МәдениетСұхбат

Сон ПАСКАЛЬ, әнші: МАҒАН ҚАЗАҚ ӘНДЕРI ҚАТТЫ ҰНАЙДЫ

Сон Паскаль

Жастардың көзайымына айналған италиялық әнші Сон Паскаль жайында бүгінгі буынның ниеті бөлек. Әсіресе, студенттердің көңілді жиындарында гитарамен қосыла шырқаған әндерін ынта-шынтамен тыңдайды. Паскаль Астана қаласындағы қайырымдылық шараларына да жиі ат басын бұрып, өнерін ұсынып жүретінін айтуымыз керек. Сондай басқосулардың бірінде әншімен тілдесіп, аз-кем сыр тартқан едік.

– Қазақстанның Астанасынан тұрақ тапқаныңызға біршама уақыт болды, қазақ тілін үйрендіңіз бе?

– Аздап сөйлеймін, бір қазақпен тіл табысуға қауқарым жетеді. Десе де, көбірек жаттығу керек. Осында тұрған екенмін, осы елдің тілін де білуім керек қой. Бірақ, айналаммен көбіне орысша қарым-қатынас жасаймын. Өкінішті болса да, уақыт өте келе үйреніп кететініме сендіремін.

– Сіз қазақ халқының біртуар ұлы Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін шебер орындайсыз. Сөзін жаттау қиынға соқпады ма?

– Мен – музыкантпын. Кәсібімді жақсы көремін. Маған қазақ әндері қатты ұнайды. Өйткені, қазақ дыбыстары жағымды естіледі. Мен, көпшілік білетіндей, италиялықпын. Ондағы диалект түрік, араб тілдеріне өте ұқсайды. Бізде «қ», «ғ», «ң» дыбыстары жоқ. Сондықтан, қазақ әндеріне тілімді үйрету қиындау соғады.

– Бір қазақ әнін қанша уақыт жаттайсыз сонда?

– Тез арада деп айтуға аузым бармайды. Көп дайындаламын. Оларды тек жаттап қана қоймай, іштей қабылдауым қажет, ішкі жан-дүнием сол әуенді сезінуі керек. Студияда бірінші рет айтқан қазақша әнім сәтті шықпайды. Келесі ретте жақсырақ болады. Өйткені, арасында дем алу керек. Бұл менің туған тілім емес қой.

– Сіздің «Махаббат» атты әніңіздің сөздері өте жеңіл, жаттауға да оңай. Бұның сыры неде?

– Мен бұл әнді досым Медет Байкеновпен бірлесіп жаздым. Біз өлең таңдар алдында тақы­рыбын бірге ойластырамыз. Кейін мен Медетке осы ән арқылы не жеткізгім келетінін айтамын. Содан кейін әуен мен өлеңнің үйлесімділігін қадағалаймыз. Ал мұндай келісіммен шыққан әннің тыңдарман жүрегінен орын алары сөзсіз.

– Қазақ салт-дәстүрін қалай қабылдадыңыз? Мысалы, Италияда табалдырықтан аттап, үйге енгенде аяқ киім шешпейтін көрінеді...

– Сұрағыңыз орынды. Мен Қазақстанда екі жылдан бері тұрып келемін. Мұндағы жергілікті халықтың қонақжайлығына тәнті болдым. Тіпті, еліме қыдырып барғанымда шошқа етін жемейтін болдым. Сенсеңіз, ол жақта да бо­са­ғадан аттағанда аяқ киімімді шешетін болдым. Бұл жақсылықтың нышаны деп білем. Қазір мүлде ет жемеймін. Себебі, екі жыл бойы бесбар­маққа тойдым. Енді үзіліс жасап жүрмін (күлді).

– Қазақстанның қай өңірінде болдыңыз? Алматы жаныңызға жақын шығар.

– Барлық өңірлеріне табаным тиді, араладым. Алматы – өте әсем қала. Бірақ, маған Астана көбірек ұнайды. Мұнда, ең бастысы, экология таза.

– Болашақта бізді қандай әніңізбен қуан­тасыз? Жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Мен «Қазақ болсам» деп аталатын жаңа ән жаздым. Махаббат тақырыбында. Егер мен қазақ болсам, атым Паскалбек немесе Паскалбай болар еді (күлді).

– Әңгімеңізге рахмет!

Динара ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button