Мәдениет

Сол бір ән…

Қазақ мәдениеті мен руханиятында өзіндік ерекше орны, қайталанбас қолтаңбасы бар Илья Жақановты әлемді жайлаған індет сырт айналып өтпепті деген хабар естіген соң Атырауға телефон соғып, жазушы-композитор ағамыздың жай-күйін білген едік. Дауысы жарқын, көңіл күйі дұрыс екен. Құдай қосқан қосағы – Тиышкүл апа екеуі де емделіп, сауығып шығыпты. «Ауыр дерт екен, дәрігерлерге мың алғыс!» дейді сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақал. Денсаулық пен жан тыныштығын тіледік ұжым атынан. Ол кісі қабырғасы қаланғанына отыз жыл толып отырған «Астана ақшамы» газетіндегі әріптестеріне шабыт, табыс тіледі. Алпыс жылдан асқан шығармашылық ғұмырындағы бүкіл әндерінің туу тарихын тәпсірлеген «Еділ-Жайық» деп аталатын үлкен еңбегін жазып бітіріпті. Біз бүгін Илья ағамызға қолқа салып, осы қабырғалы шығармадан бір үзік беріп отырмыз.Сұлу қыздың қос бұрымындай сылаңдап аққан екі ұлы дария – Еділ мен Жайықтың жайсаң жағасында өмірімнің ұлғайған шағында емін-еркін ғұмыр кешем деген ой қаперіме келіп пе еді, тегі… бір замандарда ата-бабаларымыз, иә, тарихтың дәл сөзімен айтсақ – ұлы батыр­лар – әкелі-балалы Нәрік, Шоралар жайлаған қасиет­ті мекенді көрмей жүріп ­ұз-а-а-ақ жылдардың ­аңсаулы сағынышымен жазып едім «Еділ-Жайықты». Осы ән жан-жүрегімді дәйім тебіреніске салатын іңкәрлік сезіммен әлі күнге дейін тербетумен келеді. Соның қуатты лебімен көкірегімнен қаншама әндердің кәусар лебін ақтардым. Осы әндердің ішінде «Ырғыз», «Шалқар», «Ағады Жайық, ағады», «Ойыл толқыны», «Оралдың ерке самалы»… иә, бұларға қоса арнаға сыймай толып аққан Қиғаш суының бойында шығарған лирикалық «Ақмарал» әнін айтсам да жетіп артылады. Еділдің жағасында жиі-жиі болып жүрем. Еділдің керіліп жатқан кербез айдыны қиялымды шарықтатып әкетеді… Алтын орда, Ноғайлы заманы елес береді… толғантады, ойды ой қозғайды, сезімге берілесің. Осындай тебіреністі сәттерде тілмен бейнелеп болмайтын бір сырлы әуез өзгеше бір әсермен жүрек қылымды шерткені. Қалай ойласам да шөп басына тұна қалған таңғы шықтай мөлдірлігі әркез исіндірумен жанымды ләззатты сезіммен баурай берді. Келе-келе көңіліме әбден орнықты. Ойлы. Қоңыр лебі кең тынысты баритонды елестетеді. Осы болмысына қарап бұл әнді «Ағады Жайық, ағады» әнімнің екінші бір вариантындай сезініп жүрдім. Бір аңсаулы көңілдің жастық сыры секілді ойландырады. Осындай сәтте өзім әркез жүздесіп, сырласып жүретін Бақтықожа Ізмұхамбетовтің (дәл осы кезде Батыс Қазақ­стан облысының әкімі еді) қоңырлата тартқан гитара мен домбырасын, оған әдемі қосылатын сырлы үнін еске аламын…
Кейде сәттілік дегеніңіз ойда жоқта келе қалады екен. Бір жолы жолым түсіп, Орда мен Қазталовкада, Ақжайық ауданында жұртшылықпен кездесу кештерін өткізіп жүріп, енді Атырауға қайтар сапарда Оралда Бақтықожаның арнайы шақыруымен қонақ болғаным ұмытыла қоймас тегі. Бақтықожаның үйіндегі сол бір келісті отырыс… айлы аспанның астында маужыраған мақпал түнде Бақтықожа тартқан гитара үні, қоңырлата шертілген домбыра көкейімде жүрген әлгі әуезді ап-анық етіп қозғағаны. Мен ойда жоқта ыңылдап отырғанымды сездім, сезбедім. Бір ғажайып құбылыс бо­йымды толқытып, қиялымды шарықтата бастады. Жаңа әннің нобайы, сұлбасы емес, сирек бітімді келбетін көрдім. Жүрек түкпіріне әбден орныққан секілді. Мен ыңылдай бердім. Мұны сезе қойған Бақтықожа гитарамен сүйемелдеп сүйсіне тебіренді. Екеуіміз үндесе қалдық. Бақтықожа менің жүрек пернемді дәл басты. Осылайша толқып кеткені сондай: – Іл-аға, сөзімен… сөзімен, – деп гитараны жан-рахаты ғып балбыратты.
