ӘлеуметБасты ақпарат

Солтүстікке көш – ұлттың тарихи миссиясы

Халықтың Астана, Алматы секілді ірі мегаполистерге қоныс аудару, шоғыр­лану салдарынан еліміздің солтүстік аймақтарындағы тұрғындар саны елеу­лі қысқарған. Соңғы жылдарда Солтүстік Қазақстан облысында халық саны – 22,43%-ға, Павлодар облысының тұрғындары – 5,76 пайызға, Қос­танай облысының тұрғындары 8,3 пайыз­ға азайған. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы нәтиже бермегені туралы жоғарғы мінберлерден айтылып жүр. Не істеу керек? Шекараға іргелес жатқан елді мекендеріміздің жағдайы қалай деген сұрақтардың жауабын Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ұлт тағдыры – Қызылжар», «Тамыр жаю» деп аталатын ұйымның жетекшісі, жас ғалым, PhD постдокторант Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫНАН сұрап білген едік.

– Бізде Солтүстік Қазақстан облысында 523,3 мың халықтың 35 пайызы – қазақ, 65 пайызы – өзге ұлт өкілдерінен. Қаланың өзінде 218 мың халық тұрады, 31 пайызы – қазақ, 58 пайызы – орыс халқы өкілдері, 31 пайыз дегеніміз – Петропавлда 65-70 мың қазақ тұрады деген сөз.

– Тіл мәселесінің бір кілті мектеп, білім ордасы ғой.

– Егер мұндағы аралас мектептерді санамағанда алты ғана қазақ мектебі бар. Кейіндері қала сыртындағы батпақты айнала орналасқан «Береке» шағын ауданында жаңа мектеп салынғанда қуанарымызды не қуанбасымызды білмедік. Қазақ тілінде білім алуын соншама қалағанмен, қыстың суығында таңғы сегізден тұрып, баласын мектепке тасып жеткізе ала ма? Қоғамдық көлік мандытып жүрмейді, ел арасы алыс. Ақырында ата-аналар балаларын үйлерінің жанындағы аралас мектептерге беруге мәжбүр болды. Ондай мектептердегі қазақ сыныптарынан да мән кете бастайды. Айталық, физика, химия сияқты пәндер тек жоғары сыныптарда өтеді. Сағаты аз болған соң, мұғалімдерге аз төленеді. Мектепке келіп-кететін көлігінің де қаражатын ақтамайтыны себепті, мұғалімдер де бас тартқан кезде қазақ сыныптарындағы білім сапасы төмендеген. Мұны көрген ата-ана қарап отырсын ба, балаларын жедел-ғабыл орыс сыныптарына ауыстырып, ақырында аралас мектептегі қазақ сыныптарының да болашағы бұлдыр бола бастады. Міне, жағдай осы. Тәжірибелі ұстаздар жалақысы жақсы жер іздеп кетті.

Менің өзім оқыған классикалық гимназияда сол жылдары төрт сынып қатар бітірген едік, мыңға тарта оқушы болатын. Қазіргі күні онда 320 бала оқиды, былтыр інім мектеп бітіргенде бар-жоғы екі параллель сынып бітіріп шықты. Оның өзі бір сыныпта 13-14 оқушыдан болған.

– Халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарындағы жастарды Қазақстанның солтүстік өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыруға арналған «Серпін» бағдарламасының бұл өңірге сәулесі түспеді ме?

– Бұл бағдарлама бойынша оңтүстіктен келген жастарға солтүстік өңірлердің жоғары
оқу орындарынан грант алу мүмкіндігі қарастырылған болатын. «Серпін» де солтүстікті серпілте алмады. Бірінші жылдары оқуға түскен 110 баланың 80-і оқуды бітірді. Отызы ІІ-ІІІ курстарда Астана мен Алматыға ауысып, тағы басқа сылтаулармен өз еліне «қашып» кетті. Осы сексеннің отызы ғана жұмыс тапты, Петропавлдан 20-сы жұ­мыс таба алмады. Фермерлер электрик етіп те жұмысқа ал­мады. Мұнда жұмыс орны қат болғандықтан, алдымен өз­дерін жарылқайды емес пе? Ал ауылға барып жұмыс істегісі келсе, ол жақтан үй алуға мүм­кін­дігі жоқ, өйткені жас түлек отбасылы болуы шарт.

