ҚоғамМәселе

Солтүстікке көшу көңілден шықты ма?

Өткен айда ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысына қатысқан Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіктен солтүстікке көшуге қатысты мәселеге тоқталып, cолтүстікке көшіп келушілерді ынталандыру үшін оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70 айлық көрсеткішке дейін көбейту керек деп тапсырма берді.

Көш неге қозғалды?

Елімізде 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында тұрғылықты халқы сиреп, жұмыс күші азайған cолтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты көшіріп қоныстандырып, оларға қажетті жағдай жасау жұмыстары басталғаны белгілі.
Үкіметтің мұндай бағдарламаны жолға қоюына оңтүстік пен солтүстік облыстар арасындағы демографиялық жағдай себеп болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жасай келіп, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру қажеттігін анықтаған. Егер өңірлер арасындағы бұл мәселе дұрыс шешілмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі халықтың саны миллион адамға қысқарса, оңтүстік өңірде халық саны 5, 2 млн адамға артатын көрінеді. Осы жағдайға баса назар аударған Үкімет өңірлердегі халық санының ара-салмағын көші-қон арқылы реттеуге көшті. Нәтижесінде бағдарлама іске қосылғаннан бері 20 мыңнан астам адам солтүстік өңірге қоныс аударды.

Бағдарлама көшке серпін берді

Солтүстікке қоныс аударған азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмыспен қамтылды. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттарды беру жағы да қарастырылған. Қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне – 88, 3 мың теңге (35 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде ақша берілді, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін бір жыл ақшалай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жергілікті билік еңбек жасындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға міндетті. Мамандығы жоқ отбасы мүшелеріне тегін орта кәсіби білім беріледі. Балалары болса, балабақшаға және мектепке кезексіз қабылданады. Бизнес жоспар ұсынған азаматтарға 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие беріліп, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтуге жолдама алады. Ал жастардың «Серпін» бағдарламасы арқылы серпілуіне мүмкіндік бар.
Бағдарламаны жүзеге асыру ерікті түрде жүргізіледі. Бағдарламаға Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде соңғы бір жыл бойы тіркеуде тұрған кез келген қазақстандық қатыса алады. Көшіп барғаннан кейін кімде-кім келісімшартты бұзып, мерзімінен бұрын көшіп кетсе, жолға жұмсалған және мемлекеттен алған барлық көмек қаражатты соңғы тиынына дейін қайтаруға міндетті.
Жоғарыдағыдай тиімді саясаттың арқасында оңтүстіктен солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірушілердің саны жыл сайын артқаны рас. Олардың арасында шетелден оралған қандастар да бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, қоныс аударғандардың көпшілігі Павлодар облысына (31 пайыз) қоныс аударса, қалғандары Шығыс Қазақстан (27 пайыз), Солтүстік Қазақстан (22 пайыз), Қостанай (16 пайыз) облыстарына ірге тепкен. Алайда кейбір облыстардың ішкі көші-қон жұмысында шикіліктер мен кедергілер де байқалды.

Кері көшкендер де кездеседі

Жақында сенатор Айгүл ­Қапбарова үкіметке депутаттық сауал жолдап, көші-қон процестерін іске асырудағы мемлекеттік шаралар дұрыс атқарылмай, кейбір өңірлерде көші-қон мәселелері толық шешілмей жатқанына алаңдаушылық білдірді. «2018-2019 жылы және биылғы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірден 5123 адам қоныс аударған болса, өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Облыста соңғы жылдары мектептер жабылып, ғимараттары аукционға қойылып сатылуда» деді Айгүл Қапбарова сенаттың жалпы отырысында.
2016 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына еңбек күші артық өңірлерден 6,5 мың адам көшіп барған. Алайда оның 8 пайызы кері көшіп кеткен. Олардың кейбірі көшіп барған өңірдің ауа райына үйренісе алмаса, кейбірі бағдарлама бойынша берілуге тиісті көмекке көңілі толмаған.
Нұрлан Алматы облысынан Солтүстік Қазақстан облысына 2019 жылы көшіп келіпті. «Көшіп барсаңдар, үй береміз, егін салсаңдар жер береміз» деген соң көшіп келіп едік. Жол қаражатымызды және басқа да қаражаттарымызды алдық. Алайда егістік жер ала алмадым. Жер алу үшін бармаған бастығым, ашпаған есігім қалмады. Бастапқыда «жер береміз» деп оп-оңай уәде бергенімен, көшіп келіп, келісімшартқа қол қойған соң, «жер алатын болсаңдар ауыл шаруашылық техникаларың қане? Жер алу үшін трактор, комбайн сияқты мүліктерің болуы керек» деп үлкен талап қойды. Кейбір шенділер жұмысыңды бітіріп береміз деп біраз ақшамды алып кетті. Алматы маңындағы баспанамды сатып көшіп келіп едім, қазір сол 10 миллион теңге ақшам да түгесілді, не өзіме тиесілі баспанам жоқ, солтүстікке көшіп, егін салып байып кетеміз деп келгенде далада қалдық. Көшіп кетейік десек, келісімшарттың уақыты толмай, жіпсіз байланып отырмыз» деп ренішін білдірді.

