SMART Daryn цифрлық платформасы іске қосылады

2025 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы дарынды оқушылар мен педагогтерді қолдау мақсатында SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл цифрлық жоба республикалық және халықаралық сайыстарға оқушыларды дайындаудың маңызды құралына айналып, онлайн-білім алу мен тәжірибелі тренерлермен кеңесу мүмкіндігін ұсынып, оқушыларға білімдерін жетілдіруге және интеллектуалдық байқауларға дайындықтарын арттыруға көмектеседі.
Бірінші кезеңде прокторинг жүйесін қолданып онлайн-олимпиадалар мен конкурстар өткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта онлайн-сабақтар ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар платформада дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына түсу үшін емтихандар өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда Қазақстанда 130-дан астам мамандандырылған мектеп бар. Сондай-ақ SMART Daryn педагогтер үшін әдістемелік материалдар мен кеңестерден тұратын онлайн-кітапхана ұсынатын болады.