Соңғы парыз
немесе мәселе марқұмның қайда жерленгенінде емес, тірілердің түсінігінде...

Өмір бар жерде өлім бар. Кейде достарымыздың, таныстарымыздың жақындары өмірден қайтқанда, жерлеу мәселесіне келгенде көбі абдырап қалады. Не істеу керек, қайда жерлеген дұрыс? Жалпы осы мәселенің түйінін тарқату мақсатында аталмыш салада қызмет көрсететін мамандармен тілдесіп, елордада жерлеу рәсімі қалай жүргізілетінін, қанша қаржыны талап ететінін анықтап көрдік.
Астанада жерлеудің құны қанша?
Ислам дәстүріне сәйкес, қайтыс болған мұсылман адамды мұсылман зиратына жерлеген дұрыс. Жерлеу рәсімі шариғатқа сай: марқұмды жуындыру (ғұсыл беру), кебіндеу (ақ матамен орау), жаназа намазын оқу, жерлеу (құбылаға оң жағымен қаратып жатқызу) кіреді. Алайда халық арасында діни талаптар мен қағидаттарды толық білмегендіктен, қоғамда бұл мәселеге келгенде түрлі ұстаным көп. Онсыз да қара жамылған отбасына ақтық сапарды өткізуге байланысты белгілі бір нұсқау беру де қиын. Еліміздің әр өңірінде марқұмды ақтық сапарға шығаруға байланысты ғұрыптар мен салттардың арасында түсінбеушілік көп. Сондықтан Астанада жаназа және жерлеу рәсімін атқару қызметімен айналысатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Qamqor-Sharapat салттық қызмет көрсету орталығына барып, мән-жайды біліп қайттық. Бізді күтіп алған орталық директоры Мейрамбек Қабылбекұлының айтуынша, марқұмды жерлеудің ата-бабамыздан ежелден келе жатқан өзіндік қағида-ережелері бар. Ал соңғы жылдары зират жерленген марқұмдардың қабір басына үлкен күмбез салу және қаза болған үйде марқұмның құрметіне арналған құдайы аста аста-төк дастархан жаю үрдіске айналған. Осы мәселелер бойынша, ел тұрғындарының мүфтиятқа жолдаған өтініштері негізінде, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жаназа рәсімдері мен зират көтеруде ысырапқа бармай, жалпыға ортақ бірізділік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ҚМДБ-ға қарасты ғұламалар кеңесі 2020 жылы «Зират және зиярат мәдениеті» және «Ас беру мәдениеті» атты құжаттарын қабылдаған. Сол құжат аясында Qamqor-Sharapat салттық қызмет көрсету орталығы құрылып, бүгінде еліміздің барлық өңірінде филиалдары жұмыс істейді.
Марқұмды оң жаққа жатқызу (адам қайтыс болған сәтте оның көзін жабу, қолдарын жанына қою, аяғын созып, денесін ақ матамен жауып, ішкі дәретін алдыру), мәйітті жаназаға дейін арнайы мұздатқышта сақтау, қажет болған жағдайда, бальзамдау, жуындыру, кебіндеу, көлік-авиа, жерлеу және құлпытас орнату қызметтері марқұмның тапсырыс беруші туысымен жасалған келісімшарт негізінде ақылы түрде жасалады. Ал діни рәсімдерді – жаназа намазын оқу, зират басында және құдайы ас-жиында құран бағыштап, бата жасау қызметтерін қолданыстағы заңға сәйкес ҚМДБ бұйрығымен тағайындалған дін қызметкерлері атқарады.
Оларға арнайы белгіленген баға жоқ.
Мекеме мамандары марқұмды жуындыруға туыстарын бірге кіргізіп, оларға қалай әрекет ету керегін үйретіп, көмектеседі. Мәйітті жуындыру мен кебіндеуге арналған заттар салынған дайын «Кебін» пакеті де ұсынылады екен. Бірақ әркім өзі сатып алып келсе де болады.
Айта кеткен жөн, «Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сай, жергілікті атқарушы органдар зират қорымына арналған ортақ пайдаланудағы жерден елді мекеннің қайтыс болған әрбір тұрғынын жерлеу үшін кемінде 6 шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі. Жерлеу үшін бөлінген жер учаскесіне марқұмның туыстарына қабірді өздері қазып жерлеуіне рұқсат етіледі.
Елордада қабір қазушылардың ақылы көмегіне жүгінсе, бір қабірді қазу-жерлеу, марқұмның аты-жөні мен қайтыс болған күні жазылған бас ағашын орнатудың құны 150 мың теңгені құрайды. Әр өңірде қабірді қазып дайындау мен жерлеудің бағасы әртүрлі. Марқұмның денесін арнайы (катафалк) автокөлікпен тасымалдау, жуындыру-кебіндеу, құлпытас орнату қызметтерінің де өзіндік құны бар. Құлпытас бәріне біркелкі етіп салынады, егер оған келіспесе, өз таңдауын жасай алады. Өйткені мекеме барлығын міндеттей алмайды. Оның үстіне әркім өзінің жергілікті жерінің дәстүріне сай зират тұрғызғысы келеді екен. Сондай-ақ орталық кішкентай сәбилер мен жағдайын айтып, өтініш білдірген отбасыларға қайырымдылық ретінде тегін қызметтер көрсетеді.
