Басты ақпарат

Солтүстік Кореяның көздегені не?

Корея Орталық телеграф агенттігінің хабарлауынша, Солтүстік Кореяның ұлттық қорғаныс академиясы 11 қаңтар күні гипердыбыстық зымыран сынағын өткізген. Дереккөзден белгілі болғандай, зымыраннан бөлінген гипердыбыстық оқтұмсық 1000 шақырым қашықтықтағы теңіз айдынындағы көздеулі нысанаға дәл тиген. Бұл былтырғы қыркүйек айынан бері Солтүстік Кореяның үшінші мәрте гипердыбыстық зымыран сынағын өткізуі болып саналады. Ресми Пхеньянның мәлімдеуінше, сынақтың мақсаты – жаңадан жасалған гипердыбыстық зымыран жүйесінің жалпы техникалық сипаттамасын түпкілікті растау. «Сынақтың нәтижесі гипердыбыстық қанатты оқтұмсықтың маневрлігі көңілге қонатынын көрсетті» деп жазады Солтүстік Кореяның ресми ақпарат агенттігі.

[smartslider3 slider=1888]

 Оңтүстік Корея бастап­қыда гипердыбыстық зымыран сынағы туралы мәліметті теріске шығарған еді, бірақ, ізінше «Осы жолғы зымыранның ұшу қашықтығы 700 шақырымнан, траекториясының биіктігі 60 шақырымнан кем емес, ал максималды жылдамдығы Mach 10» деген ақпарат таратты. Бұл дегеніңіз – зымыран небәрі 1 минутта Сеулге жетіп үлгереді деген сөз. Оның үстіне, параболалық траектория бойымен қозғалатын кәдуілгі баллистикалық зымырандармен салыстырғанда, гипердыбыстық зымырандарды тосқауылдаудың әлдеқайда қиынға түсетіні тағы бар. Демек, түбектегі Оңтүстік Корея мен жақын көрші Жапония ғана емес, мұхиттың ар жағындағы АҚШ-тың да кезекті сынаққа байланысты айрықша алаңдаушылық білдіруі тегін емес.

БҰҰ-ның баллистикалық зымырандар мен ядролық қаруды сынауға тыйым салып, қатаң санкциялар қолданғанына Солтүстік Кореяның айылын жияр түрі жоқ, керісінше, әлсін-әлі әлек салып, шу шығарып тұрмаса, көңілі көншімейтін секілді. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның елдің қорғаныс қабілетін нығайтудан бас тартпайтынын бірнеше мәрте мәлімдегені де жұрт есінде болар. Демек, кезекті сынақты елдің ұлттық қорғаныс саясаты аясында жаңа қаруды сыннан өткізуге бағытталған стратегиялық іс-қимылдың бір бөлігі ретінде қарастыруға болатын секілді. Қазіргі күнде Солтүстік Корея азық-түлік тапшылығы мен экономикалық дағдарыстан көз ашпай отыр. Әлемді жайлаған коронавирус індетінен сақтану мақсатында, онсыз да томаға-тұйық «Ким патшалығы» есік-терезесін одан сайын қымтап, ең басты экономикалық және саяси одақтасы – Қытаймен де сауда байланысын үзіп тастады. Экономикалық дағдарыстың ел еңсесін көтертпей тұрғанына қарамастан, Ким Чен Ынның зымыран сынағын тікелей өз бақылауына алуы «қорғаныс саясатының басым бағыттарынан ешқашан бас тартпайтынын» білдірсе керек деседі сарапшылар.

Дегенмен, қаңтар айындағы зымыран сынақтарының жиілігі мен уақыты адамға әртүрлі ой салады.