Мен не дерімді білмедім. «Сөзі жоқ» деп айтуға тіл шіркіннің де икемі келмеді. Іштей булықтырған шабыт оты қыздырды да отырды. Әнге бар жанымен иілген Бақтықожа сол қолы гитараның діріл қаққан шегінде, оң қолы дастарқан шетінде жатқан ақ қағазға асығыс-үсігіс:
Жарқырап Еділ ағады,
Аралап кербез даланы.
Қайтарын ойлап
Жайыққа,
Қия алмай жігіт қарады, – деген шумақты бірден құйылдырып десем де, мөлдіретіп десем де мені еріксіз таңғалдырып жаза салды.
Иә, таңғалғаным сондай, өзінің бір сырласқан сәттерде: «Мен институтта Уфа қаласында оқыдым. Башқұрт ағайындардың қыз-жігіттермен бірге жүрдік, жастық романтикаға беріліп. Жақсы күндеріміз өтті ғой, шіркін! Ал бір күні оқуымызды бітіріп елге, Ақ Жайығымызға қайтатын сәттерде Еділді қимай, бір жағы елді де ойлап, тіл жетпейтін бір сырлы сезімге берілгенім есімнен кетер емес. Сіздің мына әніңіз менің сол сәттегі жан-толқуымды қозғап жіберді» деді күлімсіреп.
Әлгі шумақтан кейін Бақтықожа гитара үнін сібірлеп атып келе жатқан таңдай ғып тамсандыра шертіп, дастарқан басында отырған біздерді мүлде ұмытқандай боп:
Еркелеп Еділ ағады,
Думанға бөлеп жағаны.
Толқыны тербеп әсем ән,
Жайыққа кетіп барады, – деп ғашығын аңсаған албырт жігіттің махаббатын сездіргендей болды ма, құдай-ау, мен өз әнімнің кескін-келбетін, ынтықтыр­ған іңкәр көңілдің беймаза дітін енді ғана анық сезгендей тағы бір… тағы бір шумақ жалғанса екен деп тіледім.
Бақтықожа менің осы ойымды аңдаған жанша: – Тиыш апа, мен ойда жоқта осылай деп қалдым. Дұрыс па? Мына ән осылай дегізіп отыр. Еш секіреті жоқ, кейде өстіп лирикаға берілетінім бар. Іл-ағаның лирикалық әндері мен романстарына еш нәрсені теңгермеймін, бұл шын сөзім, – деді.
Бұған Тиыш апасы да, немерелеріміз Әйгерім мен Әлихан қуана бас изесті. Бақтықожа да екі балаға қызыға қарап: – Ой, айналайындар! – деп еміренді. Балажан екен.
Мен енді еркінсіп шешіле сөйлегім келді ме: – Осы әнді кейде іштей ыңылдағанда: «Ағады ­Жайық, ағады» деген әнімнің сөзімен де айтып қалатын сәттерім болады, – дедім.
Бақтықожа күлімсіреп: – Ал маған ерік берсеңіз, – деді де, гитараны сабырлы баппен шертті. Сол сәтте қоңыр көзіне ой тұнған Бақтықожа ән әуезін қаз-қалпында мөлдіретіп:
Толықсып Еділ ағады,
Құлпыртып сай мен
саланы,
Жайыққа жеткен сол
бір ән,
Жүректің отын жағады, – деп көзбе-көз экспромт шумақты айтып тоқтады.
О, шіркін, нұрлы дүние­нің осындай сәтіне не жетеді… не жетеді. Поэзия мен музыка ананың бесік жырындай тербетті. Жан-тәнің, пәк көңілің қандай тап-таза боп жарқырайды! Өмірден тілейтінім осындай сәт. Біз жұлдызы алыстан жымыңдаған айлы түнде осы әнмен тыныстадық та отырдық. Бақтықожа екеу­міздің діліміз бен дітіміз осылайша үйлесті.
Келе-келе бұл әнді Оралдың баритондары мен Атыраудың дуэттері үлкен концерттерде орындай бастады. Менің әндеріме қызығатын кейбір ақындар Бақтықожаның мына өлеңіне таңғала ойланып: «Ақындығы да бар екен ғой» деген сөздерді айтып қап жүрді. Ондай сәтте мен Бақтықожаның:
Қыс болса жерді қар
басып,
Кетуін күтіп жүреміз.
Көктем де жазға жалғасып,
Келеді тағы күрең күз.

Өмір де солай қарасаң,
Жылаймыз, кейде күлеміз.
Төңірегімізде әрқашан
Қуаныш, қайғы жүр егіз.

Қыс кезі, мейлі күз кезі,
Жақсылық күтіп
әр таңда.
Үзілмей күннің тізбегі,
Жүргеймін, достар, ортаңда! – деп жазған бір өлеңін ойлы сезіммен, романс әуезімен айтып беретінім бар. Мұндай тебіреністі жүректен тек қана мейірім нұры тарайды екен.
Бұл – Оралда сұрапыл тас­қын болған жылдың жазы…

Илья ЖАҚАНОВ, жазушы-композитор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button