Тағзым

СОҒЫСТАҒЫ ҚАСЫҒЫ САҚТАУЛЫ

rrr

Биыл Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы тойланады. Аталары соғысқа қатысқан достарым көп. Бірақ, ол майдангерлердің көбісі елге оралмапты. Біздің әулетте үлкен атам Қайырлы Жоңқабаев бұл қанды қырғынның ортасында болған.

Менің атам үшін соғыс 1941 жылы қазан айында Мәскеуде басталып, 1945 жылы мамыр айында Кенигсбергте аяқталды. Ол Жеңіс жолында түрлі қиын сындардан өтті.

Ес біліп қалған кезімнен бастап мен атамның әңгімелерін тыңдауға құмарттым. Жыл сайын жазда үйіне барғанда бізге естеліктерін айтып беріп отыратын. «1941 жылы қараша айында мені Мәскеуге жіберді. Сонда менің жасым небәрі 18-де ғана еді. Екі аптаның ішінде нысанаға атуды, окоп қазуды үйретіп, ұрысқа дайындады. Содан кейін бізді майданға жіберді. Мен соғыста барлаушы болдым. Жаудан «тіл» әкелу үшін басымды өлімге талай рет тіктім…», – деп еске алады ол кездерді.

Атамның айтуынша, майданда барлаушы жаудың шебінен гүл жұлып әкеліп, ол гүлді Отанына салып жіберсе, сол солдат еліне аман-есен оралады деген сенім болған. Осы сенімге менің Қайырлы атам да сенген.

Барлау кезінде атама дұшпанның қолға түсірген шенді офицерін штабқа жеткізу оңай болмапты. Қауіп-қатерге толы жолда фашистті алып келе жатып атам әлгі сенімге нанып, бір гүлді жұлып алады. Бірақ ол гүлін үйге жіберуге мүмкіндігі болмай, кітабының арасында сақтайды. Ал немістің жоғары шенді офицерін қолға түсіргені үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Қайырлы атамның тілегі қабыл болып, Отанына аман-есен оралуына сол гүлдің де септігі тиген шығар…

Менің атам аты аңызға айналған 316 Панфиловшылар дивизиясының 23-атқыштар полкінің құрамында Мәскеу шептерін қорғаған. Осы Мәскеу үшін болған шайқаста ол «нағыз қиян-кескі соғысты көрдім» деп айтып отырады. Қыста қардың астында қалған күндері, достарын жоғалтқаны – бәрі-бәрі әлі күнге көз алдында. Жауынгерлердің берілмейтін көзсіз ерліктерінің арқасында Мәскеу қорғалды. Сол жантүршігерлік майданда атамды әрдайым қазақтың батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдулиннің ерліктері рухтандырыпты. Сондағы ерлігі үшін 1942 жылы «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталса, кейін 2012 жылы Мәскеу қаласының мэрі «Мәскеуді қорғау шайқасына – 70 жыл» орденін төсіне тақты

Қайырлы атамның маған айтқан ұрыстарының ішінде Ржев соғысы есімде қалыпты. 1941-43 жылдарындағы Ржев соғысы адамзат тарихындағы ең қантөгісті соғыстың бірі болған. 1942 жылы атам осы ұрыстағы ерлігіне «Ерлігі үшін» атты медалін алды. Оның майданда көрсеткен барлық ерлігін тауысып айту мүмкін емес. Бүкіл ерлігін айтсам кітап жазу керек сияқты. Соғыстағы ерліктерінен гөрі қиналған шақтарын 70 жылдан астам уақыт өтсе де дәл қазір болғандай жиі еске түсіріп, айтып отырады.

– Калинин ауданы Холм ауылында біз қатты қиналдық. Мен пулеметші едім. Соғыс ауыр болды. Немістердің күші басым еді. Осы соғыста мен көп достарымнан айырылдым: Дүйсен, Шәріпов, Насибулла Абрахманов, тағы біршамасы бар. Біз бәріміз Қазақстаннан едік, жақын дос болдық. Қанша жыл өтсе де, сол жігіттердің бейнесін ұмытпадым. Бізге ең қиыны Беларусь батпағынан жүріп өту болды» деп үнемі айтады. Оңтүстіктің жылы жерінен шыққан адамдарға батпақ арасында жүру қиын болған. Олар жылы күнгей жерден келіп, қалай жылыну, кебіну дегенді білмеді.

Майданда есте қаларлық жақсы уақиғалар да болған. Бір күні аяқ астынан, ойламаған жерден олар Новгородтың балаларынан сәлемдеме алған. Оның ішінде махорка, қолғап және ағаш қасық болған. Атама ағаш қасықтың біреуі тиген, сол сәттен бастап үлкен атам сол қасықтан бір ажыраған емес. Қазіргі күнге дейін сол қасық сақтаулы.

22 жасында Жеңiстi қарсы алып, соғыстан кейiн елдiң еңсесiн көтеру жолында аянбай еңбек еткен атамның өмiрi – маған үлкен үлгi. Әжем екеуi бала, немере өсiрiп, бүгiнде шөбере шуағына шомылып отыр.

Мен атамның Жеңiстiң 70, 80, 90, 100 жылдығын көруiн қатты қалаймын. Ешкім де ешқашан ұмытылмайтынына мен сенемін. Біз өсіп келе жатқан ұрпақ аталарымыз бен әжелерімізді қастерлеуге міндеттіміз. Мен – осындай адамның ұрпағы екеніме мақтанатын немеремін.

Аружан Лұқпан,

№60 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button