Сізге мысал келтірейін, екі жас үйленді, некеге тұрып қалың малын беріп, тойын жа­сады. Бір жылдан кейін жігіт кредитті жаба алмай маскүнемдікке салынып, ажырасып тынды. Жұмыс қайда дегенде, қияндағы жарық жетпеген, жолы салынбаған, суы жоқ елді мекендерге, алдыңа мал саламыз, жем-шөбін береміз деп шақыртады. Тым болмағанда қарапайым жағдай болмаған соң, халық тұрақтай алмайды.

Солтүстікке оңтүстіктен кімдер көшіп келеді? Мұнда көбіне қалтасында ештеңе жоқ, қор жинамаған, жұмыссыздар келеді. Оңтүстіктегі жұмыссыздық көрсеткішін солтүстікке алып келгеннен не пайда? Істің көзін білетін, оңтүстіктегі кәсібін мұнда да дөңгелетіп жіберетіндер келген жоқ. Өз жағында мандытып ештеңе істемей, игілікке қолы жетпеген адам мұнда келіп қарық қылады деп ойламаймын. Ащы да болса шындығы осы!

Бізде Солтүстік Қазақстан облы­сында 523,3 мың халықтың 35 пайы­зы – қазақ, 65 пайызы – өзге ұлт өкілдерінен. Қаланың өзінде 218 мың халық тұрады, 31 пайызы – қазақ, 58 пайызы – орыс халқы өкілдері, 31 пайыз дегеніміз – Петропавлда 65-70 мың қазақ тұрады

– Оралмандар көші солтүс­тіктегі демографияның бір түйінін шешер ме еді?

– Күні бүгінде Монғолияда көшем деп тұрған 150 мыңға жуық қазақ, Қырғызстанда 41 мыңға жуық қандастың үзеңгісі көтеріліп тұр. Бұл ресми алғанда. Ыстықкөлдің жағалауында іссапарда болдым, қазақтың баласы – қырғыз болып жазылғандар көп екен.

Мен Омбыда дүниеге келдім. Әке-шешем әдейілеп балам қазақ болып өссін деп, қазақ тілінде мектеп бітірсін деп осында көшіп келді. Балаларының болашағы үшін қазақша оқысын деп көшіп келгісі келетіндер жеткілікті. Ираннан 37 отбасы көшіп келді. Олардың тұрақтандыруына атсалысып, бірлесіп жұмыс істедік. Ауғанстаннан Көкшетауға екі отбасы қоныс тепті. Бізге оңтүстіктен солтүстікке емес, Ресей мен Қытайдан да емес, Өзбекстан мен Қырғызстанның қазақтарын көшіру керек. Олар тез жерсініп кете алады.

Моңғолия мен Ресей арасында шекара бар, «әкемнің көзі» деп ала шыққан киіз үйін өткізе алмайтын жағдай бар. Киіз үйден басқа азын-аулақ малын, жиған-тергенін жеткізу мұң. Елге қарай көш бұру үшін азын-аулақ қаражаты болуы тиіс, мемлекет тарапынан көмек болмаса, кей қандастарымыз елге оралудың бейнетін сезініп отыр. Келген бетте бейімдеу орталығын ашу керек. Ондай жұмыс өзіміздің жергілікті қазақтарымызға да керек. Атажұртын аңсап келген қандастарымызды «қытай», «өзбек», «тәжік» деп атап, бауырымызға тартудың орнына сыртқа итереміз. Көші-қон бағдарламасы шикі жұмыс істейді. Көшіп келгендерді қазақи ауылдарға көшіреміз дейді. Қазақы ауылдардың жағдайы мүшкіл.

