Басты ақпарат

Соғыс қаупі сейілді ме?

Украина Батыс елдері «Ресей 15, 16 ақпан күндері басып кіреді» деп байбалам салған «қатерлі» күннен де аман өтті. 11 ақпанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен Ресей Украинаға кез келген уақытта, соның ішінде Бейжің Олимпиадасы уақытында шабуыл жасайды деп мәлімдесе, Президент Джо Байден «басып кіретін» күнді 16 ақпан деп болжады. Осыдан кейін 35 ел Украинадан өз азаматтарын шығарып әкеткен еді. Керек десеңіз, Украинаның бай-манаптары мен кейбір жоғары шенділер де шетел асып үлгерген еді. Алайда жағдай Батыс елдерінің ойлағанынан басқаша шықты. Атап айтқанда, дәл «соғыс болады» деген күні Ресей Қорғаныс министрлігі Украина шекарасына жақын жердегі жасақтары әскери оқу-жаттығудан кейін өз бөлімшелеріне қайтып жатқаны туралы бейнежазба жариялады. Батыстың ақпарат құралдары «бұл Мәскеудің мәселені дипломатиялық жолмен шешуді жалғастыруға ниетті екенін көрсетеді» деген болжам жасады.

[smartslider3 slider=2131]

Дегенмен Шығыс Еуропаны торлаған соғыс тұманы әлі толық сейілген жоқ. Орыс әскері алдаусыратып тұрып, қайта бас салуы мүмкін деген де болжам бар. 16 ақпан күні АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің Украинаға шабуыл жасау қаупі әлі де жоғары екенін айтып, «АҚШ Ресейдің Украина маңынан әскерін әкете бастағанын әлі растаған жоқ» деп мәлімдеді. Ол, сонымен қатар, Ресейдің Украинаға әлі де шабуыл жасауы мүмкін екенін еске салып, «Егер шабуыл жасаса, біз қатаң жауап беруге дайынбыз» деп ескерту жасады. Ал Германия болса Ресей әскери күштерінің Украинамен шекаралас аймақтан шыққанын шиеленісті азайтудың бірінші кезеңі деп санайды.

Әрине, Шығыс Еуропадағы шиеленіс Ресейдің өңірден әскерін шегіндіруімен ғана шешілмейді. Себебі Украинаның шығысындағы екі облыстың Украинадан бөлінуге талпынуы, Қырымды Ресейдің жаулап алуы екі елдің арасындағы бітпес дауға айналған. Бұл мәселелер шешілмей екі елдің араздықты қойып, ағайындық мәмілеге келуі екіталай. Батыс елдері де Украина мәселесін дипломатиялық жолмен шешуге күш салуда. Ресей де бұған қарсы емес. Алайда оның да өнімі болмай тұр. Осы аптаның басында Ресей президенті Владимир Путин мен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров екеуі «Батыспен келісімге келу мүмкіндігі бар ма, әлде бұл дипломатия бізді бітпейтін келіссөздер процесіне тарту әрекеті ме?» деген мәселені талқылаған. Лавров Путинге «мүмкіндік әлі де бар, сондықтан келісімге келуге күш салған жөн» деп кеңес берген. Бірақ ресми Мәскеу Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Украина бойынша отырысына қатысудан бас тартты. Мұны Ресей тарапы әскери іс-шаралар жүргізбейтіндігімен түсіндірді.

Франция президенті Макронның Мәскеуге жасаған сапары кезіндегі келіссөзі сәтсіз аяқталғаннан кейін, Германия канцлері Олаф Шольц та сейсенбі күні Мәскеуге ат басын тіреп, Путинмен кеңес өткізген еді. Әлем елдері «Украина мәселесін бейбіт жолмен шешудегі соңғы мүмкіндік» деп бағалаған бұл келіссөз барысында екі ел басшысы Украина төңірегіндегі жағдайды дипломатиялық жолмен шешу мәселесімен қатар, «Солтүстік ағын-2» газ құбырының болашағын да талқылаған.

АҚШ бастаған Батыс елдері бұл жолы «Солтүстік ағын-2» газ құбырын үлкен «козырь» ретінде пайдаланып, Ресей Украинаға басып кірсе, осы газ құбырымен тасымалданатын газдың жолын кесеміз деп сес көрсеткен еді. Былайша айтқанда, бұл Украина мәселесін шешудегі нәзік тақырыптың бірі болатын. Еуропаның ең ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі «Солтүстік ағын-2» газ құбыры өткен жылдың желтоқсан айынан бастап техникалық тұрғыдан пайдалануға дайын. Қазір Германия оны сертификаттаудан өткізіп жатыр. Бірақ алда-жалда соғыс бола қалса, бұл жобаның да күні қараң болғалы тұр. Қытай «Ресей газын Еуропа алмаса, біз аламыз» деп уәде бергенмен, шын мәнінде, Ресей де өз экономикалық жан тамырын бүкілдей Қытайға байлап тастағысы келмейді. Сырттай тату көрінгенмен, Ресей мен Қытай арасында да мүдделік қақтығыс жоқ емес. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей тым құрығанда Германиямен тіл табысуға ниетті деп айтуға болады.

