Солдаттың сойдақталған тағдыры
Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен кейін оған өз өмірінен қымбат не бар дейсің, мына жарық жалғанда?! Алайда дауылды күні тау асып, жаңбырлы күні адасып жүріп бізді осы күнге жеткізген бабаларымыздың тағдыры қашанда да ауыр болды.
Әсіресе тарихымыздың ең бір ауыр кезеңдері – сонау ашаршылық жылдары мен қуғын-сүргін жылдары. Одан аман қалғандарды соғыс жылдарындағы дүрбелең әлекке салды. Сол бір өлара кезеңдердегі үш ұрпақтың тағдыры бүгінге дейін үш мың жылдық қайғымызды қозғайтыны да сондықтан. Соның куәсі, әкесі бола тұра түрін-түсін білмей өскен, соғыстың өзін әкесі ғана көргенмен, зардабын әлі күнге дейін өзі тартып келе жатқан Қарағанды облысы Ақтоғай ауылының тумасы, Қорғалжынның тұрғыны – Нариман Мусин. Ол кісі біздің редакцияға келіп әкесінің бастан кешкен тарихын, өзінің сол бір сүркейлі жылдарға деген наласының ауыр екенін айтып, бастан кешкен тар жол тайғақ кешулерін әңгімелеп берген болатын.
– Соғыс кімнің басын қайда қалдырмады? Мен әкем Анас Садықұлы әскерге кеткен кезде бір жасқа да толмаған анамның құшағындағы бала болыппын. Сондықтан мен әкемнің кім екенін 20 жасыма дейін білмей өстім. Өйткені әкем соғыста жүргенде қайтыс болды деген қара қағаз келген. Сөйтсек, 1943 жылы ірі шайқастардың бірінде әкем бір қол, бір аяғынан қатты жараланып, ес-түссіз әскери емханаға жатып қалған екен. Оны сол кездегі дәрігерлер қате қағаз толтырып, өлді деп хабарлама жазып жіберген. Сөйтіп анамызға қара қағаз келген. Ал анамыз болса сол хабарды естіп, екінші рет ауылдың бір адамына тұрмысқа шығып кетеді. Ол кісіден анам Шайзат Түсіпбекова 6 баланы өмірге алып келеді. Бұл кезде соғыстағы әкеміз жаңағы ауыр жарақатынан жазылып, есін жинап, қайтадан соғысқа аттанады. Әрі ол көзсіз ерлігі үшін, соғыста көрсеткен еңбегі үшін екі рет «Қызыл жұлдыз», «Даңқ» орденін алады. Сондай-ақ ерлігі үшін медальмен марапатталады. Бірақ ол кісінің Берлинді, Праганы соғыста қорғағанынан хабарсыз ауыл адамдары «соғыста өлді» деген желеумен ұмытып та кетеді. Ал әкем болса, 1945 жылы қараша айында соғыстан аман-есен елге оралады. Сөйтіп, елге келгеннен кейін әкем туған жері Шығыс Қазақстанға барады. Одан қайта айналып, Қарағандыда жұмысқа тұрады. Алайда сол кезде бірін-бірі аңдыған заман болғандықтан, әкемнің әкесі Садық Жақыпұлы 37-жылы ұсталып, «халық жауы» деген атпен атылғанын білетін біреу, менің әкемнің үстінен бұл «халық жауының» баласы деп арыз жазып жібереді. Соғыстың зардабын тартып, бір өліп-тірілген әкем енді қайтадан ұсталып, түрмеге тоғытылады. Сөйтіп, кейін түрмеден шығады. Түрмеден шыққасын төрт жыл бойы еш жерге жұмысқа алмай қойғандықтан сандалып, әр жерде бір жүреді. Кейін 1951 жылы атақоныс жері Шығыс Қазақстанға барып, қайтадан әскери қызмет атқарады. Одан бір жылдан кейін Оңтүстікке қоныс аударады. Онда да жақсы жұмыс істеп жүрген әкем 1955 жылы бұғалтыр болып қызмет істеп жүрген жерінен Келес аудандық корпорациясы дауыс беру жүйесі бойынша депутат болып сайланады. Алайда жаңағы «халық жауының» баласы деген атақ тағы да жайына қоймай, 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының прокуратурасы 3 рет ол кісіні сұрақ алмаққа шақырады. Мұның бәрі шын мәнінде соғыстан келіп, түрмеге түскен адамның жүйкесін әбден шаршатады. Міне, сол жылы әкем өзіне жасалған қысымды көтере алмай, бір жағы денсаулығының нашарлауына байланысты дүниеден өтіпті деп күрсініп, әкесін есіне алған Нариман Мусин соғыстың зардабын ашына айтып, қолындағы әкесінің сартап болған суретін сипап отырып, әкесінің суреттегі бейнесінің өзі жігер мен рух беретінін айтады.
– Менде ол кісінің соғысқа алынған кезінен бастап барлық құжаттары сақталып тұр. Мен сол көнеріп тозған қағаздарға қарап, ол кісіні сағынамын. Ерлігіне сүйінемін. Міне, сондай бірде қар кешіп, бірде қан кешіп жүріп біздердің осы күнге жетуімізге жұмыс жасап, қаны мен терін төккен менің әкем сияқты қаншама боздақтар болды?! Олардың сол еткен еңбектерін бүгінгі ұрпақ біліп, сол өткен тарихтан сабақ алып, мына бейбіт күннің, тәуелсіз елдің қадірін білсе деймін. Өйткені жаңа өзім айтқандай, соғыс бізді әкемізден айырды. Балалығымызды ұрлады. Сондықтан да соғыстың зардабын көрген адам ретінде менің жастарға тілерім де, айтарым да тек жақсы ойлап, тәрбиелі білім алса екен деймін. Біз көрген қиыншылық пен қорлықты тәуелсіз елдің жастары ешқашан көрмей өтсе екен деген тілектемін, – дейді Нариман Анасұлы.
Осылайша соғыс кезеңіндегі балалық шағын және әкесінің қилы тағдырын әңгімелеген Нариман Мусин бүгінде үш баласынан он немере, екі шөбере көріп, өсіп-өнген әулет болып керегесін кеңге, желкенін желге жайып отыр. Бұл да болса бүгінгі тәуелсіздігін алып, жоғының орнын толтырып, бейбітшілікпен дамып келе жатқан Отанымыздың барлығының, еліміздің бірлігінің арқасы шығар?!.
Шапағат ӘБДІР