Басты ақпарат

Сот қай тілде өтеді?

Сот алдында сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі жетіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларымен қатар қазақ тілінде сот ісін жүргізу мәселесі де – күн тәртібінде тұрған қажеттіліктің бірі. Осыдан он жыл бұрын жалпы республика көлемінде қаралған барлық сот істерінің ішінде мемлекеттік тілде қаралғандарының үлесі бар болғаны 23,7 пайыз болған екен. Бүгінде не өзгерді деген сауалмен Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы ­Қыдырбек ӘЛҚОЖАЕВ мырзаны сұхбатқа тартып, жағдайды білген едік.

[smartslider3 slider=2987]

 

– Мемлекеттің біртұтас билігі үш тармақтан тұратыны бәрімізге белгілі, сол үш тармақтың бірі – мәртебесі Конституцияда ерекше белгіленген сот саласы. Сот билігінің мемлекеттік тілде қаралып, барлық негіздері Конституциядан бастап, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу кодекстерінде шешілген. Қазақстан Республикасының Конституциясында ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп анық көрсетілген. Алайда осы күнге дейін мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонып, жан-жақты құқық саласында қолданылуына кедергі жасап отыруының бір себебі негізгі заңымыздағы 7-баптың екінші тармағында жатыр: «Мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ұйымдарда ресми түрде қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі қолданылады» деген мәтіндегі «ресми түрде» деген сөздің мағынасын ұқпай, жұрттың көбі орыс тілінің ресми мәртебесі бар деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Орыс тілінің, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, ешқандай ресми тіл мәртебесі жоқ. Сөйлемнің мағынасына үңілсек, қажеттілік туындағанда қолданылуы мүмкін делінген. Бұрмаланған жаңсақ пікір қазақ тілінің қолданыс аясын тарылта түсуіне апарып соқты. Барлық ресми органдарда мемлекеттік тілге басымдық берудің орнына, керісінше, орыс тілін екінші тіл ретінде қарайды да, көбінесе басымдық осы тілге беріліп отыр. Соның салдарынан соңғы жылдары қазақ тілінің аударма тілі ретінде қалыптасып жатқан жағдайы бар.

– Заңда көрсетілген норманың бұрыс аударылуы да, теріс түсіндірілуі де тіл саясатын басқа арнаға бұрып жіберіп отыр ғой…

– Орыс тілінде «является» деген сөз қосылған ой қарапайым баяндамалық, хабарламалық сөйлем ретінде қолданылып, қабылданады. Заңымызда Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілі болып табылады деп түсіндіріліп тұр. Ал қазақша нұсқасында «является» деген сөз жоқ. ҚР мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бітті. Орыс тілінде «Государственный язык – қазахский язык» деп жазылуы тиіс еді. Міне, осындай ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, аудармадан кеткен қате халықтың ұғымына кері әсер етті. Сондықтан да аудармада нақты дәл мағынасына мән беруі тиіс. 7-бабтың 2-тармағындағы ­орыс тілі ресми тіл емес және оның Конституция бойынша ресми тіл деген мәртебесі жоғын айттым. Тек қана қажет болғанда: «2. ­В государственных организациях и органах местного самоуправления наравне с казахским официально употребляется русский язык» деп тұр. Ал енді қажеттілік қандай жағдайда болып тұр деп есептейміз? Бұл мысалы, халықаралық ұйымдарда өзге ұлт өкілдері, оның ішінде басқа мемлекеттердің азаматтары болса, онда олар дүние жүзі мойындаған халықаралық бес тілдің бірі ретінде орыс тіліне аударылып жатса, оны түсінуге болады. Ал енді күнделікті осы Қазақстан Республикасының аумағында бола тұрып, осы елдің азаматы ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін атқара тұрып, белгілі бір қызметтік функцияларын жүзеге асырып тұрған кезде орыс тіліне қажеттілік туды деп есептеудің өзі қателік.

– Неге?