«Бәйтерек» деген жерге 600-дей адам көшіп келді. Мемлекет үй салып берді, бірақ айна­лы­сатын жұмыс жоқ. Елді қо­ныс­тыр­ғанда олардың жұмыс істеп, ақша табуын да ойлау керек. Бірнеше жыл мектеп салынбады, аурухана, балабақшасы болған жоқ. Жолын да кеш салып, отын-суын жеткізуді де кеш ойластырды. Басында үйлерді тегін таратып, соңынан 15 миллионға бағалады. Шындап келгенде, өзіндік құнынан бірнеше есе артып тұр. Жылдан жылға тұрмыстың қиындығынан тұрғындары тастап кеткен себепті 38 ауыл жабылды. Кейбір ауылдарда атап айтқанда, Сәбиттің, Сафуанның ауылының мектебінің есігі жабылды. Смағұл ауылдарында алпысқа жуық бала оқиды, Мағжан ауылында 40-қа жуық бала оқиды. Ол да жабылады. Смағұл ауылы қиян шетте. Жету қиын, жол жаман, адамды байлап тұрғыза алмайсыз. Осы өңірдің астығын өсіріп, пайдасына батқан монополистер қазақ ауылдарының гүлденуіне жаны ашып жатқандары шамалы. Бір фермерлер бар, егінді жинап алғаннан кейін, сабанына дейін жағып жібереді. Халықтың малы жайылып, бүйірі шығып, тойынбасын, халыққа тегін азық бұйырмасын деп ойлайтын болар. Елдің қамын ойлағандар мұндай әрекетке бармас па еді? Халық байымасын, өзіне құл болсын дейтіндердің шектен шығатын кездері бар.

Менің ойымша, солтүстікті тұрғындарының өзіндік квотасы, үстеме ақысы болуы тиіс. Еліміздегі негізі оқу орындарының филиалдарын ашу керек. Қаншама қаражат құйып жастарды шетелге де жіберіп жатыр ғой, соның аз ғана бөлігімен де жастарды солтүстікке шоғырландыра аламыз. Өйткені Солтүстік Қазақстанда мен оқып жүргенде соңғы сынып оқушыларын Ресейден келіп сондағы оқуға түсуге үгіттеп, насихат жұмыстарын жүргізетін. Қазір ешқандай үгітсіз-ақ мектеп түлектері өздері білім іздеп, сол елге кетіп жатыр. ҰБТ тапсыр­май-ақ оқуға қабылданады. Соңғы курстарда зауыттарға жұмысқа тартады. Жалақысы жақсы, сонда жүріп «жергілікті қыздармен» көңіл қосып үйленіп қалады. Меніңше, бакалаврды еліне қызмет етуі үшін ұлттық бағыттағы білімін өзіміздің елде оқуы керек. Одан кейінгі магистратура тағы басқасын кез келген елде ала берсін.

– Іргеде тұрып жатсақ та, Петропавл қаласына алғаш рет келдім. Аз күнде қаншама тарихи жерлермен танысып, Алаш тарихының бастауы осында жатқанын көрдім.

– Алаш институты Қызыл­жарда болуы тиіс деп ойлаймын. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» деген кітабы бар. Атты әскер құрамасын жасақтаған Құртай би, Әлти деген байлар осында өткен. Сонда Міржақып, Мағжан іздері жатыр. Шекаралық аймақтарда 29 медресе болған. Марал ишанның мектебі Қостанай мен Петропавлдың ортасында орналасқан.

