Айтпайын-ақ деп едім!

Соны да көп көрдік пе?

Шетелдегі ағайындарды атажұртқа оралтудағы ең тамаша әдістердің бірі – шетелдегі қазақтарға Қазақстанда оқуға мүмкіндік жасау. Атқарылғанына бірнеше жыл болған бұл бағдарлама өте тамаша нәтиже берді. Көптеген жастар оқуға келіп, оқу бітіргенше осы елге бейімделіп, ҚР азаматтығын алып үлгерді, шаңырақ көтерді, үйленді, алды балалы болды. Ботасының кіндігі осы елге байланған соң, көп өтпей әке-шешесі де Қазақстанға көшіп келіп жатыр. Демек, бұл өте тамаша жоба болды. Бұдан бұлай да бұл жоба жалғасын таба береді деген үміттеміз.

[smartslider3 slider=2972]

 

«Қазақстанның ЖОО-да білім алуға арналған стипендиалдық бағдарлама» деп аталатын бұл жоба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бакалавриат, магистратура мен PhD докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша біздің елдің ЖОО-да білім алу үшін шетел азаматы, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының тұлғаларын шақыруды мақсат еткен. Аты мен мақсаты айтып тұрғандай, бұл шетелдегі білім қуған жастарды Отанға шақырудағы өте керемет бағдарлама болды. Дегенмен, осы жобаға биыл біраз өзгеріс енгізіліпті. Атап айтқанда, Магистратура білім беру бағдарламасы бойынша биылдан бастап шет тілін білуді растайтын халықаралық сертификат талап етілген. Әрине, бұл дұрыс та шығар, бірақ біздіңше, бұл шартты қазірше қатаң қағида етіп ұстануға әлі ерте сияқты. Есесіне мемлекет тілінен, яғни қазақ тілінен емтихан алса орынды секілді. Мәселен, Қытай мен Моңғолиядан келетін қазақтардың бакалавриат бітіргендерінің кез келгені ағылшын тілінен IELTS Academic-тен кемінде 5,5 балл жинай алмайды, қытай, моңғол тілдерінде оқыған олардың көбінің ағылшын тілі сауат ашу деңгейінде ғана. Демек, бұл Қазақстанға келіп оқысам, білім алсам деген кейбір қандастарға кедергі жасауы мүмкін. Ал қазақ тілінен өте алмаса, онда өзінің сорынан көрсін деуге болады. Осы бағдарламамен келіп (ағылшын тілін талап етпеген кезде), оқып, қазір елімізде жақсы жұмыс істеп жатқан азаматтар да аз емес. Енді оны да көпсініп, алыстан келем деген ағайынның алдына ағылшын тілін аса алмас асу етіп қоймайық, ағайын. Бір қазақ болса да, бауырымызға тартудың жолын іздейік.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button