Қатаң бақылау керек

Аталған облыста көшіп келушілерге арнап салынған баспананың да сапасы сын көтермейді. Сыртын жалтыратып, ішін қалтыратып қойған баспаның қабырғалары әлден сыр бере бастаған. «Үйлердің сапасы өте нашар, іргесінен жел гулеп тұрған үйдің жылу жүйесі де дұрыс жабдықталмаған. Су құбыры да өткізілмеген. Осындай сапасыз үйді Үкіметтің қалай жеті миллионға бағалап отырғанын түсінбейсің. 7 миллионға мүлде татымайды. Ал жұмысқа орналасайын десем, екі мамандығым болса да, орысша білмейді екенсің деп ешкім жұмысқа алмайды» дейді Талдықорғаннан өткен жылы Мамлют ауданы Покровка ауылына қоныс аударған Жүсіп Өмірзақұлы. Ал Шымкенттен көшіп келген Рахымжан есімді жігіт Үкімет берген үйдің сапасыз материалдан салынғанын, оның құны ары кетсе 3 миллионнан аспайтынын айтып, «Солтүстікке көшіру» сынды игілікті бастаманың да жолын жемқорлық кесіп тұрғанына өкпесін айтты.
Солтүстікке көшіп барғандардың арасында қоныстанған жерінен жөнді жұмыс таба алмай, бала-шағасын сонда тастап, өзі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жұмыс істеп жүрген азаматтар да бар. Соның бірі – Ертай. Солтүстік Қазақстан облысына осыдан екі жыл бұрын көшіп барған ол өзіне ыңғайлы жұмыс таба алмапты. Ал жергілікті биліктің тауып берген қызметінің жалақысы өте төмен болыпты. «80-90 мың теңге айлықпен бір отбасын қалай асырайсың? Кері көшіп кетейін десем, шарт бойынша берілген көмек қаражаттарды түгел қайтаруым керек екен. Содан амал жоқ, бала-шағамды сонда қалдырып, өзім астанада жұмыс істеп жүрмін. Мен сияқты солтүстікке көшеміз деп екіге бөлініп, тозып жүрген жастар да аз емес» дейді Ертай.
Әрине, мұның бәрі жергілікті биліктің көш-қон жұмысына селқос қарауына туындап отыр­ған мәселелер екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, бөлінген қаржыны жемқорлық жолмен жұлмалау да жоқ емес. Осы тұрғыдан алғанда, солтүстікке көшу мәселесін мемлекеттік деңгейде қадағалау керек секілді. Өйткені бұл – мемлекеттің тағдырына тікелей қатысты жұмыс. Мемлекет солтүстік өңірлерге халықты көшіріп қоныстандырдық дегенмен, солтүстіктен көшіп жатқандар да аз емес. Былайша айтқанда, демографиялық жағдайды оңдап, солтүстіктегі шекара өңірлердің иен қалмауы үшін атқарылып жатқан бұл бағдарламаның орындалу барысын Үкімет жіті қадағалап отырмаса, жұмсалған қаржы ертең өзін ақтамай, текке кеткен шығынға айналуы әбден мүмкін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button