірден береді. Бұл маңызды қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысу процесін едәуір жеңілдетеді және азаматтық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
– Қолданбада пайдаланушыларға негізгі оқиғалар мен жаңартулар туралы уақытылы хабарлауды қамтамасыз ететін push хабарландырулар бар. Олар: төтенше жағдайлар, яғни қолайсыз ауа райы жағдайлары, авариялар, коммуналдық қызметтердің жоспарлы ажыратылуы туралы хабарламалар. Қалалық іс-шаралар немесе алдағы концерттер, көрмелер, спорт іс-шаралары туралы еске салу. Қоғамдық-саяси оқиғалар, яғни референдум, сайлау, қоғамдық тыңдаулар өтетін күні мен уақыты туралы ақпарат және жеке хабарламалар немесе дәрігерге жазылу туралы ескертулер, берілген өтініштердің статусы, сіз пайдаланған басқа да қызметтер. Оның ішінде қосымшада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімі бар – «Сыбайлас жемқорлықты тоқтату». Осы сервис арқылы сыбайлас жемқорлық фактісі туралы өтініш жіберуге және ресми өтініш беруге болады. Жағдайды егжей-тегжейлі сипаттайтын, сыбайлас жемқорлық фактісі болған орынды, уақытты және жағдайларды көрсететін арнайы нысанды толтыра аласыз. Қажет болса, растайтын құжаттарды немесе фотосуреттерді қоса аласыз. Сіздің өтінішіңіз қарау және шара қабылдау үшін тиісті органдарға жіберіледі, – деді Айдын Еспек.
Ата-аналар үшін қосымша балабақшаға кезек нөмірін білуге, қаланың мектептері мен университеттері, олардың мекенжайы мен байланыс дерегі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
«Smart Astana» елорда қонақтарына да қолайлы. Қосымшада теміржол вокзалы мен әуежайдың кестесі, оқиғалардың өзекті афишасы, сауда орталықтарының тізімі бар.
Қосымша арқылы су мен электр есептегіштерінің көрсеткішін жіберуге, пломбалауға өтінім беру, көмірге тапсырыс беру қызметі қарастырылған. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің электрондық нұсқалары, оқыту материалдары, онлайн-курстар және тілді үйрену мен практикаға арналған басқа да ресурстар қолжетімді.
– Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымшада шұғыл қызметтердің жылдам байланыстары, төтенше жағдайлар, жол жұмыстары, жоспарлы ажыратулар және т. б. туралы жедел хабарламалар алу мүмкіндігі көзделген. Сондай-ақ қалалық қызметтермен өзара байланыс функциясы іске асты, – деді департамент директоры.
«Smart Astana» қосымшасын App Store және Google Play Market арқылы тегін жүктеуге болады. Орнатқаннан кейін телефон нөміріңізді көрсетіп, шағын тіркеуден өтсеңіз жеткілікті.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