Басты ақпарат

Соңғы қоңырау салтанаты

Кеше мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Биыл елордада 8599 оқушы 11-сыныпты бітірді. Оның ішінде «Алтын белгі» үміткерлерінің саны – 343, үздік аттестатқа үміткер саны – 496. Мерекеге орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Ұстаздар саябағында өткен салтанатты жиынға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады.

[smartslider3 slider=3050]

Қала басшысы елордалық ұстаздар мен оқушылардың осы жылғы жетістіктерін атап өтіп, алғысын білдірді.

– Құрметті ұстаздар, түлектер, ата-­аналар, сіздерді оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұстаздар қауымына жағдай жасауға және сапалы білім алуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Атап айтқанда, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Оның нәтижесінде мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға артады. Сондай-ақ соңғы үш жылда 70 мың оқушыға арналған 34 мектеп салынды. «Elorda Jastary» бағдарламасы бойынша тұрғын үй, бұдан бөлек білім беру, жұмысқа орналастыру секілді түрлі көмек көрсетіледі. Осыған дейін педагог мамандығына 1300 грант бөлінсе, жаңа оқу жылынан бастап тағы 1000 грант бөлінеді. Білім беру әдісімен көзге түскен ұстаздарға 300 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Себебі биылдың өзінде білікті мұғалімдердің арқасында оқушыларымыз олимпиадаларда 90-нан аса медаль жеңіп алды, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, қала әкімі Ұстаздар саябағы қаланың тартымды орындарының біріне айналатынын атап өтті.

– Бұл қала тұрғындары үшін тартымды орындардың біріне айналып қана қоймай, ұстаздар мен студенттердің пікір алмасатын алаңы болмақ. Ұстаздар саябағы осы маңдағы көпір асты кеңістігі мен құтқарушылар саябағының жалғасы болып саналады. Сондықтан да, биыл саябақты абаттандырып, қаланың тартымды орындарының біріне айналдыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша елорданың оң жағалауында бос уақытты пайдалы өткізетін әрі спортпен шұғылдануға болатын ыңғайлы орындар саны арта түседі, – деді Алтай Көлгінов.

Елорданың барлық мектептерінде өткен соңғы қоңырау салтанаты оқушылар мен ұстаздарға қуаныш сыйлады. Мәселен, Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейіндегі соңғы қоңырау мектеп түлектері үшін ерекше мерекелік жағдайда аяқталып отыр. Өйткені білім ордасы есімін иеленіп отырған ғұлама ғалымның туғанына биыл 118 жыл толып отыр. Мектеп директоры Жанкелді Базыл барша мектеп бітірушілерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге үлкен өмірге басқан қадамдарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ғұлама ғалымның атындағы сыйлық иегерлерін марапаттады.

– Мектебімізде дәстүрге айналған «Әлкей Марғұлан атындағы сыйлық» 17 жыл бойы жалғасып келеді. Бұл мектеп бойынша 1-4, 5-8, 9-11 сыныптар арасында білімімен, өнерімен, спорттағы жетістігімен ерекше көзге түскен оқушыларға табысталады. Биылғы 1-11 сыныптар бойынша 210 оқушы «үздікке», 718 оқушы «жақсыға» бітірді, – деді мектеп директоры.

Шарада мектеп түлектері қоштасу вальсін билеп, ән-шашуларын арнады. 1-сынып бүлдіршіндері аға-апаларына өз өлең-тілектерін жолдады. Салтанатты жиын мектептің маршымен аяқталды.

Айта кетейік, 11-сыныптың білім алушылары үшін қорытынды аттес­таттау емтихандары 27 мамырдан бастап 10 маусым аралығында 5 пән бойынша өтеді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button