– Себебі тіл үйрену үшін, біріншіден, тілдік орта керек, біз тілдік ортаны отыз жыл бойына қалыптастырмадық. Өзге ұлт өкілдері не қолайлы болсын, олар түсінсін деген оймен орысша сөйлеп келдік. Үлкенді-кішілі жиындарда сөздің басында екі жол қазақша сөйлеп амандасып, соңында «назарларыңызға рақметпен» доғаратын. Бұл принципті өзгертуіміз керек. Керісінше болуға тиіс. Міне, сонда ғана тілдік орта қалыптасады. Яғни мемлекеттік тілдің кеңістіктегі үні, әуезі, дыбысы, сөзі қалыптасады. Сол кезде мемлекеттік тілді білмейтін өзге ұлт өкілдері сол үнді есту арқылы, дыбысты қабылдау арқылы үйреніп, түсіне бастайды. Сондай жиналысқа қатысқан адам ақырындап мемлекеттік тілді қабылдай бастайды, қазақ тілін түсінеді. Оларда тілдік кедергі болмайды.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 13 аудандық сот, оның ішінде төрт азаматтық және төрт қылмыстық істерді қарайтын соттар, бес мамандандырылған соттар құрылды – олар  экономикалық, әкімшілік, ювеналдық, тергеу және ауыр қылмыстар бойынша қылмыс­тық істер жөніндегі сот, сондай-ақ облыс­тық соттың мәртебесіне теңестірілген Нұр-Сұлтан қаласының соты құрылды. Нұр-Сұлтан қаласының сот құрамында 198 судья  бар, оның 45-сі Нұр-Сұлтан қаласының сотында қызмет атқарады, ал қалған 153-і аудандық соттарды сот төрелігін жүзеге асыруда

Біз ауылда туып, ауылдан шыққанбыз. Орыс тілін қалай үйреніп кеттік деп ойланып көрдіңіз бе? Бізге мемлекеттен арнайы ақша бөліп, «қызметің өссін», «орыс тілін үйрен» деп ешкім айтқан жоқ. Біз «добровольно-принудительно», «ерікті», сонымен қатар «мәжбүрлі» түрде орыс тілін үйрендік.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тіл дамыту бағдарламаларына кіріскенде мемлекеттік тіл үйрету орталығын, қазақ тілі сыныбын аштық, олардың лингофон кабинеті болып, әр адамға үйрену үшін жеке-жеке жағдай жасап, деңгей-деңгеймен бастауыштан бастап тереңдетілген тіл үйрету дәрісін жүргіздік. Жоғарғы сотта мемлекеттік тіл бөлімінің меңгерушісі болып отырған 2018 жылы, одан кейін қазіргі жағдайда Үкімет осы бағдарламаларға қаншама қаражат жұмсады. Соның барлығы мемлекеттің тілге, тілді үйренсін деген қамқорлығын көрсеткен болатын. Алайда әлі де әттеген-ай болып, көш ілгерілемей отырған жағдайы бар. Жоғарғы сотта, өз тәжірибемнен айтып отырмын, қанша жағдай жасасақ та тиісті дәрежеде талап ете алмағандықтан, ізгі ниет сол күйінде қалды. Атқарылған жұмыстың, оған бөлінген қыруар қаражаттың сұрауы болған жоқ. Қазақ тілінің ерекше дыбысталатын тоғыз дыбысты, бар болғаны тоғыз әріпті бір жыл бойына меңгермеген қызметкерлерден не сұрайсыз? Егер тілді үйренгені үшін оның қызметтік сатымен жоғарылауына қоса, тілді білуге қажеттілік талабы болып тұрса, онда олардың өздері жатпай-тұрмай ізімізден қалмай жүріп өздері үшін үйренер еді. Міне, сондай жағдайда қажеттілік туғызғанда өзге ұлт туралы сөз жоқ, қазақтың өздері ана тілін меңгеру мәселесі жолға қойылған болар еді. Олар мемлекеттік тілді білмейінше, Отанға қызмет ету жолындағы жоғары саналы патриоттық сезімді көрем деу – бекершілік. Тіл ұлттың жаны, рухани әлемін қалыптастырып, рухани көзқарасы мен дүниетанымын қазақша қалыптастырады.

