Елорда тынысы

Smart City: Астана «ақылды қалаға» айналмақ

Бүгін қалалық мәслихатта кезектен тыс сессия өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/

Зейнұлқабден Табиғаттың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) сипатындағы «Жасанды интеллект базасында қалалық инфрақұрылымды басқару жөніндегі Астана қаласына арналған шешім» атты жоба бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау, Астана қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту және тағы да басқа мәселелер қаралды. Соның ішінде Smart City цифрлық трансформациясына баса назар аударылды. Бұл туралы «Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы» ММ басшысы Дидар Сүлейманов таныстырды.

«Елордамыз Smart City тұжырымдамасы аясында озық технологияларды енгізу арқылы цифрлық болашаққа шешуші қадам жасауда. Бұл жоба БҰҰ-ның жаһандық Тұрақты даму мақсаттарына жауап беріп қана қоймай, қаланы қауіпсіз де жайлы етуге және қалалық ортаны басқару тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек. Астанада 2030 жылға дейін жасанды интеллект (ЖИ) пен бейне-аналитика бағдарламасының арқасында қалалық инфрақұрылымды басқарудың интеллектуалды жүйесі қалыптастырылмақ. Соған сай қалада мәліметтерді нақты уақыт режимінде талдауға арналған ЖИ жүйесі бар жаңа 10 000 камера орнатылмақ. Жол қозғалысы ережелерінің бұзылмауын қадағалауға арналған 502 интеллектуалды жол кешені іске қосылады. Адамдар көп жиналатын мектептер, балабақшалар, вокзалдар, әуежайлар және тағы да басқа  жерлерде 8000 камера жұмыс істейтін болады. Жасанды интеллект технологиялары негізінде барлық мәліметтер талданып, жедел шешімдер қабылданатын бірыңғай жағдаяттар орталығы құрылмақ»,- дейді ол.

Оның айтуынша, жаңа жүйе заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп, қауіптерді болжап, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыра түспек. Осылайша, оқиғаларға жедел ден қоюға, коммуналдық қызметтерді басқаруға және қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.  Инновациялық шешімдер төтенше қызметтерге көмек көрсету, жағдайды автоматты талдау және қауіпті анықтау шараларын қамтиды. Тұрғын үй кешендері мен қала көшелерінде, оның ішінде елорданың тұрғын аудандарында аналитикасы бар неғұрлым толық бейнебақылау жүйесін енгізу кешенді мониторингті қамтамасыз етеді. Жобада қала қауіпсіздігіне бағытталған интеллектуалды бейне-аналитиканың 50 түрі қамтылған. Олар – жолдарды қадағалау, қоғамдық қауіпсіздік, қаланы интеллектуалды тұрғыда басқару және тағы басқалар. Ең бастысы осы кешенді Smart City цифрлық трансформациясына бюджеттен қаржы жұмсалмайды.

«Жоба жекеменшік серіктес – әлемдегі технологиялық алпауыт саналатын G42 компаниясының еншілес кәсіпорыны Presight (БАӘ) ұйымының 100% қаржыландыруымен жүзеге асырылуда. Жұмыстың 60%-ын қазақстандық компаниялар атқармақ, бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бизнесті дамытатын болады. Инвестордың БАӘ, АҚШ, Сингапур, Бахрейн және тағы да басқа елдерде AI-шешімдерді әзірлеу және енгізуде үлкен тәжірибесі бар. Оның сәтті кейстерінің қатарында Абу-Дабидегі жол қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйесі бар. Оның нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 20%-ға азайған. Сондай-ақ Лондон мен Сингапурда қала қауіпсіздігін арттыру үшін қолданылатын озық цифрлық технологиялар енгізген», – дейді «Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы» ММ басшысы Дидар Сүлейманов.

Бастаманы жүзеге асыру Астананың өмір сүру сапасын жақсартып, оны Орталық Азия қалаларының арасында цифрлық инновациялар бойынша көшбасшыға айналдырады. Жоба тұрақты инфрақұрылымды құруға және оның үздіксіз жұмысын және әлемдік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ететін AI аналитикасын қолдануға бағытталған. Соның арқасында қала қауіпсіздігіне толық қадағалау жүргізу және нақты уақыт режимінде мәліметтерді жылдам талдау, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жүргізушілердің тәртібін жақсарту, мектептердегі, балабақшалардағы, көшелердегі және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті нығайту, қауіп-қатерлерге жедел ден қою және қылмыстық ахуалға мониторинг жасау жүзеге асырылады. Осылайша, Smart City – бұл жай ғана технологиялық серпіліс емес, цифрлық технологиялар мен халықаралық серіктестік елорданың дамуында басты рөл атқаратын Қазақстанның болашағына салынған стратегиялық инвестиция деуге болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button