Жаңалықтар

«Smart Astana» – сынға салар қос жоба

 «Қауіпсіз қала – Астана шаһарының тіршілік әрекетін кешенді қамтамасыз етудің жүйесі» мен «Интеллектуалды көлік жүйесі» аталатын екі көлемді жобаны іске асыру басталды. Кеше қала әкімдігінде аталмыш жобалардың тұсаукесері өткізіліп, артықшылықтары баяндалды.   

«Smart Astana» даму тұжырым­дамасы аясында қолға алынған екі жоба да астана халқының өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға, қаланың инфрақұрылымын жақсар­туға, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға бағытталған. Операторы – «Astana Innovations» АҚ.

«Smart Astana» жобасының негі­зіне Еуропаның «ақылды» қалаларын дамыту моделі алынып отыр. Ол мо­дельдің өзара байланысатын алты си­паттамасы бар: «ақылды» экономика, «ақылды» басқару, «ақылды» өмір, «ақылды» ұтқырлық, ақылды адамдар және «ақылды» орта. Яғни, елорданы әлемдегі озық қалалардың деңгейіне жеткізу көзделіп отыр. Жобаны іске асыру мақсатында «ақылды» қалалардың құрылысында үлкен тәжірибе жинақтаған «PriceWaterhouseCoopers» компаниясы кеңесшілікке тартылған.

«Қауіпсіз қала – Астана шаһары­ның тіршілік әрекетін кешенді қам­тамасыз етудің жүйесі» жоба­сының қыр-сырымен «Smart Astana» жоба­сының жетекшісі Рахуль Губта таныстырды. Оны іске асыру үшін Орынбор көшесінде 200 адам, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да қызмет ететін Жедел басқару орталығы салынады.

Ал, қалада 30 мыңнан астам бей­не­камера орнатылады. Соның арқа­­сында елордада бақылауға алын­­байтын бірде-бір қалтарыс қал­майды. Ол Астана халқының әрі қала қо­нақ­тарының қауіпсіздігін қам­тамасыз етеді деп күтілуде.

«Интеллектуалды көлік жүйесі» жобасын испандық «Typsa» компаниясы іске асырады. Ол жөнінде жоба жетекшісі Карлос Саяго мағлұмат берді. Аталмыш жоба қала­дағы көлік қозғалысын реттейді. Сары­арқа, Тұран даңғылдары, Сарай­шық, Қонаев, Достық, Сығанақ көшелері ау­мағындағы бағандарға кітаптың көлеміндей ғана АҚШ-тың датчиктері орнатылады. Осыдан кейін қаладағы көлік қозғалысы қауіпсіз болады, көліктерден шыға­тын улы түтін азаяды, көлік қоз­ғалысының жылдамдығы артады, кептелістер жойылады, қоғам­дық көліктерге басымдық беріліп, тек олардың қозғалысы үшін арнайы жолақтар салынады.
Аталмыш жобалар төрт жыл ішінде іске асуы тиіс. Яғни, «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне дейін пайдалануға беріледі.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button