– Қолданыстағы және болашақтағы қабылданатын барлық заңдар орысшадан қазақшаға аударылады. Кейде қазақ тіліндегі аудармасын түсінбей, орыс тіліне жүгініп жатамыз. Заңды қазақша жазып, сосын орыс тіліне аударуға болмай ма?

– Бұл да бір ойланатын келелі мәселе. Шынында, әр тілдің өз ерекшелігі, ойлау жүйесі болады. Еліміздегі заңдар қазақша жазылуы тиіс. Біз отыз жыл бойы орысша ойлау жүйесіне негізделген орысша қалыптағы заңды қабылдап аламыз немесе нормативтік қаулыларды талқылап болғаннан кейін барып аудармашыларға бере саламыз. Олар заңның орыс тіліндегі нұсқасын қазақ тіліне аударады. Оның әр бөлігін әр аудармашы тәржімалайды. Бір заң терминологиясындағы айырмашылықтар, негізгі ұғымдар сөйлемдегі айтылайын деген негізгі ойлар бөтен тілде құрастырылғаны білініп тұрады. Сондықтан да қазақ тілді, қазақша ойлау жүйесіндегі адамдарға оны қабылдау өте күрделі, қиындық туғызады. Қазақы түйсікке келмегендіктен қазақ тіліне аударылғанмен, қазақша ойлау жүйесіне жат болады.

Енді аудармадан ақырындап бас тартып, қазақша жазып, қазақша талқылап, қазақша ойлауға бейімделуіміз керек. Ұтарымыз болады, тіл қолданысқа енеді, сонымен бірге дамып отырады. Қазақша заң жазуға мүмкіндік бар. Осы жылдары заңгерлердің бірнеше толқынын қалыптастыр­дық. Аудармашылар қазақша ойлауға бейімделді. Олар кәсіби маман болмаса да, көп жылдық тәжірибесі арқылы заң саласының психологиясын меңгерген білікті аудармашылар.

– Ел арасында «қазақша арыздансаң шағымың дұрыс қаралмайды, сотта әділдік орнатылмай, жөндеп қаралмай қалады» деген секілді пікір бар. Расында да солай ма?

– Бұл – сот ісін жүргізудегі тәжірибемізде көптеп кездесетін мәселенің бірі әрі өте қате түсінік. Сотта іс қарау барысында кейбір қазақ тілді азаматтардың тілдерін бұрап, орысша айтуға қиналып, ойларын жеткізе алмайтын жағдай болады. Сонда «неге арызыңызды ана тіліңізде өзіңіз сөйлей алатын, түсіне алатын тілде жазбадыңыз?» деп сұраймыз. «Тергеушілер орыс тілінде жазсаң, іс дұрыс қаралады деген соң» деп ақталады. Бұл жердегі мәселе тергеушілердің өздері мемлекеттік тілде іс жүргізуден қиналады. Сондықтан қитұрқылыққа барады да, сот ісін жүргізуге байланысты нормаларға көз жұмып, алдына келген адамды жаңылыстырып жіберіп, орыс тілін таңдайды. Бұл заңға қайшы. Мұндай жағдай анықталған жағдайда біз, әрине, сот ісін жүргізудің тілін өзгертіп, мемлекеттік тілге аударып жатамыз. Егер мемлекеттік тілді түсінбейтін азаматтар болса, онда орыс тіліне аударамыз. Сондықтан мемлекеттік тілде іс жүргізу сот әділдігін орнатуға ешқандай кедергі келтірмейді. Керісінше, әділдік орнату үшін мемлекеттік істердің барлығына жан-жақты қарауға тырысамыз.