Марқұмды қайда жерлеген дұрыс?
Соңғы кезде елордада қайтыс болған жандардың көбін туыстары жерлеу үшін туған жеріне жөнелтіп жатады. Әрине, бұл олардың шешімі немесе марқұмның алдын ала айтып кеткен өсиеті де болуы мүмкін. Дегенмен қазіргі уақытта мәйітті жеткізу де оңай шаруа емес. Өйткені қайтыс болған адамның денесін Қазақстан бойынша бір қаладан екінші қалаға авиа қызметі арқылы тасымалдаудың орташа құны – 250 мың теңге, ал арнайы автокөлік (катафалк) арқылы тасымалдаудың құны – шақырымына 300 теңге.
Бірнеше жылдан бері мәйітті жуу, бальзамдау және жеткізу қызметімен айналысып келе жатқан елордалық жеке кәсіпкер Елдар Нұғыманов ай сайын орташа есеппен оннан аса марқұмды еліміздің басқа қалаларына жеткізуге көмектесетінін айтты.
«Қазір қалалық жерде қайтыс болған адамды соңғы сапарға дайындау оңай емес. Қайтыс болған адамды мәйітханадан болсын, ауруханадан болсын, үйден болсын алып кетіп, жасалуы тиіс барлық шарттарды орындаймыз. Соңында ұшаққа дейін апарып тапсырамыз. Әрине, бәрі ақылы. Елордада мен сияқты осындай қызметпен айналысатын он шақты жігітті білемін.
Мәселен, бүгін екі мәйітті: бірін Ақтөбеге, бірін Өскеменге жөнелттік. Кейде кішкентай сәбилер болып жатады, ондай кезде тегін қызмет етемін. Жағдайы жоқ адамдардың да шамасына қарап, барынша жеңілдік қарастырамыз» дейді жеке кәсіпкер Елдар Нұғыманов. Айтуынша, марқұмды тек ел ішіне ғана емес, көршілес елдерге де жеткізу ыңғайлы жолға қойылған.
Жердің бәрі бірдей
Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығының теологы, теология ғылымдарының докторы, белгілі дінтанушы Исатай Бердалиев өлгеннен кейін адамдарға жердің бәрі бірдей екенін алға тартады.
«Жуырда ғана осы мәселеге тап болдым. Марқұм болған кісінің балалары мен туыстары арасында жанжал шықты. Кенеттен қайтыс болған марқұмды ағайындары туған жері оңтүстік өңірге әкетеміз десе, Астанада тұратын туған балалары мәйітті бергісі келмей, осында жерлейміз деп дауласқан. Дінтаушы ретінде менің пікірімді сұрап келді. Айтайын дегенім, оның ешқандай ережесі жоқ. Туыстары немесе балалары шешетін дүние. Бұл ретте елордада тұратын балалары әкесінің басына жиі барып тұруды қалайтынын айтты. Сондықтан ағайынның таласы болмауы керек. Жердің бәрі бірдей, қайда жерлесе де болады, бірақ қайтыс болған жердің топырағына жерлеу дұрысырақ» дейді дінтанушы.
Оның пікірінше, егер мұсылман қайтыс болған елде мұсылмандарға арналған зират бар болса, оны сол жерге жерлеу қажет. Егер мұндай зират жоқ болса, оны өз отанына жеткізу керек.
Алайда тасымалдау барысында шыдамсыз қиындықтар немесе ауыр зардаптар туындаса, марқұмды қайтыс болған елде жеке қабірге жерлеуге рұқсат етіледі. Егер жеке қабір табылмаса, оны мұсылман емес адамдардың зиратына жерлеуге болады. Өйткені дініміз зәрулік болған жағдайда тыйым салынған нәрселерді рұқсат етеді.
Елордада қанша зират бар?
– Бүгінде Астана қаласында 20-ға жуық зират бар, дегенмен жұмыс істеп тұрған зираттардың саны көп емес. Бүгінде ел аумағындағы зираттарды цифрландыру жұмысы қолға алынған. Бұйырса, жақында zherleu.kz платформасы қолданысқа енеді. Әзірге мәліметтер базасы жасақталуда. Елімізде жерлеу рәсімімен айналысатын жеке кәсіпкер көп, олар берген тапсырысыңызға қарай зират көтеріп береді. Негізі, қайтыс болған кісіге медициналық қайтыс болғаны туралы анықтама берілгеннен кейін, зираттан 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Сол 6 шаршы метрдің үстіне ғана табиғи тастардан ескерткіш салуға рұқсат етіледі. Бірақ өкінішке қарай, қайтыс болмаған адамдарға да қосып алдын ала жер алып жатқандар кездеседі.