Міржақып «Оян, қазақты» жазса, «Тұр, қазақты» жазған Байбатыр Ержанов деген Алаш азаматы осында өткен. Қазақтың тұңғыш судьясы Ғалиолла ­Ғалымжанов, қазақтың тұңғыш заңгері Айдархан Тұрлыбаев, медицинаның да негізгі кітабын жазған осы өңірдің азаматтары Жұмағали Тлеулин, Қазақстан тарихы тұңғыш кітабының авторы Қошке Кемеңгерұлы осы топырақта туды. Омбыдан бастап Петропавл, Орынбор осы бір үлкен жолдың бойында ғой. Алаш ардақтылары осында аялдап, қызметін атқарған дейтін деректерге байланатын орындар аз емес. Енді Алаш ардақтыларының іздерін ұлықтап, тым болмаса мемориалды тақта орнату да қиын. Оны іздеушісі де жоқ, елеп жатқан билік те көрінбейді.

Оларды қазақтың, ел-жерінің тарихы ойландыра бермеді. Бұрынғы 1920 жылдардағы қазақ зиялылары оқыған атақты Қазақ педагогикалық институттың ғимаратын қазіргі қожайыны жекешелендіріп алып, бұрынғы тақтасын алып тастады. Үлкен білім ордасының, мықтыларымыздың түлеп ұшқан қасиетті жері тарихтың құрметіне де зар болып қалды.

Мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің тұрған үйі бар, оны мұражайға айналдыруға болар еді. Мағжанның музейін айдаладағы адам аяғы жетпейтін ауылына апарып тастадық. Оны қалаға көшіріп әкелсе, кәні. Смағұл Сәдуақасовтың өмірі мен қызметіне қатысты жерлер елеусіз қалып, халық санасынан өшіп, есімі ұмытылып бара жатыр. Осман патшасына барып, халықтың мұң-мұқтажын айтқан Шәймерден Қосшығұлдың есімі айтылмайды. Ал жергілікті жердің тарихын білетіндер де жоқтың қасы.

Қала атын ауыстыруға әлі ерте, алдымен, мемлекет құ­рушы ұлтымыздың саны артуы керек. Қаланың байырғы тұрғындарымен жұмыс істеп, халықты дайындау керек. Әзірге репре­сия, алаштану тарихына қатысты көрнекі орындарды қалпына келтіріп, тарихтың шаңын қағыстырып, өткенге тағзым ретінде дәстүрімізді қалыптас­тыруымыз дұрыс болар еді. Өлкетану жұмыстарын қолға алғанның зияны жоқ. Облыстық музейде Ботай қоныстарына байланысты аталған Ботай мәдениеті – энеолит дәуіріндегі Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті шаң басып тұр. Ботай ескерткішіне 1981-1983 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізген, сол жақсы көрініс тапқан. Ботай мәдениетінен кейінгі елдің мұрагерлерінің тұрмыс-тіршілігі, даму тарихы мен мәдениеті қандай болған деген сұрақтың жауабы жоқ. Есесіне патшалық Ресейдің отарлық саясатынан хабардар ететін ат шаптырым залдары бар. Орта ғасырдан және сол уақыттағы өмірінен ештеңе жоқ.

Осыдан 24 жыл бұрын, «Асыл мұра» орталығы ашылған еді. 2012 жылға дейін жұмыс істеп, 70-ге жуық кітап шығарып, 500-ге жуық тарихи-тағылымдық мақалалар жазған еді. Сол еңбектерді көбейтіп, шығарса ғой. Кейбір зерттеушілер соның еңбектерін ұрлап, игеріп жатыр. «Асыл мұра» орталығын құрған Қайролла Мұқанұлы, Ғалым Қадралин, Социал Жұмабаев сияқты тұлғалардың есімі күннен күнге өшіп барады.

Тарих жоқ емес, бар. Көбі көрші елдердің қорларында жатыр. Ардақтыларымыздың мұрасын зерттеу барысында жеті мемлекетте 51 кітапханада, 34 архивте жұмыс істедім. Осыншама мағлұматты халықтың көзін ашуға, еліміздің өткен тарихын жаңғыртуға пайдалана алмай отырған соң, қиянатқа жаның шыдамайды екен.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button