Жаңалықтар

СОНЫ ТӘСІЛДЕРМЕН ОТА ЖАСАЛДЫ

photo_53361

Астанадағы №2 қалалық балалар ауруханасында Литва Респуб­ли­касынан келген хирургтер балалар травмотологиясы мен ортопедиясынан шеберлік сыныптарын өткізді.

Аталмыш аурухананың бас дәрігері Расулбек Аиповтың айтуынша, биылдың өзінде травматологиялық пунктте 25 мыңға жуық бала ем-дом қабылдап, олардың 15 пайызы стационарға жатқызылды. Осыған орай, травмотология бойынша халықаралық стандарттарды нәтижелі қолданып жүрген литвалық докторлар мен профессорлар шақырылған болатын. Шеберлік сыныбы аясында олар түрлі жарақаттар алып, мертіккен сәбилерге ота жасауда. Бұл ретте литвалық хирургтер емдеудің халықаралық стандарттарға сай жаңа әдістері негізінде гипстің орнына темірден жасалған арнайы титан қалыпты пайдаланады.

– Жалпы, бұл тәсіл әлемде он бес жылдан бері жүзеге асырылып келеді, Литвада ол он жылдан бері тәжірибеге енгізілген. Жаңа тәсілді қазақстандық дәрігерлер де игеруде. Бұл арнайы қалыптың ыңғайлылығы сол, науқас гипспен ұзақ жүретін болса жарақаттанған сүйек гипспен салыстырғанда тез жазылады. Осылайша, аурудың айығуы бір жарым-екі айдан үш аптаға дейін қысқарады, – деді Вильнюс университетінің профессоры, балалар ортопедиясы және травматология орталығының директоры, білікті хирург Кястутес Санюкас.

Желтоқсанның 9-ы күні басталған шебер­лік сыныптарына елордалық емханалар мен клиникалардың дәрігерлерімен бірге Қазақстанның барлық өңірлерінен келген травматологтер мен ортопедтер де қатысып, медицина саласындағы жаңаша тәсілдің тиімділігі туралы дәрістер тыңдады.

Аталмыш шара осы айдың 13-іне дейін жалғасады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button