Сонымен қатар зират салуға әркім өз қалауы бойынша тапсырыс береді, оның үстіне әр өңірдің зират көтеру тәртібі әртүрлі. Жалпы зират көтерудің негізгі мақсаты – марқұмның қабірін жан-жануарлар басып кетпесін деген ниет. Бірақ мемлекет қазір барлық зиратты қоршаған, оны зират қорымы мекемелері қадағалайды. Біздің мақсат – зират көтеруде жалпыға ортақ бірізділік мәдениетін қалыптастыру, – дейді Мейрамбек Қабылбекұлы.
Жаназаны қайда оқыған дұрыс?
Қазақ халқында мәйітті өз үйінен немесе сол әулеттегі қара шаңырақтан (кей жерлерде үлкен үй деп айтылады) шығару қалыпты үрдіске айналған. Ал қалалық жерде бұл біршама мәселеге барып тіреледі. Біріншіден, үй мен ауланың тарлығы немесе кейбір отбасылардың үйді жалға алып тұруы, екіншіден, қалада жол қозғалысына кедергі келтіруі, үшіншіден, кейбір аудандарда әкімшілік тарапынан рұқсат бермеуі мүмкін. Жаназа намазына байланысты мәселенің мән-жайын білу мақсатында дінтанушы-ғалым Балғабек Мырзаевтың пікірін білген едік.
Жалпы Астана қаласында жаназа өткізуге арналған арнайы орындар бар: Республикалық бас мешіт, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті, «Ақмешіт» және жаңа зират басында арнайы жаназа намазын өткізетін орын қарастырылған. Қаламыздағы басқа мешіттерде жаназа намазын арнайы алдын ала рұқсат алып оқуға болады екен.
«Жаназаны ақтық сапарға арулап шығарып салу мұсылман әлемінде, соның ішінде қазақ халқы үшін де маңызды. Сондықтан болар, қайтыс болған адамның жақын туыстары жаназаны абыроймен қара жердің қойнына тапсыруға үлкен жауапкершілікпен қараған. Тіпті кейбір адамдар өздерінің көзі тірісінде «мен қайтыс болған жағдайда жаназамды түгенше шығарсын» деп аманаттап жататындары да болады.
Әрине, жаназа шығатын отбасының материалдық жағдайына да қарау керек. Жаназа намазы – фарз кифая, яғни жаназаны жерлеуге мүмкіндік жететіндей адамдардың бір тобы болса жеткілікті. Бізде кей жағдайларда «жаназаға пәленше адам қатысты, түгеншенің жаназасына аз келіпті» деп жаназаның артынан ғайбатқа барып жатамыз. Осындай өсек-аяң айтудан аулақ болған жөн.
Үлкен қалаларда қақаған аязда жаназаны шығару уақытын алдын ала хабарлап, мүмкіндігінше жаназаға қатысқан адамдар жаурап, тоңып қалмайтындай уақытта өткізуді де назарда ұстаған жөн.
Жалпы қалалық жерде, жылдың қай мезгіліне қарамастан, жаназа намазын мешітте немесе арнайы белгіленген жаназа өткізу орындарында оқу абзал. Себебі мешіт – ең лайықты орын, мешітте жағдай дұрысырақ, намаз оқуға ыңғайлы, санитарлық тазалық пен тәртіп сақталады және көп адам жиналып, дұға жасап, жаназа намазына қатысуға мүмкіндік алады» дейді Б.Мырзаев.
Ысырап – күнә
Жалпы қайтыс болған адамға құрмет тұрғысынан қарасақ, ол адамға жасалатын ең үлкен жақсылық оның атынан қайыр-садақа беру, дұғада болу, ізгі істерінен ғибрат алу дейді дін саласының өкілдері.
«Әрине, қайтқан адамға деген жақындарының құрметіне ешкім қарсы тұра алмайды. Бірақ бұл құрмет діни талаптардың шегінен шықса, керісінше, сауап емес, күнәға соқтыратынын әр адам білгені дұрыс. Қағида бойынша міндеттен артық жұмсалған шығын күнә болатынын да ұмытпауымыз керек. Бұл жерде тек қаржының ғана ысырабы емес, өлікті жерлейтін жердің өзі ысырап болып жатқанын көруге болады. Бірнеше адамды жерлеуге болатын орынға зәулім ғимарат салу – өлі үшін де, тірі үшін де пайдасы жоқ іс» дейді белгілі ғалым Кеңшілік Тышханұлы.
Ең жақсы амал – әр азаматтың өз қолымен көзінің тірісінде істеген жақсылығы мен ізгі амалы. Ендеше адам қайтыс болғаннан кейін істеген істердің көбі пайда бермеуі мүмкін…
Гүлмира Аймағанбет