Жаңалықтар

СОҒЫСТА СУРЕТ САЛҒАН

x1-pr

Ұлы Жеңіс – әр әулеттің естелігі бар атаулы күн. Атамыз Темірғали Әділбеков – соғысқа қатысып, елдің тыныштығы үшін күрескен жан. Біз оны мақтан етеміз. Майдангер атамыздың өмірі, жеңіске жету үшін көрсеткен ерлігі – біз үшін өнеге.

Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы милиция полковнигі, біз үшін ең мейірімді, ардақты ата. Ақмола облысы Аршалы ауданының Қойгелді ауылында дүниеге келген. Ресейдің Уфа қаласында соғыс тәсілдерін үйреніп, 1942 жылы жазда қан майданға – Брянск қырғынына аттанады.
Біз атамызға қонаққа барғанды жақсы көретін едік. Себебі, бізге әртүрлі қызық әңгімелер мен оқиғалар айтып беретін.
Атамыздың сол қолының сұқ саусағы жоқ еді. Оның себебін сұрағанымызда бізге былай деді: «Орел-Курск бұғазындағы майдан… Айнала көк түтін. Гүрс-гүрс жарылған бомба. Түскі ас кезі. Старшина аспазды ертіп келіп, жауынгерлерге тамақ берді. Снарядтар жарылып жатты. Аспаз тамақты тез-тез салды. Тамақты апыл-ғұпыл ішіп жаттық. Ішпесең, бірнеше күн бойы аш қалатының анық. Кенет ту сыртымыздан гүрс еткен дыбыс шықты. Құлағым шың ете қалды. Көз алдым бұлдырап, аяқ-қолым дір-дір етті. Қолымдағы құты мен қасығым ұшып кетті. Бет-аузым қанға малынған. Сол қолымның сұқ саусағын жарылған снарядтардың жарқыншықтары жұлып түсіріпті».
Атамыз 97 саптық 136-атыс дивизиясында қызмет атқарып, бірнеше әскери операцияға қатысқан. 1942 жылы Брянск, 1943 жылы Орел-Курск бұғазындағы майдандарға араласып, өлім мен өмір арпалысқан шайқаста жарақаттанған.
Майданнан жараланып, елге оралған соң, ішкі істер органдарындағы қызметін Ақмола облысы Есіл ауданы бөлімшесінің арнайы коменданты ретінде бастаған. Осы салада 33 жыл бойы үзбей еңбек етіп, милиция подполковнигі шеніне жеткен. ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Жуков» және басқа медальдармен марапатталған.
Атамыздың сурет салатын өнері де бар. Ол тіпті соғыс кезінде де бұл сүйікті ісін тастамаған. Майданда «Боевой листок» үнпарағының ұрандарын жазып, оны қазақтың оюларымен безендірген көрінеді.
Біздің атамыздың есімі 2012 жылы Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь мемлекеттерінің атақты азаматтарының құрметіне шығарылған «Үздік тұлғалар» энциклопедиясына енгізілген. Ол да атамыздың адал еңбегінің арқасы.
Абай Құнанбаевтың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес да­лаға» деген сөздері атамыздың өмір бойлық ұстанымына айналған. Ол әрдайым бізге, ұрпақтарына, «Ең бастысы, кәсіптеріңе немқұрайлы қарамай, жандарыңды салып еңбек етіңдер. Елге адал қызмет істеңдер. Парақорлық, жемқорлық – ең нашар қасиеттер. Одан аулақ болыңдар. Адал болыңдар. Кімнің жақсы, кімнің жаман екенін халық өзі біледі» деп айтып отыратын.
Биыл 26 ақпанда №70 мектеп-лицейде атамызбен кездесу болды. Өкінішке қарай, біздің атамыз бір айдан кейін қайтыс болды. Біз видео мен фотосуреттерін көріп, жыладық. Ешқашан ұмытпаймыз сүйікті атамызды.

Нұрислам Әділбек,
№64 мектеп-лицейдің
6-сынып оқушысы,
Қайыр Аяулым,
№ 70 мектеп-лицейдің
4-сынып оқушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button