– Көп айтылып жүрген жайт, мемлекеттік қызметтегі мамандардың мемлекеттік тілді білу деңгейіне талапты күшейту туралы болса керек…

– Әрине, бір кезеңдері кадр жетіскен жоқ, сондықтан ауызекі сөйлеп, сөйлемнің басын құрағандардың бәрін мемлекеттік тілді білетін кадр ретінде бағалап, қабылдадық. Ал бүгінде талап одан әлдеқайда жоғарылады. Сондықтан мемлекеттік тілді біліп, сөйлеу ғана емес, жазатын, сол мемлекеттік тілде ойлай алатын, өзінің саласындағы белгілі бір ірілі-ұсақты мәселелерді талқылай алатын, талқылап қана қоймай, халыққа жеткізетін, оңай түсіндіре алатын болуы тиіс. Міне, сондай талаптарды қоюымыз керек. Сонда ғана уақыт талабы бойынша іріктеледі, сөйтіп мемлекеттік тілді білетін қазақы қызметшілер тобы құралады деп ойлаймын.

 

Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жүзеге асыру бойынша 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарының 2.6-тармағын орындау мақсатында құжатайналымына мониторинг өткізіліп, қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының соттарында жалпы кіріс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі – 37%,бұл өткен жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда 30 %, яғни 7 % артқан, ішкі құжаттар – 93 %, былтырғы жылмен салыстырғанда 91 %, яғни 0,2 % артқан, ал шығыс құжаттары 2021 жылдың осы кезеңінде 99% болса, биыл 98 % құрайды, яғни 0,1 % төмендеп кеткен. Бұл көрсеткіштер өспелі қорытындымен, яғни 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап наурыздың 31-не дейінгі кезең алынып отыр.

– Өз тілінде сөйлеген адам «ұлтшыл» бола ма?

– Біз Ресейге барып қазақша сөйлеңдер деп талап ете алмаймыз, ол тұрмақ көрші өзбек, қырғыз еліне барып қазақша сөйле дей алмаймыз. Бұл заң тұрғысынан да, адами тұрғыдан да жалпыадамзаттық қағидаларға қайшы келеді. Ал енді біз өз елімізде, өз жерімізде отырып, мемлекеттік тілде, Конституцияда бекітілген ана тілімізде неге сөйлемеске? Егер оны Қазақстан азаматынан талап етпегенде, кімнен талап ете аламыз?

– Тілдің мәртебесіне жеткізетін көшті тежеген нәрсенің бірі латынға көшу емес пе? Бүгінде ата-аналар балаларын орыс мектепке бере бастады…

– Әліпбиді әрі-бері өзгерте беру қазақ тілінің мәселесін түбегейлі шешу емес. Әліпби адамның сыртқы киімі іспетті ғой. Сырт­қы киімін қанша өзгертсең де, оның ішкі мәні, ішкі өзегіне көп әсері бола қоймас. Оған дейін де латын, араб графикасымен жазып келді. Бұл – ғалымдардың бір жерге тоқайласып, бір шешімге келмеген мәселесі. Оның ішінде тілші-ғалымдар мен филологтардың арасында бірізділік жоқ. Латын қарпіне көшкен тіліміз әлемдік деңгейге көтеріледі деген пікірі дұрыс та шығар. Дегенмен кириллицамен дамыта алмаған тілімізді латын қарпі арқылы үйретеміз деу бірталай процесті шегеріп, кейінге ысыратын түрі бар.

Тіл саясаты деген нәрсе – біздің мемлекетте бар мәселе. Кедергі болып тұрған себебі алдындағы отарлық, одан кейінгі кеңестік кезеңнен келе жатқан үдеріс деп ойлаймын. Лондон саяси ғылымдар мен экономика мектебінің тіл орталығында бір жыл тәжірибеден өтіп келдім. Ол жақта тіл саясаты дегенді түсінбейді. Бірақ кіші ұлттар деген ұғым бар, олардың өз тілін сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан шаралары бар. Бізде ерікті түрде, қазақ тілін місе тұтпауымыздың салдарынан сондай шекте тұрған мемлекетпіз. Сондықтан бұл жалпыұлттық, мемлекеттік іс-шара болуы керек.

 

 

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button