BBC сайты Солтүстік Кореяның бұған дейін елдегі маңызды саяси іс-шаралар кезінде немесе АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери оқу-жаттығуына көңілі толмаған сәтте ғана зымырандарды жиі ұшыра бастайтынын еске салады. Ал бұл жолы Бейжіңдегі ақ Олимпиаданың ашылуына бірнеше апта уақыт қалғанда, Солтүстік Кореяның зымыран сынағын үдете түсуі кездейсоқтық па деген сұрақ тууы даусыз. Бәрімізге белгілі, алдағы қысқы Олимпиада ойындары Қытай үшін айрықша сая­си маңызы бар салтанатты шараға айналып үлгерді. Солтүстік Корея мәселесін зерттеумен айналысатын Чад О’Кэррол өзінің Twitter парақшасында «Қытай ақ Олимпиаданың қарсаңында іргесіндегі Солтүстік Кореяның (зымыран) сынағын өткізгенін құптайды деп ойламаймын… Егер жағдай жалғаса берсе, (Солтүстік Кореяның) Қытайға қандай да бір өкпе-реніші бар болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз» деп жазады. Осы күдікті растағандай, Қытайдың Сыртқы істер министрлігі 17 қаңтар күні эпидемияға қарсы шараларға кепілдік ету негізінде, ҚХР-КХДР темір жолында жүк тасымалының қалпына келгенін хабарлады. Оның үстіне, гипердыбыстық зымыран сынағы өткен күні Солтүстік Кореяның Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына қатыса алмайтынын ресми түрде мәлімдеуі де осы болжалдың салмағын арттырғандай еді.

Дегенмен, дәстүрлі одақтастар санатындағы Қытай мен Солтүстік Кореяның арасынан қара мысық өтті дегенге сену қиын, ресми Бейжің Корей түбегіндегі көршісінің дәл осы мезгілде баллистикалық зымыранды сынай қалғанына, әрине, разы болмас, алайда Қытай үшін бұл шектен шығушылық саналмайды, өйткені кезекті сынақ ядролық қару және алыс қашықтыққа арналған қанатты зымыранмен қатыссыз. Басқаша айтқанда, мәселенің күрделілігі Қытайдың сызып берген «қызыл сызығының» асқан жоқ. Қытай СІМ-нің ресми өкілінің «Түбектегі жағдайдың бүгінгідей ушығуының себебі бар» деп «оспадар» одақтасына жан баса сөйлеуінің, жауырды жаба тоқуының сыры да осында.

Қытайлық ресми өкіл сөзін мәселені бейбіт жолмен шешу үшін тараптарды келіссөзге шақырған үндеумен түйін­депті. Біздің ойымызша, зымыран сынағының мақсаты да – осы. Көзі қарақты оқырманның есінде болса керек, Трамптың билігі тұсында АҚШ пен Солтүстік Корея арасында бірқатар келіссөздер болған еді, келіссөздер нәтиже берді деп айту қиын, дегенмен, экономикалық дағдарыстан ері мойнына кеткен Солтүстік Корея үшін азуын айға білеген АҚШ-пен тең құқылы келіссөзге отырудың өзі үлкен олжа-тұғын. Алайда Байден билікке келгелі Корей мәселесі АҚШ-тың дипломатиялық саясатында басымдылығын жоғалтты. Байден үкіметі бірінші кезекте Иранмен келіссөздерді жиілетті, соңғы кезде Украина дағдарысы бойынша Ресеймен де келіссөздер толастамай тұр, бірақ, Корея мәселесіне көңіл бұруға Байденнің ынтасы да, мұршасы да жоқ сияқты. Солтүстік Корея келіссөзді жалғастырудың қажеттілігін бірнеше мәрте еске салғанмен, Байден селт еткен жоқ. Әрине, Солтүстік Кореяның баллистикалық зымырандары АҚШ-ты бірден келіссөзге оралтады деп айту қиын, дегенмен, аймақтағы ірі державалар – Ресей мен Қытайдың, АҚШ одақтастары Жапония мен Оңтүстік Кореяның жағдайға көз жұма қарауы мүмкін емес. Солтүстік Корея үшін Ресей мен Қытайдың саяси, экономикалық қолдауы АҚШ билігін түбектегі жағдайға қайта назар аударуға мәжбүрлеу үшін керек. Сондықтан, қысқы Олимпиаданың қарсаңындағы кезекті зымыран сынағының мақсаты – Қытайды экономикалық жәрдемді ұлғайтуға көндіру ғана емес, одан да маңыздысы, Ким Чен Ын осы арқылы Байденнің назарын өзіне аудармақ секілді, ол үшін аймақтағы АҚШ одақтастарына қыр көрсетудің өзі жеткілікті.

Ерлан Мазан

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button