Ендеше Ресей неге Украинаға соғыс ашпай, кері шегінді? Батыс елдері «Украинаға басып кіреді» деп қара аспанды төндіргенмен, Ресей бүгінге дейін «басып кіру ойымызда жоқ» деген сөзінен танбай келеді. Керісінше, АҚШ Мәскеуге үсті-үстіне санкция салып, экономикасын күйрету үшін Ресейді соғысқа итермелеп отыр деп мәлімдеген еді. Шынымен де, бұл жолы АҚШ пен оның жақтастары «жау басып қалады» деген сылтаумен Киевке неше мың тонна қару-жарақ жеткізді. Балтық теңізі жағалауындағы елдер де өз қолындағы АҚШ-тан сатып алған озық қаруларын берді. Бұл украин армиясының соғыс қуатын арттырып қана қоймай, Ресей әскеріне қарсы тұру сенімін күшейтті. Былайша айтқанда, Украина соғыс болады деген болжамның арқасында біраз қару-жараққа ие болды. 2014 жылдан бастап Украинаға 2,5 миллиард доллардан астам әскери көмек көрсетіп, 200 миллион долларлық қару-жарақ (оның ішінде javelin танкке қарсы зымырандары мен радар жүйелері бар) жеткізген АҚШ Украина экономикасын қолдау үшін шамамен 1 миллиард доллар қарыз беруді де жоспарлап отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Украина ұтты. Бірақ Ресей де есеп жібергелі отырған жоқ. Олар енді Украинаны НАТО-ға мүше болу райынан оңайлықпен қайтара алмайтынын түсінді де, Украинаның шығысындағы екі облысты «дербес» ел деп танудың қамына көшті.

16 ақпан күні Ресей Парламентінің төменгі палатасы Мемлекеттік дума президент Владимир Путиннен Украина шығысындағы екі облысты тәуелсіз мемлекет ретінде танып, қаулы қабылдауды сұрады. Кремльшіл «Единая Россия» партиясының мүшесі, Мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володиннің айтуынша, 15 ақпанда депутаттар осындай өтініш жасағаннан кейін ол құжатқа қол қойып, құжатты бірден Путинге жіберген. Бұған қарсы жауап ретінде Украина Парламенті Донецк пен Лугансктің Украинаға тиесілі екенін растайтын жоба әзірлеп жатыр. Сонымен қатар елдің шығысындағы ресейшіл күштер шоғырланған өңірде сарбаз санын көбейтті. Өзін «республика» деп жариялап алған Донецк және Луганск Халық Республикаларын Мәскеу «жеке мемлекет» ретінде мойындаса, Украина шығысындағы жағдайды шиеленістірмеу мақсатында жасалған Минск келісімінің де күші жойылады. Ал ол келісім бұзылса, тараптардың, нақтылап айтқанда, Донецк, Лугансктегі ресейшіл күштер мен Украина қарулы күштері арасында кескілескен ұрыс басталып кетуі әбден мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей Украинаға басып кіріп, Киев күштерімен бетпе-бет соғысып, халықаралық қауымдастықтың наразылығын тудырғанша, «перде» артында тұрып, Донецк, Лугансктегі сепаратистердің қолымен от көсеуді таңдаған секілді. Кеше аталмыш Донецк Халық Республикасының президенті Денис Пушилин шекарадағы Украина қарулы күштерінің санын күн сайын көбейтіп, ауыр қаруларын да орналастырып жатқанын мәлімдеді. Міне, бұл Украина жерінде соғыс қаупінің әлі сейілмегенін, керісінше, бірінші сценарийден екінші әдіске қарай ауысқанын көрсетеді.

Сейсенбі күні Украина Қорғаныс министрлігі мен екі мемлекеттік банктің сайттары кибершабуылдарға ұшырағанын хабарлады. Бұл – Ресейдің Украинаға қаратқан кибершабуылының үдей түскенінің айғағы. Қаңтардың ортасында хакерлер Украинаның бірнеше үкіметтік сайттарына кибершабуыл жасап, 70 сайтты бұғаттап тастаған еді. Шын мәнінде, Ресей Украинаға 2014 жылдан бастап кибершабуыл жасады. 2015 жылдың желтоқсан айында ресейлік хакерлер Украинаның электр тарату жүйесіне шабуыл жасап, электр жабдықтарын зақымдағаннан кейін, Батыс Украинада 225000 адам жарықсыз қалғаны – соның мысалы.

Қысқасы, Шығыс Еуропадағы шиеленіс Ресейдің Украина шекарасынан әскер шегіндіруімен шешілмейді. Керісінше, ол енді басқа бағытқа қарай өрбиді. Атап айтқанда, АҚШ пен Ресей Украина армиясы мен шығыстағы ресейшіл күштерді соғыстыру арқылы өздері «перде» артында тұрып бір күш сынасып көрмек. Мұның зардабы аталған екі алпауыт елдің белдесіп соғысуына қарағанда әлдеқайда жеңіл болады, бірақ Украина үшін үлкен трагедия болғалы тұр. Себебі Украина Ресейдің 100 мың жауынгері іргесінде тұрғанда бөлінеміз деп отырған екі облысты соғыс арқылы қайтара алмайды. Қуаты да жетпейді. Ал кеңес келіссөз арқылы шешілетін болса, бұған дейін мәселе бір жағына шығар еді. Демек, Украинаның алдында екі түрлі таңдау тұр. Бірі – НАТО-дан бас тартып, Ресеймен қайта тіл табысу. Осы арқылы шығыстағы екі облысқа ерекше автономия беру арқылы оны «Отан құшағына» оралтады. Ал екінші таңдау – екі облыстан біржола айырылады да, НАТО-ға мүше болады. Ал Қырым – Украина үшін дәл қазір құрдымға кеткен тақырып.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button