#Жаңа Қазақстан

«Сөзіме – арым, уәдеме – жаным кепіл»

Біз – барлығымыз, ұрпағымыздың бейбіт, тәуелсіз, экологиялық таза ауа, табиғи ас-сумен қамтамасыз етілген, адами құндылықтар шеңберінде қабылданған демократиялық қоғамдық қарым-қатынастарда заң үстемдігі орныққан, зайырлы, әділетті мемлекетте өмір сүргенін қалаймыз. Сол үшін дәйекті заң қабылдап, оны мүлтіксіз орындайтын мемлекет құру керекпіз. Еліміздің азаматтығын алған әрбір адам саяси-әлеуметтік ахуалымызды көтеру үшін қара қазанда қайнап жатқан қоғамдық қарым-қатынасқа бір кісідей атсалыспақ керек. Мемлекеттік басқару ісіне жүйелі түрде араласпай, адам өмірі мен әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруын тосу тек қиял жүзінде қалатынын заманның өзі көрсетіп отыр.

Қаралы қаңтардан кейінгі Жаңа Қазақстан құру идеясы тәуелсіздігімізді сақтай отырып, демократия­лық жолмен елімізді дамытуда қапастағы саңылау­дан түскен сәуледей көрінгендіктен, халқымның назарына өзімнің сайлауалды бағдарламамды танысуға ұсынамын.

Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ахуалды жақсарту, таза ауа, таза су, табиғи аспен қоректену қолға алыну керек. Табиғи апаттардың алдын алу, жерімізде тамырланған орман, ағаш, өсімдік атаулыны және оны мекен еткен хайуанаттарды, құстар мен балықтарды табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып қорғап, жастардың отансүйгіштік, патриоттық сезімін ояту қажет.

Жерасты қазба байлықтары, газ, су қоймалары елімізге ортақ мұра болғандықтан, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуін қадағалау арқылы адамдардың ортақ қазынаға үнемшіл ұстанымын қалыптастыру керек. Ұлттық қордан себепті-себепсіз жұмсалып жатқан қаражатын түгелдей Парламенттік қадағалауға алып, жұмсалған қаражаттың 2008 жылғы кризистан бастап Жоғарғы аудит палатасымен бірлесе отырып, тиімді-тиімсіз жұмсалғанын зерделеп шығу керек.

Құқық қорғау және қаржы саласындағы өмірлік тәжірибемді тиімді қолдана отырып, Ұлттық қордан пайдаланылған немесе несиеге берілген қаражаттарын «судың да сұрауы бар» дегендей, Жоғарғы аудит палатасына егжей-тегжейлі тексертуге атсалысамын.

Еңбек өтілі үздіксіз 25 жылдан асқан мұғалімдерді зейнеткерлікке шығару, мектептерде сынып жетекшілік қызметті жеке штат ретінде бөлек шығару, магистрлік дәрежесі үшін тек мектептерде ғана емес, сонымен қатар орта арнаулы оқу орындары мен колледждердің мұғалімдеріне де үстемақы төлеу, ұстаздарға әлеуметтік жеңілдіктер беру (коммуналдық төлемдер, жолда жүру, медициналық тексерілу), 5 күндік жұмыс аптасын тұрақты негізде қалдыру және бекіту, мемлекеттік бюджет есебінен ұстаздарға жылына бір рет санаторийлер мен курорттарда демалу және денсаулығын түзеуге арналған жолдамалармен қамтамасыз ету, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін толыққанды заң жобасын бекітуге тырысамын.

Тапсырыс беруші: ҚР Парламентінің Мәжілісі депутатына кандидат Ернұр Мұсабайұлы ӘЗІМБАЕВ

Республикалық бюджеттен төленді

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button